Шөкеев сынайды, Мырзахметов мақтайды…

1640

Сейсенбі күнгі үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары А. Евниев ауылшаруашылығы кооперативтерін дамыту туралы айта келіп, бұл саладағы жұмысты «саны бар да сапасы жоқ» деп сынады. Ол агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары туралы баяндама жасаған болатын.

–Есепті кезеңде 64 нәтижеге қол жеткізу жоспарланған еді, – деді өз баяндамасында Арман Евниев. – Оның ішінде 47-сіне қол жеткізілді, 17-сіне қол жеткізілмеді. Бұл 27 пайызды құрайды. 17-нің бесеуі ауылшаруашылығы кооперативтері дайындаған өнім көлемі және олардың мүшелерінің саны бойынша. Көрсеткішке қол жеткізе алмаудың себебі – кооперативтердің көп бөлігі қажетті жабдықтармен тек екінші жарты жылдықта ғана жабдықталғанына және сондай-ақ, ауылшаруашылығы өнімі өндірісінің маусымдық сипатына байланысты орын алып отыр. Алайда, кооперативтер қызметіне жүргізілген мониторинг құрылған 851 ауыл шаруашылығы кооперативінің ішінде 491 кооператив жабдықтармен жарақталып, ағымдағы жылы өнім дайындауға кірісуге дайын екенін, ал 360 кооператив өз жабдықтарымен жарақтандырылмағанын көрсетті. Өкінішке орай, жағдайды саны бар, сапасы жоқ деп айтуға тура келеді. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға жаңа кооперативтерді тіркеу бойынша индикаторлар белгілеу практикасын жалғастыруды орынсыз деп есептейміз. Бұл ретте, облыстар әкімдіктері құрылған кооперативтердің жобалық қуатына шығуын қамтамасыз етуі қажет. Сондай-ақ, жұмысына кіріспеген ауыл шаруашылығы кооперативтерінің одан әрі жұмыс істеу қабілеттілігін анықтауды аяқтап, олардың қажетті жабдықтармен жарақтандырылуын қамтамасыз ету керек.

Баяндама біткен соң премьер-министр Б. Сағынтаев алғашқы сөзді онлайн жүйесі арқылы аймақтардан қосылып отырған Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке берді. Осы жылдың басында ғана әкім болып тағайындалған А. Мырзахметов оған дейін ауылшаруашылығы министрі қызметін атқарғаны бәрімізге белгілі. Яғни, А. Евниев өз баяндамасында айтылған кемшіліктердің барлығы дерлік Мырзахметовтың кезінде орын алды дегенді меңзеп отырғандықтан бұл сын оның шамына қатты тигені анық. Содан болар Жамбыл облысының әкімі өңірдегі атқарылып жатқан тірліктер туралы айта келіп, «саны бар да сапасы жоқ» деген сынға байланысты өз ойын ашық айтты.

–Бақытжан Әбдірүлы, кооперативтер мәселесін маңызды деп есептеймін, – деді Асқар Мырзахметов. – Осыған байланысты өз ойымды айтқым келеді. Министрліктің баяндамасында саны бар да сапасы жоқ деген пікір айтылды. Меніңше мұндай пікірді ойланып барып айтқан дұрыс сияқты. Өйткені кооперативтерді құру дүкеннен сатып ала салатын зат емес. Алдымен оның бәрін қағаз жүзінде рәсімдеу керек. Рәсімдегеннен кейін өтінім беріледі. Содан кейін барып ол қондырғыларды орнату үшін кемінде 3-4 ай керек болады. Сондықтан өткен жыл алғашқы пилоттық жыл болды. Оның үстіне баяндамада айтылды, қаржы көбінесе екінші жартыжылдықта басталды. Кооперативтердің барлығына қондырғылар орнатылмағандықтан саны бар да сапасы жоқ деп айту әлі ерте. Бұл дұрыс емес. Сол қондырғының бәрін алып беру керек. Бір ғана Жамбыл облысында осы кооперативтердің арқасында бір жылда 32 мың тонна сүт дайындалды. Саны бар да сапасы жоқ деп айтқаннан гөрі сол кооперативтерді қондырғылармен қамтамасыз ету қажет. Осы бағдарлама іске асқалы бері ауылшаруашылығы өнімдері 4-5 есеге артты.

