Исекешовтің жиынында шу шықты

1011

Астана қаласының əкімі Əсет Исекешовтің есептік жиынында шу шықты. Залда отырған бір топ үлескерлер əкімнің баяндамасы біте салысымен микрофонға ұмтылып, шу шығарды.

Исекешовтің жиынында шу шықты

Биылғы есеп беру жиынының бір ерекшелігі — сұрақ беретін тұрғындар алдын-ала хатшылыққа тіркеліп, арнайы нөмір алу қажет. Тіркелген кезде арнайы анкетаға аты-жөніңді, ұялы телефоныңның нөмірін жəне не сұрақ қоятыныңды жазу керек.

Осылайша əкімге сұрақ бергісі келген 170-тен астам адам арнайы нөмір алған. Жиынға келген үлескерлер бұл тəртіпке көнгісі келмеді. Қала əкімі шу шығарушыларды ə дегеннен танып, сабырға шақырып, дау боп жатқан «Азбука жильяның» мəселесі қаржылық тексеруден кейін бір жақты болатынын айтты. Бұған көнбеген үлескерлер залда əлі де шу шығаруда. Əкімдік қызметкерлері қанша тырысса да шу шығарушыларды тыныштандыра алмай жатыр.

Қала əкімінің айтуына қарағанда, Астанада үлескерлерге қатысты 100 проблемалы нысан бар. Қазір соның 51-інің мəселесі шешілмеген. 39-ының құрылысы мүлдем тоқтап тұр.

Исекешовтің жиынында шу шықты

Ə.Исекешов жиын біткен соң үлескерлермен жеке кездесіп, қабылдаймын деп уəде берсе де жиынның шырқын бұзғандар əлі де сабырға келер емес. Сұрақ берушілер арнайы нөмір алып, кезегімен шақырылып жатса да микрофонға таласушылар көп.

Парадокс жағдай. Залдың балконында үлескерлер айқайлап, шу шығарып жатса, залдан сөз алған Қарлығаш Тұрсынбекова деген азаматша «Азбука жильяның» атынан əкімге алғыс айтты. Мұны естіген балкондағы үлескерлер тіптен дүрлігіп, ысқырып, айқайлап кетті. Ақырында əкімге алғыс айтып жатқан азаматшаның микрофонын өшіріп тастауға тура келді. Әкім үлескерлерге кезектен тыс микрофон беруге мəжбүр болды. Бір үлескер өз жанайқайын жеткізді. Ары қарай сөйлеушілер де болған еді. Қолында нөмірі бар сөйлеушілер бұған наразы болып, айқайлай жөнелді. Үлескерлер əкімге «Бізге пəтер керек емес, ақшамызды қайтарыңыз. «Ордаинжиниринг» құрылыс компаниясына сенбейміз» деп айқайлады.

Исекешовтің жиынында шу шықты

Шынында жиынның шырқы бұзылып, бақылаудан шығып барады. Жиынды жүргізуші «Сұрақ беруді доғару, жиынды аяқтау» туралы ұсыныс тастап жатыр. Айқай-шу болып жатқанды пайдаланып, залда отырғандардың біразы кетіп қалды.

Оралхан ДӘУІТ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.