Бүгін Алматыда Қазақстан баспасөз клубында Журналисттер Одағының Төрағасы Сейітқазы МАТАЕВ, «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева және адвокат Андрей ПЕТРОВ баспасөз мәслихатын өткізді. Олар 2018 жылы 16- наурыз күні Қапшағай сотының ҚазТАГ халықаралық ақпарат агентігінің бас директоры Әсет МАТАЕВ жазасын жеңілдетуден бас тартқанын заңсыздық дейді.

-Мені де дер уақытында бостандыққа жібермеген болатын. Ешбір саяси мәлімдеме жасағаным жоқ. Қолдағы бар БАҚ құралдарын да пайдаланбадым. Әсетке түзету мекемесінен жақсы мінездеме берілді. Тәртіп бұзбаған. Керісінше жақсы қырынан көрініп жүр. Бізде заңнан бөлек соттардың «понятиесі» деген ұғым бар.Баламды кепілдікте ұстап отыр. Бұл адамды тірідей бауыздау деген сөз. Соттардың дербес үкім шығара алмайтыны белгілі. Менен бір кезде үш рет Журналисттер Одағын тартып алмақшы болды. Қапшағайдағы сот масқара жағдайда өтті. Енді мен тыныш отырмаймын. Халықаралық ұйымдарға дейін шығатын боламын, — дейді Сейітқазы Матаев.

Заңға сәйкес Әсет Матаев жаза мерзімінің үштен бірін отыруы керек. Ол уақыт 28-ақпан күні аяқталған.

-Әсет Матаев өз жұмысын жақсы білетін кәсіби маман. Талантты басшы. Оны журналситтік қызметпен айналыспауына мүделлі адамдар бар, — дейді «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева.

Әсет Матаевтың адвокаты Андрей Петров егер адам терроризм, экстремиз я болмаса өлім жазасына кесілсе біздің өтінішті қабылдамай қойса болар еді. Соттың үкімі заңға мүлдем қайшы екендігін айтады.

-Әсет бүгінге дейін 38 млн теңгені өтеді. Мейрам күндерінен кейін қолымызға соттың үкімі тиеді. Содан кейін апелляциялық шағым түсіретін боламыз, — дейді адвокат Андрей Петров.

Сондай-ақ, Сейітқазы Матаев пен Тамара Калеева ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып АСАНОВ және Бас прокурор Қайрат ҚОЖАМЖАРОВҚА ашық хат жолдап отыр.

-Әсет Матаевтың жазасын жеңілдетпеу үшін түрлі кедергілер жасалып отыр. Біреулерге заң нормаларын өз бетінше бұрмалау пайдалы болып тұрған сияқты.  Сіздерден әділ де бейтарап шешімдер мен қаулылар шығару мақсатымен Әсет Матаев пен оның адвокаттары Қапшағай қалалық сотына, Алматы облыстық сотына және Алматы облыстық прокуратураға жіберген өтініштерді, шағымдар мен арыздарды жеке өзіңіздің бақылауыңызға алуыңызды сұраймыз, — делінген ашық хатта.

Естеріңізге сала кетейік, әкелі-балалы Матаевтарға қатысты үкім 2016 жылдың 3-қазанында шыққан еді. Астананың Есіл аудандық судьясы Ақболат ҚҰРМАНТАЕВ Сейітқазы Матаевты «қаржы жымқырды» және «салық төлеуден жалтарды» деп айыптап, алты жылға соттаған. ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаевты «қаржы жымқырды» деген айыппен 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған еді. Сейітқазы Матаев былтыр 4-желтоқсан күні шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.

Қанат Тілеухан

Фото автордікі

 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.