Кеше ғана президент Н. Назарбаев ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдап, қазақ тілінің мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет екенін айта келіп, «парламент пен үкіметтің қызметі тек мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс» деген болатын.

Президент пәрмен берген соң үкімет таза қазақша сөйлеп шыға келді. Ертеңінде өткен үкіметтің жиналысында сөйлегендердің барлығы дерлік мемлекеттік тілде жасады. Кейбір министрлер баяндамасын ежелеп оқыса да қазақ тілінде аяқтап шықты. Рас, білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев арасында орысша араластырып сөйледі. Тек аймақтардың арасынан сөз алған Ақмола облысының әкімі Мәлік Мұрзалин ғана әңгімесінің басын қазақша бастағанымен, бес-алты ауыз сөзден кейін ресми тілге ауысып, жағдайдың бәрін орыс тілінде баяндады.

«Мұсылман болу әсте-әсте» демекші, бастан-аяқ қазақша сөйлеп, мемлекеттің тілдің мәртебесін көтерген үкіметтің бұл жиынына әлеуметтік желілерде сүйсініп жатқандар көп. Шынында президент тапсырса, үкімет мүшелерінің бәрі де қазақ тілінде сайрайды екен.

Сонымен президенттің тапсырмасы алғашқы күні орындалды. Енді ары қарай қалай болар екен? Үкімет үйінің төріне шыққан қазақ тілінің мәртебесі үнемі биікте желбіреп тұрса, қанеки.

 Оралхан ДӘУІТ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.