Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылында зорлық-зомбылық көрді делінген жеті жастағы баланың төңірегіндегі шу басылмай тұр. Жұма күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген баланың заңды өкілдері мен құқық қорғаушылар қоғамдық белсенділердің шақыртуы бойынша Алматыға тәуелсіз сот-медициналық сараптамадан өту үшін жол жүргелі жатқан бала мен оның әжесін полицейлердің пойыздан түсіріп алып қалу әрекетін заңсыз деп мәлімдеді. Жәбірленуші баланың адвокаты Бауыржан Азанов тергеуді жүргізген ішкі істер департаментінің лауазымды өкілдеріне сенімсіздік білдіргенін, тергеудің ашықтығы мен әділеттілігіне күмән келтіретінін алға тарты. Адвокаттың ойынша, бұл істі тергеуді облыстық ішкі істер департаменті емес, республикалық деңгейдегі басқа орган жүргізуі тиіс.

Қорғаушы Б.Азанов зорлық-зомбылық көрді делінген баланы қорғауға кіріскелі бері тергеуді жүргізіп жатқан өкілетті органдар тарапынан заңға қайшы әрекеттер жасалып жатқанын тәптіштеді. «Осы іске кіріскелі бері үш күн өтті. Осы үш күнде лауазымды өкілетті тұлғалар тарапынан бірде-бір заңды әрекет көрмедім», – дей келе, қорғаушы бала мен оның әжесін Алматыға жол жүргелі жатқан жерінен пойыздан түсіріп алу әрекетінің заңсыздығына тоқталды. «Олардың қасында баланың заңды өкілі болды. Шынын айтқанда, олар пойызға отырып та үлгермеді. Пойызға мінгелі тұрғанда қаптаған полицейлер келіп, куәлігін көрсетіп, баланы алып кете берген. Оқиға орнында болған заңды өкілдің сөзіне қарағанда, баланы күштеп әкеткен. Баланы апасы жалғыз қалдырмайды ғой, әлгі полицейлердің артынан ол да тұра жүгірген. Бұл жерде кәмелетке толмаған бала жәбірленуші, құқық бұзушы емес. Сондықтан полицияның әрекеті заңсыз», – деді Азанов.

Бала мен оның әжесінің қалайша Астанадан бір-ақ шыққанын түсінбей қалғанын жеткізген Б.Азанов екі тәуліктен бері бала және әжесімен кездесе алмай жүргенін тәптіштеді. «Бүгін баламен кездесу үшін Астанаға жол жүргелі отырмыз. Бірақ, шынын айтқанда, олармен кездестіру кімнің қолында екенін де білмейміз».

Астанада да дәл осы күні брифинг өткізген депутат, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева баланың анасы мен заңды өкілдерін баламен кездестіретінін айтқан еді.

Баланың заңды өкілдері тергеуге сенімсіздік білдірді

Баспасөз мәслихатына қатысқан баланың анасының, апасының және тәтесінің заңды өкілі Құрманғазы Мүсір 15 қаңтардан бері осы іске араласып, қол ұшын созып жүргенін жеткізді. Айтуынша, соңғы екі ай ішінде тергеу зорлық-зомбылық фактісі болған-болмағанын анықтауға мүлдем тырыспаған. «Аудан прокурорына екі мәрте жолығып, іске назар аударуын сұрадым. 22 қаңтар күні облыс прокуроры, ішкі істер департаменті басшысы мен облыс әкіміне хат жаздым. Бірақ олардан да жауап болмады», – деді ол.

Осы іске араласып, баланы тәуелсіз медициналық сараптамадан өткізбек болған қоғамдық белсенділер де баспасөз мәслихатына келіпті. Солардың бірі Адель Смит «белсенділердің бар мақсаты  баланы тәуелсіз сараптамадан өткізіп, зорлық-зомбылық болған-болмағанын анықтауға көмектесу еді» дейді.

Ал баланың анасымен тілдескен Аружан Саин оның сөзіне сүйеніп, балаға осы күнге дейін сараптама жүргізілмегенін алға тартты. «Анасының айтуынша, баланы уролог немесе проктолог дәрігер қарамаған. Сонда білім басқармасының неге сүйеніп мәлімдеме жасағаны түсініксіз. Сосын ол сараптама БАҚ-та жарияланды. Зорлық көрген бала түгіл, ересек адамның да аты аталатын сараптама ешкімнің қолына берілмеуі керек. Енді келіп іске бейжай қарамаған қоғамдық белсенділер Астанада өтетін сараптамаларға қатысуға ниетті болса, жол шығынын көтеріп берейік деп жатыр. Психологиялық сараптамаға бөтен адамдар мүлде қатыстырылмауы керек. Сараптама өтетін жерде тек маман, бала мен оның заңды өкілі ғана болуы тиіс. Ал медициналық сараптамаға бұлардан бөлек, тергеуші мен психолог қатыса алады», – деді А.Саин.

Сондай-ақ ол бала мен әжесін түсіріп, оның есімі мен баланың аты-жөнін ашықтан-ашық жариялап жүрген ақпарат құралдарына ренішін жеткізді. «Баланың анасы бізден көмек сұрады. Өзін, бала мен оның әжесін ешкім түсірмесін деді. Ақпарат құралдары ең болмағанда әжесінің бет-жүзін көрсетпесе болар еді ғой. Енді баланың анасы «ұлымды мектепке қалай апарамын, қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етемін» деп отыр», – деді А.Саин.

А.Саин баланы пойыздан түсіріп алып, кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына апарып орналастыру әрекеті заңға қайшы екенін шегеледі. Өйткені мұндай орталықтарға панасыз, ата-анасынан адасып қалған балалар ғана жөнелтіледі. «Сонда ішкі істер бөлімінің қызметкерлері баланы не себепті әжесі мен анасы бола тұра, әлгі орталыққа апарды? Содан кейін анасы «менің қатысуымсыз ешқандай сараптама жүргізілмесін» деген талап қойып отыр», – деп қорытты А.Саин.

Адвокат Б.Азанов облыстық ішкі істер департаменті осы күнге дейін істің жан-жақты және әділетті тергелуін қамтамасыз ете алмағандықтан, бұл іс олардың қарауынан алынып, республикалық деңгейдегі органға берілуі тиіс деген талабын жеткізді.

Қоғам белсенділері сараптамаға тікелей қатыспасақ та, оның басы-қасында жүріп, процеске араласып, бала құқығын қорғауға әлі де мүдделіміз дейді. «Астанада өтетін медициналық және психологиялық сараптамаларға сенесіз бе?» деген сұраққа Б.Азанов: «Сараптама қойылған барлық сұраққа жауап берсе, оның нәтижесімен келісемін. Ал егер көп сұрақтар қойылмай, басы ашық күйінде қалатын болса, онымен келіспеймін. Бәрі заңды түрде өтуі тиіс», – деп жауап берді.

З.Жылқыбек

 

 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.