Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты бойынша айыпталушылар соңғы сөздерін айтты. Айыпталушылардың көбісі қысқа ғана сөйлеп, өздеріне тағылған айыптарды мойындап, соттан жазаларын жеңілдетуді сұрап, бұдан кейін ешқашан да қылмыс жасамайтындарын айтып ант-су ішсе, Бишімбаев 1 сағат 15 минут сөйледі.
«Байтерек DEVELOPMENT» АҚ-ның атқарушы директоры Дильрух Анарбай президенттен кешірім сұрап, істеген ісіне өкінетінін білдіріп «маған 5000 айлық есептік көрсеткіші көлемінде айыппұл жаза кесуіңізді өтінемін» деді.
Ал, тараздық нотариус Одылжан Акрамов мемлекеттік айыптаушылардың обьективті жұмыстары үшін алғысын білдіріп, бұрын ешқандай қылмыстық жауапкершілікке тартылмағандықтан соттан өзіне өмір бойына нотариус қызметімен айналысуға тыйым салуды сұрады.
«Байтерек DEVELOPMENT» АҚ-ның төрағасының бұрынғы орынбасары Аслан Жақыпов қылмысты бірінші мәрте жасап отырғанын айтып, соттан «Бас бостандығымнан айыру жазасына кеспеуіңізді сұраймын. Сенімдеріңізді ақтаймын» деген өтінішін жеткізді.
Ал, Бишімбаев өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын, бұл іс бойынша өз пайымдары мен болжамдарын жариялап, бұл іс барысында кімге жолығып, кіммен сөйлескендерінің уақытын минут-секундына дейін айтып шықты. Ол бұл жолы да өзінің пара талап еткен немесе басқа да мақсатта жазылған не аудиожазба, не бейнежазба жоқ екенін алдыға тартты. Мердігер компаниялардың қаржылық операцияларына заңдылық жағынан баға беріп, бүге-шүгесіне дейін талдады.
— Мен мемлекет басшысына және Қазақстан халқына 1,1 млрд теңгені жымқырмағанымды жеткізгім келеді. Ешкім жымқырған жоқ. Кеткен шығын 4 есе көлемде жабылды. Ол менің қалтамнан емес, банктің есебінен жабылды, — деді Қуандық Бишімбаев.
Тағы бір айтары, Бишімбаев Мұратхан Тоқмади туралы да айта кетуді ұмытпады. Оның айтуына қарағанда ол осы істі айыптаған, енді міне, мақсатына жетіп, шыны зауытының құрылысы тоқтап тұр. Тіпті «Бүкіл айыптау бір адамның сөздеріне негізделіп құрылды, қазір оның өзі сотталушы боп отыр» деп салды.
Бишімбаев «Болашақ» бағдарламасы бойынша жақсы білім алуға мүмкіндік жасағаны үшін мемлекет басшысына алғысын білдірді.
— Құрметті судья, мен өзімді айыптымын деп есептемеймін, барлық материалды мұқият оқып, мені ақтауыңызды өтінемін. Мен ұялатын ештеңе жоқ. Мен мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін жұмыс істедім, — деді ол сөзінің соңында.

Оралхан ДӘУІТ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.