Мәжілісте «Орта білім берудің өзекті мәселелері» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Жиын бастала салысымен-ақ мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан білім министрлігінің өкілдерін сұрақпен төпелеп, әбден састырып тастады.

– Қазақстанның білім беру жағдайы қазір өте ауыр, – деді Бекболат Тілеухан. – Қабілеті бар балалар әліппені 22-24 күнде оқып шығады. Басқа балалар ары кеткенде 60 күнде аяқтайды. Ал, менің баламның әліппені оқып келе жатқанына 7 ай болды… Балам таңертеңнен кешке дейін мектепте. Осы оқулықтар үшін кім жауап береді деп  кезінде министрге де айтылған. Оқулықтар шығаруды түрлі баспалар тендер арқылы алады. Жекеменшік баспаларға бүкіл ұлттың тағдырын сеніп беріп тастау не деген масқара? Әңгімені осыдан бастау керек қой. Сіздер «жаңаланған бағдарламалар» деп бүкіл назарды басқа жаққа аударып, қиыс шауып кетіп бара жатырсыздар. Негізі, шын мәнінде, білім саласындағы жағдай өте ауыр. Ел көріп отыр, жұрт сұрап жатыр. Балаларымыздың миы ашып кетті, мектепке таңертеңгі сағат сегізде кетіп, кешкі сағат бесте келеді деп… Бұрынғы балалар сабаққа да қарайтын, малын жайғап, арасында ойнап, ата-анасымен қауышып, бәріне үлгеретін. Ал, қазіргі балалардың уақыты жоқ, бір әліппені 7 айдан бері кеміріп жатыр. Бұл не масқара? Осыған жауап беріңізші.

Депутаттың сұрағына білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов жауап беруге тырысты.

Бекболат Қанайұлы, әліппе бойынша айтсақ, менің де балам 2-сыныпта оқиды. Бірінші сыныпта балам сол әліппені оқыды. Өзім оқыттым. Ата-ана болғаннан кейін сабағын қадағалайсың, оқулықтарын бірге оқисың… Соншама қиын болды деп айта алмаймын. Ахмет Байтұрсынов жүйесі бойынша әріптерді апробациядан өткізіп жатырмыз. Бұл өте керемет жүйе…

– Жоқ, сіз мынаған жауап беріңізші… Бала орта есеппен алғанда әліппені 40 күн оқиды… 7 ай болды, менің баламның миын неге ашытасыздар? Балалардың миын неге ашытып жатырсыздар? Неге ол балалар 40 күнде әліппені оқып тастамайды? Балалар түске дейін сабақта болып, неге түс қайта спортқа бармайды, неге дзюдоға қатыспайды, неге ойнамайды, неге домбыра тартпайды, неге әке-шешесінің бауырында болмайды? Таңертеңнен кешке дейін менің балам мектепте… Мен баламды көп көруге мүмкіндігім жоқ. Ата-анасы ретінде балаға жылу беруге мүмкіндігім жоқ. Сонда қандай балалар өсіп келе жатыр?

Бекболат Қанайұлы, кеңес одағының кезінде де балалар әліппені 40 күнде оқыған жоқ.

– Кеңестің кезінде жыл сайын 10-желтоқсанда әліппемен қоштасу рәсімі болатын. 1970 жылдың 10-желтоқсанында Бекболат Тілеуханов деген оқушы бала әліппемен қоштасқан. Арасында каникул бар, мейрамдарда балалар демалды, сонда орта есеппен 40 күн шықпай ма? Осыған жауап берсеңізші… Неге басқа нәрселерді тыға бересіздер?

Мұның бәрі типтік бағдарламаға байланысты…

– Яғни, типтік бағдарлама қате. Ол бағдарламаны өзгертуге болады. Осы келгендердің барлығы шошқа тағалап келген жоқ. Ол бағдарламаны өзгертейік.

Аймағамбетов жеткізіп айта алмағаннан кейін жиынға қатысып отырған бір мұғалима жағдайды түсіндіруге тырысты:

– Құрметті, Бекболат Қанайұлы, сіздің ұлтжандылығыңызды өте жақсы білеміз. Мен 1995 жылдан бері бастауыш сыныптың мұғалімі болып жұмыс істеймін. Ол жылдар 3 жылдық бастауыш сыныбы болды. Бірақ, көп нәрсеге мүмкіндік берілген жоқ. Қазір әліппеде әр әріпті өту үшін ең кемінде екі сағат уақыт беріледі. Қазақ тілінде артикуляциясы қойылуы қиын дыбыстар бар. Өйткені бала әріптің жазбаша таңбасымен де танысуы керек. Бас әріп, кіші әріп дегендей… Қазіргі мектепке көбісі алты жастан барған балалар жазу кезінде тез шаршайды. Егер сыныпта қабілетті балалар отырса, әліппені оқу мерзімі қысқарар еді. Жалпы білім беретін мектептің ешбірінде, соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы 3 кезеңде оқып жатқан балалар қалайша таңертеңгі сағат 8-ден кешкі сағат 5-ке дейін сабақ оқиды? Бұл мүмкін емес. Бірінші сыныпта аптасына 22 сағат. Бірінші жарты жылдықта 35 минут, екінші жартыжылдықта 45 минуттен оқытып отырмыз. Сіздің балаңыз кешке дейін қалай сабақ оқып жүргеніне мен де таң қалып отырмын?

Мен де білмеймін… Астана қаласында Нұр Орда мектебінде Тілеуханов Бекболатұлы деген бала таңертеңгі сағат 8-ден кешкі сағат 5-ке дейін сабақ оқиды.

– Нұр Орда жалпы білім беретін мектеп емес.

Мен не айтып отырмын, сіз не айтып отырсыз? Қобызым не дейді, аузым не дейді деген болып кетті ғой. Бастықтарыңызды қолдағаныңыз дұрыс-ақ. Жалақы алып жүрсіз… Менің сұрағым вице-министрге еді. Ол «типтік бағдарлама осындай болғаннан кейін ешқайда шыға алмаймыз» деді. Түсіндім. Ендеше типтік бағдарламаны өзгертуді келесі жолы мәселе етіп қою қажет. Жиналыстың шырқын бұзбай-ақ қояйын. Шырқын бұзу үшін келгенім жоқ.

Оралхан ДӘУІТ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.