Фото авторы: Әйгерім Жетпісова

Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы, Әуелбек ауылының тұрғыны Александр Угаров былтыр болған сұмдық жайттан енді ғана есін жия бастады. Айтуынша, облыс орталығына жұмыс іздеп келгенінде вокзалда кезіккен жігіттер жақсы жалақы төленетін қызмет ұсынған екен. Бұған иланған ер адам олардың көлігіне міне салған.Осылайша Баянауыл ауданына жеткен ол ондағы шаруа қожалықтарының бірінде үш ай құлдықта болып, қорлық көріпті.

Мал қорасын тазалатты. Көк тиын да төлемеді. Үстімде жалғыз күпәйке ғана болды. Аяқ киім бермеген соң бір ғана шұлықпен қашуыма тура келді. Қар, мұз, қатты аязға қарамай жүре бердім. Аяқ киім бергенде мұндайға ұшырамас едім ғой, — дейді Александр Угаров.

Осылайша аяғы үсіп жолда қалған ер адамды көлік жүргізушілерінің бірі байқап, Баянауыл аудандық ауруханаға алып келген. Аталмыш емханадан облыс орталығына жеткізілген Александрдың қос аяғын дәрігерлер ампутациялауға мәжбүр болыпты. Оның жиені Юлия Нечаеваның айтуынша, полицейлер ол кезде қылмыстық іс қозғаған. Бірақ, тергеу-тексеру шаралары жайында тіс жармапты.

— Павлодардағы ауруханаға жеткенімізде ағамның денесінде сау жер болмады. Мен соққы іздерін полицейлер көрді ме деген сұрақ қойдым. Облыс орталығына үсік шалды деп түскендіктен соққы іздерін ешкім тексермеген. Мұны Баянауыл аудандық тәртіп сақшылары істеу керек болған деп айтқаныма ешкім мән бермеді,- дейді Юлия Нечаева.

Жуырда Баянауыл аудандық прокуратурасынан жауап алған жандар енді не істерлерін білмей дал. Өйткені, ондағы шенділер қылмыс құрамы жоқ деп істі жауып тастапты. Ал қос аяғынан айырылған Александр Угаров өзінің бейқамдығынан аяғын үсіріп алды делінген. Бірақ, мұнымен оның жақындары келіспей отыр. Облыстық прокуратурадан да қайыр көрмеген жандар енді Бас прокуратураға шағым жазуға бекініп отыр. Александр Угаровтың ақыл-ой кемістігі бар екенін айта кетейік. Бірақ, туыстары оны алдап әкетіп, қос аяғынан айырғандарды жазаламай қоймаймыз дейді.

Әйгерім ЖЕТПІСОВА,

Павлодар облысы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.