Шымкенттегі Орталық стадион аумағынан базар салынбайтын болды. Мұны базар салу жөніндегі идеяның авторы ««Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясының басшылары мәлім етті.Жуырда әлеуметтік желіде стадионда базардың салынуына қарсы посттар жазылған болатын. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, қазіргі уақытта кәсіпікерлікпен айналысатын Болатбек Әлиев:

— Бір кездері стадионда базар жұмыс істеген. Бұл жерде базардың болуын «сатышулардан түсетін аренда ақысы футбол командасын ұстап тұруға жұмсалады» деп түсіндіретін. Осы базардан әзер дегенде құтылғанбыз. Мырзахметовтың кезінде біз стадион аумағында спорттық нысандарды салдырттық. Қазіргі қала әкімі бұған қалайша келісімін беріп жүр? Базарларды қаланың сыртына көшіруді қолға алып жатқан кезде әкімдік неге шала бүлінді? Әкім мырза, маған стадион аймағының егжей-тегжей жоспарын көрсетіңізші, онда сауда нысандары бар ма екен? Жоқ әлде бұл айналдырған 2-3 адамның шешімі ме?… Менің күмәнім бар, ешқандай да сараптама жоқ бұған,-деп жазған еді.

Артынша «Шымкент» ӘКК» ҰҚ басшылары стадион аумағынан ешқандай базардың салынбайтынын мәлім етті. Басшылардың айтуынша, алғашқыда расында да стадионнан базар салу жөнінде жоба болған. Корпорация  Шымкент қаласы әкімдігінен стадион аумағынан  жер бөлуді сұраған.  Алайда, бұл ұсыныс қаланың бас жоспарына сәйкес келмегендіктен, қалалық әкімдік қарсылық білдіріпті.

2011 жылы құрылған «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясының құрамында қазір «Оңтүстік» индустриялдық аймағы, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы сияқты нысандар бар. Корпорацияның басқарма төрағасы Т.Алдажаровтың айтуынша, компания тек былтыр ғана «плюсқа» өтіп, 40 миллион теңгедей пайда тауыпты. Ал оған дейін тек шығынмен жұмыс істеп келген. Облыстың экономикасына тың серпін береді деген корпорация биыл 20-дан астам жобаны қолға алған.

Айта кетері, бір кездері «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы да құрылып,  көптеген өндірістік, ауыл шаруашылығы жобаларын қолға алған болатын. Өкінішке қарай, бұл корпорацияның бүгінде аты да, заты да жоқ. Корпорацияның қанша қаржыны құрдымға жібергені де белгісіз.

Бақытжан ДӘУІТОВ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.