Қазақстандық 46 жастағы бизнесмен Ескендір Ерімбетовке тергеушілер оны алаяқтық жасады деп айыптаған «қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарының» аяқталғанын хабарлады. Жемқорлыққа қарсы қызмет тергеушісі Ерік Уәлиев күдікті Ерімбетов пен оның адвокаты Жанар Балғабаеваға ескертпе хат жолдаған. Ерімбетов былтыр қарашадан бері қамауда отыр.

Бизнесменнің анасы Ғайни Ерімбетова 4 наурызда Facebook-ке тергеуші Уәлиев хатының және «күдікті Ерімбетовтің іс-әрекетін дәрежелеу туралы жаңа қаулының» көшірмелерін салған. Қаулыны 3 наурыз күні жедел-тергеу тобының жетекшісі С.Перов шығарған. Қаулы бойынша, күдікті Ерімбетовтің іс-әрекеті аса ірі көлемде алаяқтық жасау деп дәрежеленіп отыр. Бірақ құжат көшірмесінде жымқырылды деген қаржы көлемі келтірілмейді және жәрірленуші тарап көрсетілмейді.

С.Перов 2017 жылы 15 қарашада «Күдікті Ескендір Ерімбетовтің әрекетін дәрежелеу туралы қаулысында» оны Қылмыстық кодекстің 193-бабы 3-бөлімінің «б» және «в» тармақтары, яғни, ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық ұйымның заңсыз жолмен алған қаржысын немесе өзге мүлкін заңдастыру бойынша ісі күдікті деп тапқан.

Перов қаулысының түсіндірме бөлімінде Ерімбетов БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов осы банктен жымқырды делінген 5,4 миллион доллардан астам қаржыны «заңдастырғаны» айтылады.

Азаттық тілшісі адвокат Жанар Балғабаевадан «Тергеуші Уәлиевтің «ескертпе хатында» Ескендір Ерімбетовке қатысты қаржыны заңдастырды деген айыптау неге айтылмағанын» сұрады. Адвокат «қаржы жымқыру» және «алаяқтық» туралы айыптар бойынша жеке жеке тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.

Азаттық тілшісі бұл сауалды тергеуші Ерік Уәлиевке де қойды. Тергеуші тергеу барысына қатысты комментарий бермейтінін айтып, тиісті органдарға ресми сауал жолдауға кеңес берді.

Оқи отырыңыз: Адвокат: Ерімбетов прокуратура шақырған шетел сарапшыларына сенбеді

Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен оның үш әріптесі былтыр 13 қарашада тұтқындалған. Тергеу дерегінше, олар БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовқа сырт елдерге шығарған қаражатының ізін жасыруға көмектескен. Туыстары Ерімбетовті кезінде Әблязовтің заңгері болған қарындасы Бота Жәрдемәліні елге қайтарып, одан Әблязовке қарсы жауап алу үшін қуғындап отыр деп санайды.

15 қарашада тергеу соты күдіктіні екі ай қамауға санкция беріп, ол Алматы ішкі істер департаментінің тергеу абақтысына жабылған. 9 қаңтарда сот оны қамау мерзімін екі айға (13 наурыз) ұзартқан. 19 қаңтарда Алматы қаласының апелляциялық соты Ескендір Ерімбетовті қамау туралы шешім «заңды» деген.

Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 24 қаңтарда 46 жастағы Ескендір Ерімбетовтің туыстарының оны тергеу абақтысында «азаптап жатыр» деген мәлімдемелерін жоққа шығарған.

Оқи отырыңыз: Азаптау шағымы «Ерімбетов ісінің» сипатын өзгертті

Ерімбетовтің туыстары «абақтыда оны азаптап, қысым көрсетті» деп мәлімдеген. Билік Ерімбетовке қысым жасау шағымы бойынша іс қозғағанымен, кейін «қылмыс құрамы жоқ» деп істі жапқан.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.