Атбасарда мұғалімдер ағаш отап жүр

709

фото - Ерболат Асылбеков

Ақмола облысына қарасты Атбасар ауданындағы мемлекеттік мекеме қызметкерлері негізгі жұмыстарын ысырып қойып, дала кезіп жүр. Қолдарына балта ұстаған мұғалімдер, партия, медициналық мекеме өкілдері өзеннің шетіндегі талдарды шауып жатыр. Айтуларынша, тал болмаса, мұздардың тез ағып кетуіне кедергі болмайды. Атбасарлықтар өздерінің тікелей міндеттеріне жатпайтын жұмыстарды істеуге қарсылық білдірген. Бірақ, олардың сөздеріне ешкім құлақ аспапты.

Желтоқсаннан бері өзенінің шетіндегі жабайы өсіп кеткен талдарды шабу мемлекеттік қызметкерлердің негізгі міндеттеріне айналғандай. Әсіресе, мектеп, колледж мұғалімдері түске дейін сабақ берсек, түстен кейін қолымызға балта алып, осында келеміз дейді. Жоспарсыз сенбіліктер негізгі жұмысымызға кедергі келтіріп жатыр дейді мұғалімдер.

фото — Ерболат Асылбеков

-Осындай жағдай, міне. Аудандық оқу бөлімінің мамандары не айтады соны істейміз, — деп қысқа қайырды Қуантай Қалиев (суретте) zhasalash.kz тілшісіне.

фото — Ерболат Асылбеков

Сұxбат беруден бас тартқан мұғалімдер  артық ауыз сөз айтсақ жұмысымыздан айырылып қаламыз деп қорқады. Қара жұмысқа заңсыз тартылып жатқандардың қатарында студенттер де бар. Барлығы жиналып өзеннің мұзы ерігенше 2 шақырым жердің талын қолмен шауып үлгеру керек. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігі үшін керек дегенді алға тартқан аудан әкімі «қарсылық білдіргендер болған жоқ» дейді.

-Менің көзімше қарсы шығып, мен шықпаймын деген адам жоқ. Әрине, бұл ерікті түрде шығып жатыр. Ешкім қатты зорлап жатқан жоқ. Түске дейін оқиды ғой. Сосын түстен кейін сағат екіден беске дейін 3-ақ сағат қана жұмыс жасайды, — дейді Атбасар ауданы әкімі Аманбек Қалжанов (суретте).

Ерболат АСЫЛБЕКОВ,

Ақмола облысы

 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.