Қызылорда облысындағы Арал кентінің көшелерін қызыл су басып жатыр. Қардың еруі негізінен Жанқожа батыр, Жетес би және Ақтан батыр көше тұрғындарын әбігерге салып отыр. Жаяу жүргінші түгілі көшелерде көліктерде жүре алмай қалған.

Қызыл су Қызылордаға да жетті

— Мен Жанқожа батыр көшесінде тұрамын. Көпшілік балаларын мектепке жібермей отыр. Қорамызды толықтай су басып қалды. Баспанамызға кіруге сәл –ақ қалып тұр. Үйіміздің іші сыз. Қабырғаларында сызат пайда болған. Өз күшімізбен құм түсіріп, кішігірм бөгет жасағандай болдық. Бірақ одан еш нәтиже жоқ. Әкімшіліктегілерден үміт үздік. Суды тартып жатқан жоқ. Тек, көз үшін орталық көшелерді тазартқандай болады. Мұндай өтіріктің кімге керектігі бар? Үйіміз төбемізге құласа кім жауап береді, — дейді Арал қаласының тұрғыны Светлана Әбілтай.

Қызыл су Қызылордаға да жетті

Ал жергілікті билік өкілдері жағдай бақылауда дейді. Су ортасында қалған бұқараны сабырлыққа шақырады.

— Көктемнің алғашқы күндері жылы болды. Қыс бойы жауған қар еріп, әлеуметтік нысандарға қауіп төндірді. Сол себепті барлық техникаларды сол бағытқа жұмылдырдық. Мұнан соң, орталық көшелерді тазартып жатырмыз. Қазіргі күні Аралда күн салқын. Су қатып тұр. Аталмыш көшелердің тұрғындарынан арыз – шағымдар түсіп жатыр. Олардың ешқайсысы назарымыздан тыс қалып жатқан жоқ. Өз кезегімен су тартылатын болады. Қазір аудан орталығында 5 арнайы көлік, 2 су тарту насосы, 2 жүк тиетін көлік пен 1 «Камаз» автокөлігі жұмыс жасауда. Сондай –ақ 54 адам тазалық шараларына тартылды, – дейді Арал ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Сая Ерәлиева.

 

Айнұр Манатбай, Қызылорда облысы 

Фотолар әлеуметтік желіден алынды

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.