Ел ішінде Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев туралы әр түрлі әңгімелер бар. Біреулер «Ағайынды Рысқалиевтер шетелге қашып кеткен» десе, енді біреулері «Олардың көзін жойып, Бурабайда көміп тастаған» деген жорамалдар жасайды. Әйтеуір, экс-әкім Бергей Рысқалиев пен мәжілістің экс-депутаты Аманжан Рысқали шетелге қашып кеткелі бері олардан ешқандай хабар болған емес. Өздері де жылт етіп көрінген жоқ. Тым-тырыс. Өлі тыныштық.

Рас, «Рысқалиевтерді Лондоннан көріпті, бір кафеде кофе ішіп отыр екен» дегендер де болған. Нақтырақ айтсақ, Бергей Рысқалиев пен оның ағасы Аманжан Рысқалиді Knightsbridge метро стансасынан алыс емес жерде, Raphael Street, 5 көшесінің бойында орналасқан лондондық Zuma дәмханасынан көрген. Бірақ, ешкім сене қойған жоқ. Негізі Бергей Рысқалиевтің отбасы бұрыннан Лондонда тұрады.

Одан кейін осыдан екі жылдай уақыт бұрын Бергей Рысқалиевтің видеобайланыс арқылы Атырау қаласындағы бір пәтерде өткен кішігірім тойдың куәгері болғаны туралы видео тараған болатын. Бұл видео 2016 жылдың желтоқсан айында жарияланғанымен тойдағылар жаздық көйлекпен жүр. Атырау қаласы шағын, сондықтан видеодан өзін танығандар мұның 2016 жылдың жазында түсірілгенін нақтылаған. Бірақ, бұл жағдай да аяғына дейін тексерілмей, анық-қанығы белгісіз күйде қалды.

Енді міне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевке қатысты қылмыстық істі қарап жатыр. Айта кетейік, бюро экс-әкімнен басқа Рысқалидің, Әлбақасовтың және тағы да басқалардың ісін тергеуде. Мамандардың хабарлауынша, тергеу барысында бұрынғы әкім мен оның сыбайластарының заңға қайшы әрекеттермен айналысқанын дәлелдейтін деректер анықталды. «Жиналған материалдар күдіктілердің заңға қайшы жасалған, қылмыстық топ құру және оны басқару, лауазымды асыра пайдалану, мемлекеттік мүлікті және бюджет қаражатын алаяқтық жолмен тонау және иемдену, пара алу, сонымен қатар, оны кейін заңдастыру әрекеттерін дәлелдейтін мәліметтерді табуға жол ашты» делінген хабарламада. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР ҚПК 208-бабы 1-бөлігіне сәйкес, күдікті шақырту арқылы тергеуге шақырылады. Алайда, Рысқалиев, Рысқали, Әлбақасов және өзге де күдіктілердің Қазақстан Республикасынан тыс жерде болуына және келуден жалтарғандарына байланысты, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ҚПК 205-бабы 3-бөлігін басшылыққа ала отырып, күдіктілерді тергеуге шақыртуды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялады. «Күдікті Рысқалиев, Рысқали, Әлбақасов, Желдібаев, Ізбасар, Сүлейменов, Жолмағамбетов, Теміралин және Даневич жедел-тергеу тобы олардың қатысуымен тергеу шарасын өткізу үшін, 2018 жылдың 2 наурызы сағат 10.00-ге дейін, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Сейфуллин көшесі, 37 мекенжайында орналасқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының әкімшілік ғимаратына келуі тиіс» делінген хабарламада.

Шынын айту керек, ағайынды Рысқалиевтер туралы қылмыстық іс елдің есінен шыға бастаған да болатын. Біздің биліктің аяқ астынан бұл істі қайтадан тірілтіп, күдіктілерді сотқа шақырғанына қарағанда ағайынды Рысқалиевтер бір жерден шаң беріп қалды ғой деймін. Әлде Рысқалиевтерді де Әблязовпен байланыстыратын тың бір фактілер табылып қалды ма екен? Кім біледі…

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.