Алматы облыстық әділет департаментінің қызметкерлері өз еркімен жұмыстан  кетіп жатыр. Оған себеп департамент бастығы Мейрамбек ҚАНЫБЕКОВТЫҢ қарамағындағы қызметкерлерге деген бейәдеп қылығы.

2018 жылдың ақпан айында облыстық тәртіптік кеңес шенеуніктің мәселесін қараған болатын. Мейрамбек Қаныбековтың қарамағындағы қырыққа жуық адам басшыларының үстінен шағым жазған еді. Олар Мейрамбек Маханбетәлиұлының боқтық сөздерін таспаға жазып алып жариялаған еді. Тәртіптік кеңес бұндай шенеунікті орнынан алып тастау керек деген ұсынысты Әділет министрлігіне жолдаған-ды. Сондай-ақ, Мейрамбек ҚАНЫБЕКОВТЫҢ іс-әрекетін диктаторлық мінезге теңегендер де болды.

-Бұл адам өзінің диктаторлық әдісімен тек департаменттің емес, министрлік пен облыстың атына кір келтірді. Бұл жерде мәселе ұжымдағы жанжалда ғана емес. Егер осылай бұл жайтты өз еркімен жіберсек адамдар депрессияға түсіп, өлімде болуы мүмкін. Әуелі инсульт, инфаркт алғандар да бар екен,- деген еді тәртіптік кеңес мүшесі Әміре АРЫН.

Алайда, 2018 жылдың 12-наурызында Әділет департаментінің ұжымы бастықтарының қатаң сөгіспен орынында қалатынын біліпті.Атқару өндірісін есепке алу және бақылау бөлімінің басшысы болған Дәулет АҚПАНБЕТОВ zhasalash.kz тілшісіне 13-наурыз күні бірден өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз бергенін айтты.

-Жұмыс істеу мүмкін болмай кетті. Аңду, тексеру. Жұмыстағы атмосфера бұзылды. Қаныбеков мырзаның жасағандарын айтуға ауыз бармайды. Біз өз міндетімізді кәсіби түрде атқардық. Ұжымдық арыздан кейін қабылдамай қойды. Департамент басшысы бола тұра ұжымды екіге бөліп тастады. Жұмыс істеу екінші планға қалып, интрига басталып кетті. Қазір боспын, — дейді Дәулет Ақпанбетов.

Мейрамбек Қаныбеков Әділет департаментінің басшылығына 2016 жылдың күз айларында келіпті. Бұған дейін Әділет министрлігіне, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағымданған департамент қызметкерлері президент әкімшілігіне арыз түсіріпті.

-Қазір адамдар өз еркімен кетіп жатыр. 4-5 адам кетті. Ендігі бар үміт президент әкімшілігінде. Өткен жұма күні хаттарыңызды алдық деп жауап қайырған. Президент Н.НАЗАРБАЕВҚА да хат жолдаған едік жетпеді. Заңға сәйкес Қаныбеков сияқты адамдар мемлекеттік қызметте отырмаулары керек. Егер заң орындалмаса оның қажеті қанша деген сауал туындайды. Қазір бастықтың тарапынан қағытулар байқалады. Шағым жазғандарға жұмыс істетпейтіні түсінікті ғой. Мәселе шешпесе баспасөзге шығуды да ойлап жүрміз, — дейді Қаратал аудандық әділет басқармасы басшысы Алмасбек АЙНАҚҰЛОВ.

Алматы облысында бұл бірінші жағдай емес. Былтыр Алматы облысы, Ұйғыр ауданының бұрыңғы әкімі Алимжан ТОХТАСУНОВТЫҢ да қарамағындағыларды боқтап сөйлегенін әкімшілік жұмысшылары жазып алып журналисттерге таратқан болатын. Боқтанпаз әкім өз қызметінен кеткенімен жұмыссыз қалмады. Алматы облысы әкімі Амандық БАТТАЛОВТЫҢ өкімімен Тохтасунов Алимжан Имтахунұлы Алматы облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-иновациялық даму басқармасының басшысы болып тағайындалған еді.

Қанат Тілеухан

Фото: informburo.kz

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.