АҚШ сарапшылары Тәтішевті Тоқмәди атқан дейді

926

АҚШ сарапшылары Тараздағы «Тоқмәди сотында» жауап беріп, оқтың қандай қашықтықта атылғанын баяндады. Бүгінде Таразда жұртшылық «Шыны королі» атап кеткен қылмыс әлеміне «Мурка» лақап атымен таныс Мұратхан Тоқмәдиге қатысты сот отырысы өтіп жатқаны белгілі. Он үш жыл бұрын «аңшылықта абайсызда қаза тапты» деп жылы жауып, бүркемеленіп келген банкир Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты сол кезде біраз ақпараттың бұрмаланғаны алғашқы сот отырысында-ақ айтылған болатын.

Кезекті сот отырысында жәбірленуші Тәтішевтер отбасының мүддесін қорғауына алған адвокат Евгений Яворский 27 ақпандағы сот мәжілісінде АҚШ-тан арнайы келген сарапшы-мамандар Майкл Патрик Мерфи, Ирис Делли және Скот Майкл Перкинстен куәгер ретінде жауап алу туралы өтініш берген еді. Судья жәбірленуші тараптың өтінішін қанағаттандырып, бүгінгі сот отырысында американдық үш сарапшы-маманның жүргізген сараптама қорытындысы тыңдалды.

Майкл Патрик Мерфи:

-Бұл салада 25 жылдан бері қызмет етіп келемін. Осы уақыт ішінде 100-ден аса қылмыс бойынша сараптама жасадым. Ал осы іске байланысты сараптама нәтижесіне келер болсам, оқ өте қымбат қарудан атылған. Мұндай қарудың сақтандырғышын (предохранитель) арнайылап ашып, шүріппесін баспаса, өзінен-өзі болмаса саусақ тиіп кеткеннен атылып кетуі мүмкін емес жағдай.

Ирис Делли:

— Мен негізінен отты қарумен жасалған қылмыстарға қимыл-қозғалыс негізінде сараптама жүргіземін. Бұл бойынша айтарым, қаза тапқан адамға оқ небәрі  6-12 сантиметр арақашықтықтан тиген. Яғни, оқ атқан адам қаруын қаза тапқан кісінің басының артқы бөлігіне (оқ тиген жерді қолымен көрсетіп) өте жақын ұстаған. Мұны жазатайым оқиғаға санауға мүлде болмайды, қимыл-қозғалыс негізінде бұл кісі өлтіруге оқталған адамның әрекеті екеніне айғақ болады.

Скот Майкл Перкинс:

— Біз оқиға болған Қордай ауданына бардық. Алматыда қылмыстық іспен таныстық. Сараптама жүргізуді бастағаннан-ақ бұл кісі өлімінің жазатайым оқиға болуы мүмкін емес екеніне көз жеткіздік. Мұның бір мысалы, әдетте өздері ғана аңшылыққа шығып келсе, сол күні оқ атқан адам жол бойы біреулерге хабарласып, өзімен бірге жүруге үгіттеген. Ал негізгісі қаза тапқан кісінің басының оқ тиген жері мен қарудың арақашықтығы өте жақын болғаны.   

Бүгінгі сотқа АҚШ-тан арнайы келген сарапшы-мамандардың ықшамдап алғандағы пікірі осындай. Кезекті сот отырысынан кейін жәбірленуші Тәтішевтер отбасының адвокаты Евгений Яворскийден «Алдағы сот отырыстарында тағы кімдерден куәгер ретінде жауап алуға өтініш бересіздер? Мысалы, Е.Тәтішевтің жақын бауырлары, жұбайы куәгер ретінде жауап беруі мүмкін бе?» деген сауалға:

Оны жоспарламадық. Біз АҚШ-тан арнайы келген тәуелсіз сарапшы-мамандардың жүргізген сараптама қорытындысын сотта жария етуді сұрадық. Олар осындай қылмыстық істердің талайын ашқан тәжірибелі мамандар. Біз тәжірибелі мамандардың пікіріне сүйенгенді жөн көрдік,- дейді адвокат.

Еске сала кетейік, Мұратхан Тоқмади Таразда басталған соттың алғашқы отырысында Тәтішевті Мұхтар Әбілязовтың тапсырысымен өлтіргенін мойындап, ол үшін 4 миллион доллар алғанын айтқан болатын. 78 томнан тұратын, жүзден аса куәгерден жауап алынатын бұл қылмыстың іс бойынша сот отырысына қашан нүкте қойылатыны әлі белгісіз.

Нұрболат ӘЛДИБЕК

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.