Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының құрылтайы басталды. Абай атындағы Опера және балет театрында өтіп жатқан құрылтайға аймақтардағы одақ мүшелері толықтай дерлік қатысып жатыр. Қаламгерлер бұл құрылтайда одақтың су жаңа төрағасын сайламақшы. Төрағалыққа кімдер ұсынылатыны, кімнің қанша дауыс жинап, төраға болары әзірге белгісіз. Дегенмен, құрылтай қызу әрі тартысты өтетін сияқты.

Жиналысты жазушылар одағының қазіргі төрағасы Нұрлан Оразалин ашып, Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың құрылтайға құттықтау сөзін мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оқып берді. Құттықтау оқылған соң, делегаттар қол соқты. Іле қайта сөз алған Н.Оразалин Н.Назарбаев туралы бірер ауыз жылы сөз айтып тоқтап еді, ешкім қол соқпады. Мұны бірден байқаған төраға: «Қол соғыңыздар!» деп залға қарады. Залдың әр жерінен еріне соғылған шапалақтар естілді.

Дәл қазір құрылтай жұмысы жалғасып жатыр. Одақ төрағасы Нұрлан Оразалин екі құрылтай арасындағы одақ жұмысы, әдебиет және қоғам тақырыбында баяндама жасап тұр.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.