Өзбекстанның Қашқадария облысының Касан ауданында 64/51 колониясында жазасын өтеп жатқан 30 адам азапталған. Бұл туралы жазасын өтеушілердің туыстары хабарлады.

 Олар азапталғандардың денелеріндегі түрлі жарақаттарды көргенін айтып отыр. Дегенмен Өзбекстан ІІМ жазаны орындау мемлекеттік басқармасының өкілі колониядағы мұндай жағдай туралы мәлімет түспегенін мәлімдеген.

Колонияда жазасын өтеуші ағайындылар Фаррух Собиров пен Самандар Ориповтың әпкесі бауырларымен 8 қаңтарда кездескен.

«Олардың жағдайлары мүшкіл екен. Жылы киімдері жоқ, кездесуге резіңке аяқ киіммен шықты. Бастары жарылған, денелері көгерген. 4 қаңтарда кешкі сағат 7-де түрме бақылаушылары 30 адамды оқшау бөлмеге кіргізіп, тыр жалаңаш шешіндіріп, аязды күні таңғы төртке дейін оларды азаптаған», – деді жазасын өтеушілердің әпкесі.

Колонияда жаппай азаптау оқиғасы туралы естіген ата-аналар 12 қаңтарда Ташкенттен Қашқадария облысына жолға шыққан. 25 жастағы Самандар Ариповтың анасы Малохат Арипова 4 қаңтарда баласын ұрып-соғып, тұмсығын бұзғанын айтты.

«Колонияда біздің балаларды қорғаған «беделді» бар екенін естідім. Бұл адамды қоныс колониясына ауыстырған соң, түрме бақылаушылары қалғандарын қорғайтын ешкім қалмағанын айтқан. 30 адамды кісендеп, оқшау бөлмеде сабаған», — деді Арипова.

Жазасын өтеушілердің туыстары Қашқадария облысы прокуратурасына арызданған.

Бірақ ІІМ Жазаны орындау мемлекеттік басқармасы мұндай арыз түспеді деп отыр.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.