Оралда баптистер заңға бағынбай отыр

1510

Елімізде заңнама талабына сәйкес барлық діни бірлестік ресми тіркеуде болуы тиіс. Бірақ Батыс Қазақстан облысында заңнама талабын орындамайтын діни ұйым бар. Олар – «Евангелдік христиан баптистері шіркеулерінің халықаралық кеңесі».Құзырлы органдардың ескертуіне құлақ асқан емес. БҚО ішкі істер департаменті экстремизмге қарсы күрес басқармасы басшысының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Нұрлан АТАНИЯЗОВТЫҢ айтуынша, баптистердің шіркеуі Орал қаласы мен Тасқала ауданының орталығында бар. Былтыр әділет құрылымы тіркеуінен өтпегені үшін оларға 15 АЕК  айыппұл салынса, биылғы қаңтар айында  алты хаттама толтырылған. Жылма-жыл заңнама аясында әкішілік жазаға тартқаннан басқа амал қолдануға құқық қорғау құрылымдары дәрменсіз. Діни ұйымның Оралдағы шіркеуіне 100 адам барса, Тасқаладан 25-ке жуық тұрғын баптистердің басқосуына тұрақты қатысады. Баптистердің арасында қарагөздеріміз өте көп. Қасиетті болып есептелетін жексенбі күндері жиналып, діни рәсімдерін жасайды, ән шырқайды. Олардың діни әдебиеттері мен газет-журналдары да қазақ тілінде сауатты жазылған.

Тарихи деректерде баптизм ілімі ХVII ғасырда Голландияда пайда болғаны жазылған. Олар ересектерді суға батырып, шоқындыруды діни рәсімге енгізген. Англияға осы  ілімнің «ұрығын апарған» ағылшын Джон СМИТ алғашқы баптистік қауымды ұйымдастырған. Баптизм қазіргі кезде протестанттар арасындағы ең үлкен конфессияға айналды. Конфессия мүшелері 120-дан астам елге таралған. Ең үлкен қауымы – АҚШ-та. 1905 жылы Лондонда дүниежүзілік баптистер одағы құрылды.  Баптистер ХІХ ғасырдың ортасында Ресейге, ХХ ғасыр басында Қазақстанға келе бастаған. 1903 жылы Украинадан Қостанай уезіне қоныс аударған баптис-протестанттар қазақтардың қарсылығына ұшырап, олар Ресейге көш басын бұрған. Дегенмен олар кейін солтүстік өңірлерге кеңінен таралып, орныққан. Батыс Қазақстандағы өкілдері Ресейдегі Поволжья қауымдастығымен тығыз байланыста болған. Репрессия жылдары кеңестік қудалауға ұшырағанымен, 1944 жылы КСРО-да Бүкілодақтық Евангелдік христиан баптистері кеңесі құрылды. Бірақ 1960 жылдары Кеңес үкіметінің діни сенімді шектейтін нұсқауларды бекіткені белгілі болып, оған наразы болған топтың ұйымдастыруымен БЕХБК-ден Евангелдік христиан баптистері шіркеулерінің кеңесі бөлініп шықты. Аталған кеңес мүшелері билік қысымына ұшырағанымен, ресми тіркеуден өтуге бас тартты. Кеңес империясы құлағаннан кейін өздерін дербес санайтын баптистер ТМД, Прибалтика елдері мен АҚШ және Канадаға қоныс аударған діндестерінің басын біріктіріп, ұйымды «Евангелдік христиан-баптистер шіркеулерінің халықаралық кеңесі» деп атады. Баптистер кеңесінің мүшелері әлі күнге дейін мемлекеттік тіркеуді мойындамайды. Басқа ағымдармен бірігуден гөрі, христиандық қарым-қатынасты күшейтуге назар аударады. Бейбітшілікке үндеп, өзара тату өмір сүретінін және ешкімге зиян тигізбейтіндерін тілгі тиек етеді. Және олар өздерін басқаратын белгілі бір көсемдердің жоқтығын уәж қылып айтады. Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасының мәліметінше, 2013-2017 жылдары діни салада жалпы 73 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелсе, соның 66-сы «Евангелдік христиан баптистері шіркеулерінің халықаралық кеңесі» тарапынан жасалған.

 – ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес, миссионерлік қызметті тіркеусіз жүзеге асырған діни ұйым заң талаптарын бұза берсе, сот шешімдерін орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс. «Кешірім жасалған сайын» олар миссионерлік қызметін заңсыз жалғастыра береді. Меніңше, заңнама талаптарын бұзатын ұйымдарды заңнама аясында оларды бірден жазаға тарту керек. Сонда олар қызметін тоқтатады. Кейбір миссионерлер өз еркімен үгіт жүргізетінін айтып, сынықтан сылтау табады. Негізінен, олар үшін діни бірлестік жауап беруі тиіс, – деді «Жайық» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерден көмек орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қанағат НҰРМҰХАМБЕТОВ.

Айта кетейік, облысымызда «Евангел жарығы» Евангелдік христиан баптистер шіркеуі» жергілікті діни бірлестігі ресми түрде тіркелген. Бірлестіктің Орал қаласында және Жәнібек, Бөрлі, Зеленов аудандарында орналасқан филиалдары бар. Аталған бірлестік жетекшісі Александр ДИМИТРОВТЫҢ сөзінше, мемлекеттік тіркеуге алынған немесе одан бас тартқан баптистердің наным-сенімінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Інжілде жазылғанындай, баптистер христандық үштік сенімді қастер тұтады, Құдай-Әке мен оның ұлы және Киелі Рухты ұлықтайды.

Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданының тұрғыны Болат (кейіпкердің есімі өзгертілді) бала күнінде «Евангел жарығының» аудан орталығында орналасқан «Спасение» шіркеуіне барған. Қазіргі уақытта Ислам діні бойынша мұсылман парыздарын орындап, бес уақыт намазын қаза қылмайтын ол баптистер сенімінің өзіндік ерекшеліктері барын айтты

– Баптистердің ғибадатханасына кейбір ауылдастарым қайырымдылық ретінде берілетін тағамдарды жеу үшін баратын. Бір қызығы, олардың сенімі Ислам қағидаттарымен ұқсас. Баптистер де Құдайды бір деп таниды, шоқынудан, суретке, пұтқа табынудан, айқыш тағудан, шырақ жағудан бас тартады. Олар төбелесуге, қару ұстауға, тіпті қатер төнгенде қорғануға тыйым салады. Баптистер суға шомылу рәсімін орындайды. Рәсім бойынша ересектерді суға бір батырып шығады. Яғни, ескі әдеттен арылдың, жаңа өмір бастадың деп сендіреді. Менің жасым сол кезде он төртте болатын. Кәмелеттік жасқа толмаған соң, мені суға түсірмеді. Олардың уағызын ұйып тыңдайтындарға Иса туралы кітапшалар таратты. «Ақиқат таңы» деген журналын да бергені есімде. Балалықпен шіркеудегі постырьдың айтқанына сеніп жүргеніммен, бір-екі жылдан соң Шынтай есімді ақсақалдың үйінен Құранды оқып, мен іздеген хақиқат жолы басқа екеніне көзім жетті. Ислам туралы терең зерттеп, мұсылманшылыққа түбегейлі көңіл бұрдым. Кейін баптистер өздерінің сенімдеріне икемедеп, Құран аяттарын бұрмалап түсіндіретінін ұқтым, – деді Болат. 

Нұртай Алтайұлы, Орал қаласы

Фото:ibirzha.kz

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.