Бүгін Парламенттің жоғарғы палатасы Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Нұрсұлтанқызы Ақмола облысындағы «Жабай» өзенінің атын ауыстыру туралы айтты. Бұл жайлы ол су қауіпсіздігі мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдар кездесуінде мәлімдеді.

«Өзеннің атауын өзгерту керек. Өйткені ол өзеннің мінезін білдіріп тұр. Жабай — жабайы және басқаруға көнбейтін өзен дегенді білдіреді. Мүмкін бұл да жағдайды жақсартуға көмектесетін шығар», — деді депутат.

Есіл алабындағы бұл өзеннің ұзындығы 196 шақырым. Ақмола облысындағы Зеренді, Сандықтау, Атбасар аудандарымен ағып өтеді. Көктемде қар ерігенде жыл сайын бұл өзен арқа халқын әбігерге салады. Осылайша, өзен атын ауыстыру арқылы қызыл су проблемасы шешіледі деп болжайды Дариға Назарбаева. Сенатордың бұл бастамасы әлеуметтік желіде әжуаға айналды. Мәселен «facebook» әлеуметтік желісіне журналист Азамат Кеңесұлы «Жабай» сөзінің мағынасын түсіндіріп берді.

«Жабай мен жабайының айырмашылығын білмей, сәтсіз әзіл айтыпты. ЖАБАЙ — көне түрік тіліндегі ябгу-жабгу патшаның, хағанның орынбасары деген мағынаны білдіреді», — деп жазды Азамат Кеңесұлы өз парақшасында.

Өткен аптада да президент қызының сөзі әлеуметтік желілерде көп талқыланған еді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев үкімет пен парламент тек мемлекеттік тілде сөйлеуі керек деген болатын. Артынша сенатта сөз алған Дариға Назарбаева өз мәлімдемесін орыс тілінде жасаған. Және журналистер сұрағына «Құдайға шүкір, ешкім орыс тіліне тыйым салған жоқ» — деген болатын.

Айтпақшы, кеше zhasalash.kz тілшісі көктемде жергілікті биліктің мазасын алатын «Жабай» өзенінің жайын біліп келген болатын. Атбасарда 2017 жылдың желтоқсан айынан бері мемлекеттік мекеме қызметкерлері негізгі жұмыстарын ысырып қойып, дала кезіп жүр. Қолдарына балта ұстаған мұғалімдер, партия, медициналық мекеме өкілдері өзеннің шетіндегі талдарды шауып жатыр. Олар мұздар тез ағып кету үшін осындай қара жұмысқа шегіліпті. Көктемде қызыл су қосылғанда өзен арнасынан асып кетпеуі үшін мұғалімдермен қатар оқушылар да еңбектеніп жүр екен.

Қанат ТІЛЕУХАН

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.