Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында 2 ауыл әкімінің мәселесі қаралды. 

Глубокое ауданы Фрунзе ауылдық округінің әкімі Базарбек Жаңабаевтың ісінен ши шығуына әлдеқашан жер астына көміліп, иесіз жатқан құбыры құрғыр түрткі болыпты. Үстінен түскен шағым бойынша жауап берген округ әкімінің сөзіне сүйенсек, Фрунзеге қарасты Винное ауылының тұрғынына кеңестік дәуірдегі шаруашылық тарағалы  қолданыстан шыққан құбырларды қажетіне жаратуына келісім берген. Бірақ, оның 30 метрін көктемде қар еріп, көше көлшікке айналмас үшін су ағызуға да керек болғандықтан, ауыл игілігіне беру керектігін ескертіпті.

-Бұл құбырлар 20 жылдан бері қараусыз жатыр. Тіпті бұрынғы Фрунзе кеңшарының балансында да жоқ еді. Мен нақты иесін таппаған соң, ауылдасыма қазып алуға келісім бердім. Тек оның 30 метрін ауылға бересің дегенім рас. Өйткені, көктемде көшелердегі суды ағызуға пайдалануға болар еді, — деп ақталды ауыл әкімі.

Бір қызығы әдеп кеңесіне құбырдың «жырын» ауыл тұрғындары емес, аудандағы қоғамдық кеңес белсенділері жеткізіпті. Бір қарағанда, әкімнің іс-әрекетінен ешқандай шикілік байқалмайды.

-Әкімнің басты қателігі – құбырлардың иесін анықтамағаны. Иесіз дүние болмайды. Егер қожайыны табылмаса, демек ол мемлекеттікі, — деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының ШҚО бойынша департаментінің басшысы,  Әдеп кеңесінің мүшесі С.Потанин.

Ауданның өз ішінде-ақ шеше салуға болатын мәселені облысқа дейін «қоңырсытқаны» үшін бе, әлде, қараусыз құбырдың кімге тиесілі екендігін анықтай алмағаны үшін бе, әкім Б.Жаңабаевқа әдеп кеңесі қатаң сөгіс беру туралы ұсыныс шығаруды жөн санады.

Әдеп кеңесінің отырысында одан ары қарай Шемонайха ауданы Верх-Уба ауылдық округінің әкімі Валерий Фещенконың заң аясына сыймайтын, белден баспақ болған іс-әрекеті талқыға түсті. Ауылды 2002 жылдан бері «билеп-төстеп» келе жатқан Фещенко өзінің аттасы жеке кәсіпкер Валерий Шевченконы аудандық орталық ауруханамен келісімшартқа отыруға міндеттемек болған. Өйткені Верх-Убадағы отбасылық-дәрігерлік амбулатория кәсіпкердің иелігіндегі ғимаратта орналасқан екен.

Әкім В.Фещенконың айтуынша, бұл ғимарат 2001 жылдан бері төртінші адамға сатылыпты. Оған жергілікті бюджет қаржысынан бірнеше рет жөндеу жұмыстары да жүргізілген. 2009 жылы бұл медициналық нысанды заңдастыру мақсатында тиісті құжаттар түгенделгенімен, дер кезінде тіркеуге алынбаған. Тағы бір белгілі болғаны, бүгінгі күнде емдеу мекемесі лицензиясыз жұмыс істеп тұр. Осы мәселені шешу мақсатында ауыл әкімі Шевченкодан ғимаратының бір бөлігін ОДА-ға жалға бергені туралы құжатқа қол қоюды өтінген. Ал кәсіпкер Шевченко әкімнің өтінішін орындаудан бас тартқан. Оның себебіне тоқталмай тұрып, алдымен ғимарат мекенжайының құжат жүзінде дұрысталмағаны да қынжылтады.

Мысалы, Шемонаиха аудандық сәулет бөлімінің және Әділет департаментінің, жер кадастры департаментінің мәліметіне сүйенсек, Шевченкоға тиесілі ғимарат Мир көшесі 2/1 деп көрсетілген. Ал отбасылық амбулатория Верх-Уба мәдениет үйі орналасқан Мир көшесі 2а мекенжайы бойынша тіркелген. Осындай шикіліктері бола тұра әкімнің кәсіпкерді күмәнді келісімшартқа қол қоюға шақыруы оның өз қызметіне көз жұма қарайтындығын көрсеткендей.

Әкімге қарағанда кәсіпкердің өз құқын жақсы білетіндігі байқалады. Оның бір дәлелін ет өнімдері мен арақ-шарап сататын сауда нысанының емдеу мекемесімен бір ғимаратқа орналасуының өзі ешқандай санитарлық талапқа да, көпшілік қызметіне де сәйкес келмейтіндігін көлденең тартуынан байқауға болады.

Әдеп кеңесінің отырысында ауыл тұрғындарынан Верх-Уба әкімінің кейде дөрекі сөйлейтіндігі туралы да шағым түскені айтылды. Ауылды 10 жылдан бері басқарып келе жатқан әкімді аудан әкімінің  аппарат жетекшісі Л.Марченко жұмысына оң баға беріп қорғауға тырысқанымен, онысынан ештеңе шыққан жоқ. Әдеп кеңесінің мүшелері Шемонаиха ауданының әкімі А.Тоқтаровқа ОДА-ны орналастыру мәселесін шешіп және В.Фещенкоға қызметіне толық сәйкес келмейді деген қорытынды шығарып, шара қолдануды ұсынды.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.