Жұрттың бәрі «Тұңғыш рет үкіметтің жиыны таза қазақ тілінде өтті» деп алақайлап, президенттің «парламент пен үкіметтің қызметі тек мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс» деген тапсырмасының орындалғанына қуанып жатқанда ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұл мәселеге басқаша түсінік берді.

Министрдің айтуына қарағанда, үкіметте орыс тілінде сөйлеуге ешкім тыйым салмаған.

«Менің түсінуімше, мемлекет басшысы үкімет пен парламентте біз мемлекеттік тілге көшетінімізді айтқысы келді. Менің ойымша, бұл мемлекеттік тілді меңгеру саласына қатысты сұрақ. Біз үкімет пен парламентте қазақ тілінде сөйлейтіндей жағдайға көшуіміз керек. Бірақ, «тек қана» деген сөз менің білуімше айтылмаған. Демек, бұл Қазақстанның әрбір азаматының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне байланысты» дейді министр.

Яғни, Дәурен Абаевтың айтуынша егер үкімет мүшесі өз ойын орыс тілінде жеткізуге құлықты болса, орысша сөйлеуіне болады. Сонымен қатар, министр отырыстарға қатысатын тілшілерге синхронды аударма әзірленгендігін, ал онлайн-көрілімдегі көрермендер үшін мұндай аударма қарастырылмағанын тілге тиек етті.

Сонымен, қазақша білмейсің бе, ресми тілде сөйлей беруіңе әбден болады. Бұл қазақша жақсы сөйлей алмайтын кейбір үкімет мүшелеріне алдын-ала жасалған жеңілдік пе? Жоқ, әлде президенттің нақты тапсырмасынан кейін де өзге ұлттардың жағдайына алаңдап, алдын-ала жасалған сақтық па? Соған қарағанда президенттің бұл тапсырмасы да «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп айтқаны сияқты елеусіз қала ма деген қауіп бар. Осыдан кейін біздің үкімет бірте-бірте бәз-баяғы қалпына түспесін деңіз…

Оралхан ДӘУІТ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.