Мақтаарал ауданының орталығы Жетісай қаласының әкімі Байдуалы Базарбаевтың парамен ұсталғаны ақпан айының ортасында белгілі болған еді. Ресми ақпарат енді таратылды.
Б.Базарбаевтың ұсталғанын Мақтаарал аудандық сотының бас маманы Талғат Шахитдинов растаған. Бұл туралы ERNUR.KZ тілшісі хабарлады.
Үстінен пара алу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған әкім 13,5 миллион теңге кепілақымен бостандыққа жіберілген. Айыпталушының бас шарасын белгілеу жөніндегі қаулыны сот 20 ақпанда шығарған.
Б.Базарбаевтың ісі Мақтаарал аудандық сотына 27 ақпанда келіп түскені белгілі болып отыр. Тергеу амалдарының өте тез біткеніне қарағанда айыпталушының ісі аса күрделі емес сияқты. Әзірге оның параны не үшін алғаны белгісіз. Балабақша меңгерушісінен алыпты деген рас-өтірігі белгісіз сөздер айтылады. Белгілісі — параның көлемі 200 мың теңге.
Байдуалы Базарбаев былтыр қаңтарда Жетісайда құны 3 миллион 140 мың теңгелік дәретхана ашумен есте қалған шенеунік. Бұл туралы «Жас алаш» газетінде арнайы материал жарияланған-ды.
Әжетхананың ашылу салтанатына біраз жұртты жинаған әкім игілікті іс үшін Мақтаарал ауданының әкімі Ғалым Исмаиловқа алғыс айтып, осындай дәретхананың алдағы уақытта қаланың бірнеше жерінен ашылатынын мәлім еткен еді. Ал Мақтаарал аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі Жетісайдағы осы жағымды жаңалықты ақпарат құралдары арқылы жарнамалаған болатын.

Бақытжан ДӘУІТОВ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.