Ақтөбе облысының Хромтау ауданында жолаушылар автобусы аударылып, бірнеше адам жараланды. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің 26 ақпан күні хабарлауынша, жол апаты 25 ақпан күні сағат 20:40 шамасында Хромтау ауданының Жазық ауылы тұсында «Самара – Шымкент» жолында болған.

«Оңтүстік Қазақстан облысының 35 жастағы тұрғыны Mercedes маркалы автобусымен Ақтөбе жақтан келе жатқанда рөлге ие бола алмай, автобус жыраға түсіп кетіп, аударылған. Салдарынан автобуста болған Өзбекстанның жеті азаматы түрлі жарақат алып, Хромтау аудандық орталық ауруханасына түсті» делінген хабарламада. Ресми мәлімет бойынша, автобуста 25 жолаушы болған.

Жол апаты бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігі («көлік құралын басқаратын адамның жол ережесін немесе көлік құралын пайдалану ережесін бұзуы») бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Ақтөбе облысында жыл басынан бері қалааралық жолаушылар автобусы осымен екінші рет апатқа ұшырап отыр.

18 қаңтар күні Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықтықта Шымкент – Самара жолында жолаушылар автобусы өртеніп, Өзбекстанның 52 азаматы қаза тапқан. Автобуста барлығы 57 адам – 54 жолаушы мен екі жүргізуші болған. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.

zhasalash.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.