Қарағандыда ауыл сатылады

2420

118 үйі бар Шұңқыркөл ауыл тұрғындарының бүгінде ұйқысы қашқан. Туып өскен жерлерінде не егін еге алмай, тіпті малдарына жайылым таппай отыр.1996 жылы жекешелендірілмей қалып қойған 17  000 мыңға жуық гектар жері бар Шұңқыркөл аулын гүлдедірем деп жеке кәсіпкер өз атына аударған.

Алайда, жиырма екі жылдан бері бірде бір жиын ашпаған басшы, елдімекендегі барлық техника, малды, тіптен мәдениет үйінде бұзып сатып жіберген. Осыған дейін бас бұғып келген жұрт енді үнсіз қала алмаймыз дейді. Қыл аяғы шабындықтан да айрылған ауыл халқы қысқа шөп те дайындай алмайды екен.

 -Осыдан 22- жыл бұрын ауылымыз гүлденіп тұр еді. Егін де егілді, мал да болды. Техниканың түр түрі де болған. ЖШС иегері барлығын сатып құртты.Сол малдың техниканың арқасында тұрғындар жұмыс жасап еңбек ақыларын алатын. Енді мал жаятын жер мен шөп шабуға руқсат алатын күнге жеттік.Өз туған жерімізде осындай күйге түстік. 17 000 гектар жерге иелік еткен Марат Баймұхамбетов мәдениет үйінде бұздып сатып жіберді. Балабақша да жоқ болды. Медпунктың да ғимараты кетті. Сұрау жоқ. Жиырма екі жылда бір де бір халық алдында есеп берілмеді. Ойына келгенін істеп жатыр, — дейді ауыл тұрғыны Бақытжан НҮРПЕЙІСОВ zhasalash.kz сайтының тілшісіне.

Совет кезінен қалған нысандарды бұзып, сатып жібергенде көз жұма қарағандардың ішінде ауыл әкімі де бар. Жеке кәсіпкердің жұмысына бас сұға алмаймыз деп ақталады шенділер. Ал жергілікті бұқара сонда шенеуніктер не үшін отыр дейді.

-Бізде әкімшілік бар. Бірақ ауыл территориясы жеке кәсепкерге қарағандықтан, шенділерден араша сұраудан жалықтық. Оларға мәселені айта бастасақ бітті, біздің қатысымыз жоқ. Кірісе алмаймыз, өздерің шешіндер дейді. Ауылға арналған талай бағдарлама бар. Біреуі жүзеге асып отырған жоқ. Сонда, әкімнің қажеті қанша? – дейді тағы бір ауыл тұрғыны Бекайдар ЖАНҚУАТОВ.

650 тұрғыны бар Шұңқыркөлге осыдан бір жарым жыл бұрын әкім болып келген Ербол ОМАШЕВ  заңнан асып түсе алмаймын деп қысқа қайырды.

-Заң бойынша, әкімшілік жеке кәсіпкердің жұмысына араласа алмайды. Тіптен мына ауыл әкімшілігі ғимараты біздің еншімізде емес. Ол да «Асылбеков» ЖШС иелігінде. Енді тұрғындар наразылығын сотпен шешу керек,- дейді ауыл әкімі.

98 млн қарызы бар  кәсіпкер Марат БАЙМҰХАМБЕТОВ сырттан инвестор тартып, ауылды басқаның қолына бермекші. 1996 жылдан бері ауылға өожайындық еткен ол қуаншылықтың кесірінен қаржылай қиындыққа тап болдық дейді.

 -Кеңес үкіметінен қалған  400-бас  мал өртеніп кетті,екі жылдан бері ауылда қуаншылық. Шөп шықпайды,егінде шықпады. Қолдан келген дүниені жасадым. Енді инвесторлар тартсақ, олар ақша құйып, ауылды гүлдендіруге өз үлестерін қосады. Онда жұмыс та болады. Қазір ауыл жеріне қызыққан инвертор өз жобаларын көрсетуде. Әзірге келссөздер жүріп жатыр. Ал, мәдениет үйін мен емес бұзған. Оны тұрғыдар өздері қиратып тастаған. – дейді кәсіпкер Марат Баймұхамбетов.

Марат Баймұхамбетов алдымен коператив құрыпты. 1998 жылы оны «Қарағанды нан» ЖШС-нің құрамына кіргізген. Сонда ауыл өз аяғына тұрып  ЖШС дәрежесіне көтерілген. Ал, 2004 жылы жұмысын жүргізе алмаған  «Қарағанды нан» 34 пайыз үлесін ауылдың жеке кәсіпкеріне тастап кеткен. Өзінің 27% пайызымен бүнгінде 61 % үлесі бар кәсіпкерді сотқа беру үшін тұрғындар Қарағанды облыстық экономикалық сотына құжат жинастырып жатыр.

Халық өмірбақи еңбек еткен бұл ауылда біздің де үлесіміз болу керек дейді. Олар «Нұр Отан» партиясының Қарағандық облыстық филиалына және прокуратураға да шағымданыпты. Әзірге нәтиже жоқ екен. Сондай-ақ, 22 жылдан бері ауылға баратын 7 шақырым жол жөндеу көрмеген. Тіптен, бұл ауылға автобус та келуден қалған.

Айман Сағатай, Қарағанды облысы

Фотолар автордікі

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.