Соңғы жылдары ел билеудегі тосын әркеттерімен елді таң қалдырып, әрі күлкісін келтіріп жүрген Түркіменстанның президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов тағы бір ерекше бұйрығымен мемлекеттік қызметкерлерді әбігерге салып қойды.

Енді Түркіменстандағы әр мемлекеттік кәсіпорын жаппай веложарысқа қатысу үшін орташа есеппен үштен алты адамға дейін жіберуі тиіс. Және ол адамдар өз есебінен велосипед сатып алатын болады. Велосипед тым қымбат болғандықтан елдегі кейбір мекемелерде велосипедтің ақшасын ұжым болып ортақтасып төлеп сатып алуды ұйғарыпты.

Түркіменстанда велосипед шығаратын зауыт жоқ, бір велосипедтің бағасы 3000-4000 манат (375 мың теңгеге жуық) болады.

Тағы бір айтары, басшылықтың бұйрығы бойынша, сатып алынатын велосипед міндетті түрде ақ түсті болуы тиіс. Өйткені ақ түс – Бердімұхаммедовтың жеке басына табынудың нышанына айналған.
Енді мемлекет сәуір айына веложарыс ұйымдастырып отыр. Ел басшысы, үкімет пен парламент мүшелері, әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер, мемлекеттік қызметшілер мен студенттердің қатысуымен өтетін жаппай велошеру жыл сайын өтетін дәстүрлі «Денсаулық пен бақыт» айлығын бастайды.

Ал, осы кезде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен құрылған «Астана» велоклубы қаржыдан тарлық көріп, жабылу алдында тұр деген ақпарат тарады. Бұл туралы команданың бас менеджері Александр Винокуров айтқан.

«Өте қиын ахуал қалыптасты. Бізбен келісімге отырған 30 шабандоздың алдында алған міндетіміз бар. Жаттықтырушылар, дәрігерлер, массажистер, механиктер мен тағы басқаларын қосқанда 50 адамнан асады. Жарыс өтетін жерге ұшып бару, онда тұру, логистика – осылардың барлығына керек шығынды кейінге ысыруға болмайды, қаржыландыру кешіксе команданың жұмысы тоқтап қалады, ал алда маусымның ең маңызды жарыстары тұр» дейді бұл жөнінде А. Винокуров.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.