Ноғаев 4 сағат 46 минут мінбеден түспеді

803

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бір жылдың ішінде төрт мыңға жуық адамды жеке қабылдапты. Әкімнің босағасын аттағандардың тең жартысы одан  баспана немесе жер сұраған. Олардың бұл өтініштерінің қаншауын орындағанын әкім ашып айтпады. Алайда, Н.Ноғаев баспана сұрағандарға қалай жауап беретінін көпшілікке анық көрсетті. Мәселен, ақпанның 21-і күні әкім халыққа есеп берді. Әкім баяндамасын аяқтаған соң Роза Науғалиева есімді тұрғын  «Ембімұнайгаз» компаниясында 41 жыл жұмыс істегенін, кәсіпорыннан пәтер алмағанын жеткізді. «Үй салу үшін жер берілген, бірақ, несие қарызым бар, жерге үй салатын жағдайым жоқ. Үй салмасам, жерді әкімшілік тартып алмай ма?» деді.

Ал Рысқаным Айтбаеваның үйі бір кездері өртеніп кетіпті. Кейін үй кезегіндегі тұрғындар тізімінен әлдебір себептермен шығып қалған. Айтуынша, қазір он сегіз адам бір үйде тұрып жатыр. Облыс әкімі қарамағындағы қызметкерлерге «мәселемен айналысыңдар» деп қысқа қайырды.

Рауан Тұрғанбай есімді тұрғын Н.Ноғаевқа мүгедектерді  жұмыспен қамтудағы кемшіліктерді айта келіп, мекемелер жұмысқа алудағы 2-4 пайыз квотаны орындамай отырғанын жеткізді. «Облыс мүгедектеріне Ақтөбе облысы Алға қаласындағы санаторийге жолдама беріледі, алайда ол жер талапқа сай емес. Атырау облысынан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін шипажай ашылса жөн болар еді»,– деді Р.Тұрғанбай. Шипажайға кеңінен тоқталмаған әкім облыстағы 620 мүгедектің  590-ы жұмысқа орналасқан деді. Сондай-ақ, кейбір азаматтар ұсынылған жұмыстарды шетінен жақтырмай, жүрген жерлерінде шағымданып жүргенін айтты.

 Сондай-ақ, Рауан Тұрғанбай бір сөзінде «екі жылдан бері облыс әкімінің есебіне кіре алмай жүрмін, залда жиналғандар – арнайы шақырылған мекеме адамдары, қарапайым халық мұнда жоқ» деп салған еді.  Әкім бұл пікірмен үзілді-кесілді келіспей қойды.

Нығмет Малдыбай есімді тұрғын сөз алып,  «облыс әкіміне қояр сұрағым  жоқ, қызметіне ризамын. Тек бата бергім келеді» деді. Мінбеде 4 сағат 46 минут тік тұрып есеп берген Н.Ноғаев бата алудан бас тартпады.

Құралай ҚУАТОВА

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.