Ресейдің Кемерово қаласында жүздеген адам облыстық әкімшілік алдына жиналып, митинг өткізді деп хабарлайды Азаттықтың Орыс редакциясы. Кемеровода 25 наурызда «Зимняя вишня» сауда және ойын-сауық орталығында өрт болып, ресми мәлімет бойынша 64 адам қаза тапқан.

Митингіге қатысушылар биліктен өрт туралы шынайы ақпарат беруді талап етті. Наразылық танытушылардың көпшілігі өрт құрбандары туралы ресми мәліметке сенбейтінін айтады. Олардың пікірінше, құрбандар саны 64 адамнан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Олар сонымен қатар құтқарушылардың жұмысына көңілі толмайды және қайғылы оқиғаны әділ әрі мұқият тексеруді талап етеді.

Митингіге шыққандар «Шындық!», «Губернатор отставкаға кетсін!» деп және «Путин!» деп айқайлап жатыр. Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеев митингіге бармады. Жиналғандарға оның орынбасары Сергей Цивилев шықты. Ол қала тұрғындарының «қаза тапқандардың толық тізімін көрсет» деген талабына өрттен кейін жоғалған туыстары немесе таныстары туралы полицияға хабарлауға кеңес берді.

Жиналғандарға Кемеров мэрі Илья Середюк шықты. Ол билік келтірген құрбандар санының нақты екеніне көз жеткізу үшін наразы жұртқа мәйітхана мен өртенген сауда орталығының орнын қарап шығуды ұсынды. Қала тұрғындары бес адамнан тұратын топ құрды. Оған ресейлік «Бірінші арна», халықаралық Associated Press агенттігінің журналистері, мэр және бірнеше белсенді қосылды.

Оқи отырыңыз: Кемероводағы өрттен ондаған адам қаза тапты

«Зимняя вишня» сауда және ойын-сауық орталығында өрт 25 наурыз күні күндіз басталған. Ресей Тергеу комитетінің мәліметі бойынша, өрттен 64 адам қаза тапты. Бірақ куәгерлер іс жүзінде құрбандар саны «бұдан әлдеқайда көбін» айтады.

27 наурыз күні таңертең Ресей президенті Владимир Путин Кемерово қаласына ұшып барды. Ол өртенген «Зимняя вишня» сауда орталығында құрбан болғандарды еске алатын орынға гүл қойып, қайғылы оқиғаға «салақтық пен ұқыпсыздық» себеп екенін мәлімдеді.



Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.