Бала кезімізде еліктеп, үлгі тұтқан азаматтардың болғаны рас. Сондай елге  сыйлы, сыпайы, іскер азамат Көштен Бөрғазиев болатын. Өзің үлгі тұтатын осындай адамның атын тікелей атамаса да, жағымсыз кейіпкердің бейнесінде артынан айтылған сөз ауыр тиеді екен. Сондай әңгімені кейбір елге белгілі кісілердің батыр Баукең туралы естеліктерінен арагідік кездестіріп қаламыз. Сондағы әңгіме ауаны мынау: Созақ ауданының бір топ совхоз директорлары «Сарыағаш» курортында демалып жатқан Баукеңе сәлем беруге барады. Бірақ кіруге ешқайсысының батылы жетпей, іштерінен Социалистік Еңбек  Ері, «Қаратау» совхозының директоры Көштен Бөрғазиевке қолқа салып, көндіреді. Ойында ештеңе жоқ,  кіріп келе жатқан Көштекеңнің кеудесіндегі  «Алтын жұлдызға» бірден көзі түскен Баукең  қолын босатпай ұстап тұрып: «Мынаны не үшін алдың?» – дейді. Тосыннан қойылған сұраққа  сасып қалған Көштекең: «100 биеден 100 құлын алғаным үшін берді», –  деп жауап береді. Сонда Баукең: «Айғыр шапты, байтал тапты, сенің қандай қатысың бар?» – деп, қалғандарымен сәлемдескен екен дейді. Ал, шындығында, сол жердегі дәмханада Баукеңе арнайы сыбаға дәм дайындалып, дастархан жайылады. Баукең өзіне тартылған шекеден әрқайсысына кесіп беріп, жеке тілек арнап, Көштекеңе: «Сен өзің ерен еңбектің үлгісін көрсеткен Социалистік Еңбек Ерлерінің ішінде ең жасы боларсың», – деп ризашылығын білдіріпті. Кейбір елге танымал азаматтар  Баукең туралы естеліктерінде осы кездесудің өңін теріс айналдырып жіберген сияқты көрінеді бізге.

Ұзақ жылдар партия-кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарған ардагер ағамыздан жазып алынып, газетте жарияланған  естелікте: «Бір жолы Баукең «Сарыағаш» курортына демалуға барыпты. Сөйтсе, сол жерде Социалистік Еңбек Ері  атағын алған жылқышы жұртты көзге ілмей , кердең-кердең етіп әрі-бері жүретін көрінеді. Мұндай көргенсіздік пен жетесіздікке Баукең шыдаған ба?  Әлгіні қасына шақырып алып:

– Әй, мына жұлдызды не үшін алып едің? – деп сұрайды. Жылқышы маңғазданып тұрып:

– Жүз биеден жүз құлын алғаным үшін берді, – дейді. Сонда Баукең:

– Ей, батырсымақ, айғыр шапты, бие тапты. Сенің оған қандай қатысың бар? – деген екен. Сол жерде дандайсыған жылқышы сабасына түсіп, екпіні басылып, жұрттың қасына қосылған екен дейді», – деп келтіріпті.

«Көштенге Баукең солай депті» деген сыпсың әңгіме елге солай таралып кетсе керек.  Іліп әкеткендер оны өз тұрғысынан шыжғыра түскен сияқты. Сол Көштекең алғаш еңбек жолын бастаған «Қайнар» ұжымшарынан алты Социалистік Еңбек Ері шыққан. Солардың ішінде Көштекеңнің әкесі Әлібаев Бөрғазы да бар. Баукеңнің: «Социалистік Еңбек Ерлерінің ішінде ең жасы боларсың» деген сөзі, шындығында, солай сияқты. Осыдан 5-6 жыл бұрын ел жаққа бір барғанда дәмдес болудың сәті түсіп, соңғы  көргенімде сол баяғы сабырлы, сыпайы, байсалды, маңғаз қалпы екен. Содан көп ұзамай  дүниеден озды деп естідім. Жоғарыда айтылған «жұртты көзге ілмей , кердең-кердең етіп әрі-бері жүретін көрінеді», «көргенсіздік», «жетесіздік» деген сөздердің орынсыз екенін айтқым келеді.  Осындай қаңқу сөзге абай болайық, ағайын.

Мәди БАЙДАУЛЕТОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, экономика ғылымының кандидаты

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.