Бақытжан Сағынтаев, премьер-министр:

– Жақсы, Асқар Исабекұлы, өзіңіздің ойыңызды Жамбыл облысында үлкен дәрежеде көрсетіңіз. Бәріне сабақ болсын.

Өмірзақ Шөкеев, премьер-министрдің орынбасары – ауылшаруашылығы министрі:

– Бұл бағдарлама біздің қатаң бақылауымызда болады. Әрине, ауылшаруашылығы кооперативтері төңірегіндегі мәселелерге байланысты біраз іс-шаралар орындалмай жатыр… Біз бұл мәселе бойынша барлық әкімдермен ақылдасып жатырмыз. Әкімдердің көпшілігі жеке шаруалардың негізінде құрылған кооперациялардың келешегіне күмән келтіреді. Қазір президент әкімшілігі барлық өңірлерде тексеру өткізіп, аяқтап жатыр. Сол тексерудің қорытындысы бойынша үкіметтің арнайын жиынын өткізу туралы ұсыныс енгіземін. Бұл бағдарламаға біраз өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Ең алдымен еңбек өнімділігін арттыру, оның ішінде мал шаруашылығын дамыту, суармалы жерлерді, экспортты өсіруге байланысты. Құжаттар дайындалып жатыр, арнайы ұсыныс енгізетін боламыз.

Ал, ұлттық экономика министрі кооператив саны көп болғанымен өнім дайындау көлемі төмен деп шырылдайды.

Тимур Сүлейменов, ұлттық экономика министрі:

– Кооперативтерді құру бойынша жоспарлы көрсеткіштердің орындалуына қарамастан, ауыл шаруашылығы өнімдерін (ет, сүт, жемістер, көкөністер) дайындау көлемдері төмен деңгейде қалуда.
Осылайша, ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми есебіне сәйкес, жаңа құрылған 491 кооперативпен 294 мың тоннаға жуық өнім дайындау көзделген болатын. Алайда нақты дайындалған өнім көлемі 133 мың тоннаны құрады немесе жоспардан 45%. Бұл ретте, мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына жолдауында берілген тапсырмаларды және 2017 жылғы мониторинг қорытындыларын ескере отырып, ауыл шаруашылығы министрлігіне ағымдағы жылы бағдарламаны түзету қажет.

Жалпы алғанда ауылшаруашылығы кооперативтері мәселесі министрлікте бұдан бір күн бұрынғы жиында да көтеріліп, көптеген сын айтылған болатын.

2017 жылдың қорытындысы бойынша республиканың ауыл шаруашылығының барлық салаларында 1180 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелді. Тәжірибе көрсеткендей, бүгінгі күні ауыл шаруашылығы өнімдерін дайынауды тек 528 ауыл шаруашылығы кооперативі (АШК) ғана жүзеге асырып отыр. Кооперативтердің қалған бөлігі өз қызметін жаңа форматта жүзеге асырмайды немесе келешегі жоқ саналады.

2017 жылы ауыл шаруашылығын қолдауға 25 млрд. теңге бөлінді. Жабдықтарды сатып алу үшін жалпы саннан 329 ғана АШК несиемен қаржыландырылды. Несие желісі бойынша жабдықты алған кейбір АШК оны толық көлемде пайдаланбаған, алынған жабдық ешқашан пайдаланылмаған жағдайлар да болған.

Мысалы, Ақмола облысында 46 кооператив (11 ет, 35 сүт бағыты) құрылды. 157 жаңа жұмыс орны ашылы. Кредиттік қаражат есебінен 23 модульді сүт қабылдау пункті, 1 сою станциясы, 10 сүт таситын көлік сатып алынды. Меншікті өңдеу бір кооперативте ғана жұмыс істейді, бұл белгіленген АШК жалпы санының 3% құрайды. Сондай-ақ облыста бос тұрмыстық техника сатып алынды. Аймақтағы шығынды кооперативтердің үлесі 56,5% -ды құрайды.

Өңірде малдың санының өсуін орта және ірі кәсіпорындар құрайды. Агроөнеркәсіптік кәсіпорындардың деректерін өңдеудің жалпы өсуі меншікті қуаттар есебінен қамтамасыз етілді және өткен жылда 9,5% құрады.
Тәжірибе көрсеткендей, бұл жағдай Қазақстан Республикасының барлық өңірлеріне тән.
Оралхан Дәуіт, Астана 

Фото: sputniknews.kz

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.