фото - Зада Зейін
фото - Зада Зейін

Ақтөбелік дәрігерлер жолаушы әйелді өлім аузынан аман алып қалды. Өткен жұма күні 2-наурызда бауыр циррозына шалдыққан 55 жастағы оралдық әйел Астаналық дәрігерлерге қаралуға бара жатқанда пойызда қан құсып, жағдайы күрт нашарлайды. Санитарлық авиация сырқатты дереу Ақтөбеден түсіріп алып, медициналық орталыққа жеткізген.

Донор болуға әйелдің қызы Назгүл Кинеева келісіпті. Сегіз сағатқа созылған ота кезінде ақтөбелік дәрігерлерге  Кореядан келген профессор Ли Кванг ақыл-кеңес беріп отырған.

фото  - Зада Зейін
фото — Зада Зейін

Биыл ота жасату жоспарымызда болмаған. Бәрі аяқ асты болды. Бұған дейін ағам, иә мен донор болам деп жүргенбіз. Ақылдаса келе, мен бауырымды беруге келістім. Әрине, мен қыз бала болғасын ба, анам келіспеді донор болғаныма. Бірақ, көндірдім. Операция сәтті өтті, соған шүкірлік етемін», — дейді анасына донор болған қыз.

Бойжеткеннің жасы 20-да, медициналық колледждің студенті. Болашақ акушер. Пышаққа түсетінін ойлағанда бойын үрей билегенін жасырмайды. Кейін медициналық орталықтың психологтарымен әңгімелесіп қорқынышы сейілген.

фото  - Зада Зейін
фото — Зада Зейін

—  Сәтін салып, дәл сол кезде Оңтүстік Кореядан профессор Ли келіп жатқан. Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен екі арада меморандум бар. Әрі медициналық туризмді дамыту туралы келісім жасалып жатыр. Операция сәтті өтті деп ойлаймыз. Донорды  хирургия бөліміне аудардық, анасы әлі  жансақтау бөлімшесінде жатыр. Беті бері қарады, сөйлеп жатыр. Қызының қасына, палатаға ауыстыратын күн алыс емес, — дейді Ақтөбе облыстық медициналық орталықтың басшысы Рустем Исаев.

Жалпы, трансплантациялық оталар аймақта  төрт жылдан бері жасалып келеді. Осымен  12-рет науқастың бауырын алмастырып отыр. Ал бүйрек алмастыру бойынша  36 рет операция жасалыпты.

Зада Зейін, Ақтөбе

zhasalash.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.