Парламент мәжілісінде әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен әлеуметтік кеңес мұғалім мамандығының беделін артыру мәселелерін талқылады.

Сонымен, мұғалімнің беделін тек жалақысын көбейту арқылы ғана көтере аламыз ба?

Негізгі баяндама жасайтын білім және ғылым вице-министрі А.Аймағамбетов депутаттардан 15 минут уақыт сұрады. Бірақ, депутаттар «15 минут тым көп, 10 минут та жетеді, бұл жиында сұрақ-жауапқа көбірек уақыт бөлсек дұрыс болар еді» деді.

Халық қалаулыларының білім саласының жетістіктерінен гөрі мәселелеріне көбірек назар аударып отырғанын байқаған вице-министр баяндамасын 10 минутта оқып, осы саланың біраз проблемаларын ортаға салды.

Депутат Н.Жұмаділдаева педагог статусының төмендігі көптеген елдерде маңызды мәселе болып тұрғанын айтады. Яғни, жартымсыз жалақы, құрмет пен моральдік қолдаудың аздығы осы мамандықтың беделін төмен түсіріп тұр. Содан ба, қоғамда мұғалімге деген құрмет азайып келеді. Кейбір деректерге жүгінсек, үлкендердің 27 пайызы ғана балалар мұғалімдерді құрметтейді деп санайды екен.

Бұл жиынға өңірлерден біраз мұғалімдер шақырылған екен. Бірақ, сөз алған мұғалімдердің барлығы дерлік өз мәселелерін жеткізіп айта алмады. «Біссіміллә» дегеннен президенттің білім саласына жасап отырған қамқорлығын айтудан бастаған мұғалімдер өз жетістіктерін мақтанышпен жеткізумен ғана шектелді.

 Депутаттар олардың сөздерін бөліп, «мәселе айтсаңдаршы, қандай ұсыныс, ой-пікірлерің бар» десе де, өңірден келген ұстаздар білім саласының жетістіктерінен шырмалып шыға алмады. Тек Қарағанды облысы Осакаровка кенті №12 орта мектеп базасындағы тірек мектебінің орыс тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Азат Игенов ұстаздардың сенбілікке өте жиі шығатынын, ешқандай қатысы жоқ жиындарға жиі шақырылатынын, оқушыларды апарып залды толтырып отыратынын, газет-журналдарға мәжбүрлі түрде жазылатынын, электрондық журналды уақытылы толтыру үшін ауыл-аймақтарда интернеттің сапасы дұрыс емес екенін, соның салдарынан мұғалімдер электрондық журнал толтыру үшін ұзақ уақыт кезек күтетінін ашына айтты.

Бұл жиында кейбір ауылдарда мұғалімдердің жетіспейтіні, мұғалімдерге пайызсыз несие беру, мектептерде ер мұғалімдердің мүлдем азайып бара жатқаны, мүгедек балаларға білім беру жұмысының нашарлығы, әдіскерлердің жалақысының аздығы, басқа да мәселелер көтеріліп, кеңінен талқыланды.

Сұрақ-жауапқа көп уақыт қалдырып, жиынды бір жарым сағатта тәмамдаймыз деп регламент бекіткен бұл жиында сөйлеушілер көбейіп кетіп, сұрақ-жауапқа бір жарым сағатта әрең кезек тиді.

Депутаттар сауалында да мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы кеңінен қамтылды.

Оралхан ДӘУІТ

(Бұл жиыннан кең жазылған мақаланы газетіміздің бейсенбі күнгі нөмірінен оқи аласыздар)

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Үкімет ұстаздың айлығын неге дұрыс есептей алмайды?

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.