Кезінде КВН ойыны арқылы танылып, соңғы кездері кино түсіру ісімен көбірек айналысып кеткен Нұрлан Қоянбаев негізгі жұмысы – «Қазақстан» ұлттық арнасындағы бас продюссер және «Түнгі студия» бағдарламасы жүргізушісі қызметінен кетті.

«Бұл өз шешімім. Телевизияда үзіліс жасадым. 16 жыл істедім, барлық жақта толыққанды штатта істедім. Көптеген бағдарлама мен сериал түсірдім. Сосын бір уақытта үзіліс алу керек екенін түсіндім. Қазір боспын. Әрине, бірден ұсыныстар түсіп жатыр, бізде нарық шағын ғой. Ұсыныстар бар, бірақ әзірше қабылдауға асықпаймын. Телевизияда көп уақыт жұмыс істедім, әлденемен шұғылдансам, соңына дейін барамын. Сондықтан маған өте ауыр. Қазір шығармашылық демалыстамын» деп мәлімдеме жасаған Нұрлан Қоянбаев жобаның жаңа жетекшісіне сәттілік тіледі.

«Жаңа продюсерге, жүргізушіге сәттілік тілеймін. Бастысы дұрыс түсінгені, себебі бұл әдеттегі әзіл бағдарлама емес. Мұнда өз ісіне берілген қонақтар келеді. Әрбір қонақты сезіну қажет. Әрбір бағдарлама алдында өз саласының үздіктері келерде қатты уайымдайтынмын» дейді ол.

Енді Қоянбаев комедиялық фильмдер түсіруді жоспарлап отыр екен.

Біз Нұрлан Қоянбаевтың өзімен тілдеспек болып, ұялы телефонына қанша телефон шалсақ та жауап бермеді. Тіпті whatsapp, смс арқылы жазған хабарламамызға да жауап болмады. Соған қарағанда Н. Қоянбаев бәрінен демалғысы келген сияқты…

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.