Келесі аптада Арыстанбек Мұхамедиұлының министр портфелін ұстап жүргеніне, құдай қаласа, төрт жыл толады. Ол 2014 жылдың 13 наурызы күні мәдениет министрі болып тағайындалған еді. Сол жылдың күзінде бұл құрылым аз-маз өзгеріске ұшырап, мәдениет және спорт министрлігі деп атала бастады.

Әрине, осы жылдар ішінде ел арасында «А.Мұхамедиұлы қызметінен әне, кетеді екен, міне, кетеді екен» деген әңгімелер айтылмай қалған жоқ. Бірақ қаншама кадрлық өзгерістер болып жатса да, баспасөз беттерінде қаншама күлкіге қалып, қаншама сыналып жатса да, Мұхамедиұлы министрлік қызметін сақтап қалды. Осынау төрт жылда билік деген асау аттың жалына жата жабысып, әйтеуір, ауып түсіп қалмаудың бар амалын жасап-ақ бақты. Сонымен, арада төрт жыл өтті.

– Соңғы төрт жылда Қазақстанның мәдениеті әлемдік деңгейге көтерілді, – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы осы аптада өзі өткізген алқа мәжілісінде. – Тіпті «Астана опера», «Астана балет», Құрманғазы атындағы оркестр және басқа да ұжымдардың ең озық әншілері әлемнің ең үздік залдарында аншлагпен концерт өткізіп, көрермендерін таңғалдырды.

Қазақ мәдениетінің өркендеуін, дамуын өзінің министр боп тағайындалған жылдардан бастағысы келген Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуына қарағанда, қазір қазақстандық әртістер ең үздік театрларда өнер көрсетуде. Тіпті олардың қаражатын сол шетелдіктердің өздері көтереді екен. «Жасыратыны жоқ, бұрын біз өз қаражатымызбен шығып, залды жалдауға, шақыру билеттерін жасатуға ақша төлейтінбіз, көрермендерді концертке келуге үгіттейтінбіз, ал қазір шақыртушылар есебінен барамыз», – дейді бұл жөнінде министр.

Яғни Арыстанбек министр болған күннен бастап осы саланың басына бақ орнап, тынысы кең ашыла бастаған деген сөз. Оған дейінгі министрлер түк бітірмеген, түк тындырмаған, мәдениет пен спорт саласы бүк түсіп, мәңгіріп жатқан сияқты. Осы соңғы төрт жылдан бері ғана төбелерінен алтын жауа бастапты. Дегенмен де қазақстандық өнер ұжымын шетелдіктер асыға күтіп отыратын болса, БҰҰ-ға төрағалық еткен айда Нью-Йоркте ағыл-тегіл шашылып, неге тегін концерт қойдық деген сұрақ көкейде қалғаны рас.

«Шетелдіктер арнайы шақыртып алдыратын қазақстандық әртіс, әнші, бишілеріміз» неге осы күнге дейін болмашы айлық алып жүр? Олардың «еңбекақысы қашан көтеріледі?» деп депутаттар неге сұранып жүр?

Енді осыдан төрт жыл бұрын… Нақтырақ айтсақ, 2014 жылы Сочиде өткен қысқы олимпиадада қазақстандық спортшылар бір қола алды. Биыл Пхенчханда өткен аламанда да бұйырғаны бір қола болды. Барғандары бір қора, алғандары бір қола… Яғни бұл салада ешқандай даму, өсу жоқ. Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы биылғы олимпиаданың алдында: «Қазақстандық спортшылардың жоғары нәтиже көрсететініне сенімдімін. Ең бастысы, біздің спортшылар жас, олардың жеңіске деген құлшынысы өте жоғары», – деген болатын. Бірақ Сочиде Қазақстан командасы 26-орынға қол жеткізсе, Пхенчханда 28-орынға табан тіреді. Яғни екі саты төмен түсті. Мұхамедиұлы мұны неге айтпайды? Қысқы олимпиадада жіберген кемшіліктерімізді ұялмай айтып, содан сабақ алып, неге бір қорытынды шығармасқа? Әлде осы министрліктің даму кезеңін өзінен бастағысы кеп жүрген А.Мұхамедиұлының абыройына дақ түсіре ме? Қалай айтсақ та, министр мырза арық сөйлеп, семіз шығуды үйренуі керек қой. Тарихты өзінен бастауға құмартушылық бұл кісіге де жұға бастаған ба, қалай өзі…

Оралхан Дәуіт, Астана

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.