«Еуропа Одағыны сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини Ташкентте Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесті» деп хабарлады ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігінің баспасөз қызметі. 26 наурызда өткен кездесуге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның сыртқы істер министрлері мен Түркіменстан сыртқы істер министрінің орынбасары қатысқан.

Ташкенттегі кездесуде тараптар ЕО мен Орталық Азия аймағы арасындағы өзара ынтымақтастықтың болашағын, ЕО-ның аймаққа арналған жаңа стратегиясын талқылаған.

Могерини министрлерге Еуропа мен Азия арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі жаңа стратегияны дайындау бойынша жұмыс және оның Орталық Азия аймағы үшін қаншалықты маңызды екенін айтты.

Кездесуде тараптар алда Түркіменстанда өтетін ЕО – Орталық Азияның саясат және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі кездесуі, Өзбекстандағы Орталық Азия экологиялық форумы және су ресурстары бойынша халықаралық конференция аясында байланысты жалғастыруға ниет білдірген.

Федерика Могерини мен Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері Ташкентке Ауғанстанға қатысты «Бейбітшілік үдерісі, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және аймақтық ынтымақтастық» атты халықаралық конференцияға қатысуға барған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.