Жұртшылық президенттің ақпан айының соңында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдау барысында «Пар­ламент пен Үкіметтің қызметі тек мем­ле­кет­тік тілде жүргізілуі тиіс» деген тапсырмасын қызу талқылауда. Іле-шала Мәжіліс пен Үкімет отырысы жаппай қазақ тілінде өткізіліп, тілін сындырмаған депутаттар мен министрлер де табылып, қазақ тілін үйретуші мамандарға деген сұраныс аяқасты күрт өскен.

Жалпы биік мінберден мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру туралы мәселенің қойылуы бір бүгін емес. Ел ағалары есіне түскенде бұл тақырыпқа ауық-ауық бір соғып қоятыны бар.

Бірақ, сол мәлімдемелерін соңына дейін жеткізіп, нәтиже шығарған бірде-бір саясаткерді көрмедік. Айталық, 2003 жылы сол кездегі мемлекеттік хатшы Иманғали Тасмағамбетов барлық деңгейдегі әкімдер мен министрлердің басын қосып бірнеше дүркін жиын өткізді. Жыл сайын мамыр айында осындай жиындар өткізіп, мемлекеттік тілдің жайын сөз етеміз деп уәде берген еді. Уәде уәде күйінде қалды. Кезінде мемлекеттік хатшы қызметін атқарған Оралбай Әбдікәрімов те мемлекеттік тілдің көсегесін көгертуге талпынып, бірнеше жиын өткізген еді.

Кейін бұл мәселе Үкімет басшылары деңгейінде қолға алынды. Даниял  Ахметов премьер-министр болған жылдары мемлекеттік тілге қатысты бірнеше жиын өткізген болатын. Көп ұзамай мәселеге Кәрім Мәсімов араласты. Премьер-министр тағына отырысымен, мемлекеттік тілді тікелей өзі қадағалайтынын айтып, «Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөнінде» комиссия құрды. Оған өзі тікелей басшылық етті. 2007 жылды «Қазақ тілі» жылы деп жариялады. «Осыдан былай үкіметтік деңгейдегі жиындардың бәрі тек қазақ тілінде өтетін болады» деген оның мәлімдемесінің ғұмыры бір жылдан аспады. Кейбір министрліктер алқа мәжілісін мемлекеттік тілде өткізіп, біраз дүрбелең тудырғанымен, өміршең сипатқа ие бола алмады.

2006 жылы Нұрсұлтан Назарбав Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында «Аюдың да тіл үйренетін кезі жеткендігін айтып, уәзірлерінің әлі тіл сындырмай жүргендігін сынағаннан кейін, жоғары жақта тағы да абың-күбің басталып еді. Тіл үйрену курстары ашылып, олардың тұсаукесері жасалып, бүкіл министрлер кабинеті қазақша сөйлеп кететіндей сезімде болғанымыз анық. Өйткені, осы жиында Елбасы: «Мемлекеттік тілді білмейтіндер мемлекеттік қызметке алынбайды» деген болатын. Содан бері де бір мүшел өте шықты. Өзгерген ештеңе жоқ. Керісінше, мемлекеттік тілде сөйлемейтін шенділердің қарасы көбейе түсті.

Бұл жолы ел Президентінің мәлімдемесі жарыққа шығысымен, оны жоққа шығарған екі мәлімдеме болды. Біріншісі, сенатор Дариға Назарбаеваның «орыс тілінің мәртебесі әлі өзгертілген жоқ» деген қарсылығы болса, екіншісі, Ақорданың өзінен «жұрт дұрыс түсінбей қалған, ол орыс тілін қолдануға тікелей тыйым емес болатын» деп мәлімдей отырып, «тек мемлекеттік тілде жүргізілсін» деген мәтіннен «тек» сөзін алып тастап, жариялаған. Демек, бұл да бірнеше күндік науқандық шарамен аяқталады деген сөз.

Есен БАЙНҰР

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.