Оңтүстікте оқу бітірген жастардың жетпіс пайызы жұмысқа тұрады деген ақпарат шіп-шикі өтірік. Шын мәніндегі көрсеткіш 30 пайыздан аспайды. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған сапары кезінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов осылай деді. Дәлірегі мұндай мәліметті ол Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ғимаратында студент жастармен өткен кездесуде айтты.

Төрағаның сөзіне сенсек, диплом алғалы жатқан студент кәсіпорындармен өзара келісімге келіп, сұраныс хат алып келеді. Кәсіпорын тіпті оның алғашқы айлардағы зейнетақы жарналарын да аударып тұратын көрінеді. Өзара келісімнің күші бұдан әріге бармайды. Козбояушылықты кәсіпорынның басшылары да, оқу орнының жетекшілері де жақсы біледі. Білсе де, жұмыссыздарды даярлау одан әріге жалғаса береді. Екі ортада маман даярлауға, жұмысшылардың білімін жетілдіруге қыруар қаржы бөліп жатқан мемлекетті аяйсың.

Қызық болғанда жиынға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бұл мәліметті жоққа шығарған жоқ. Ол қазіргі уақытта осы бойынша тексеру жүріп жатқанын, тіпті қылмыстық істер қозғалғанын да атап өтті.

Жалпы маман даярлау, халықты жұмыспен қамту бүгінде бизнеске айналып кетті десек, қателеспейтін шығармыз. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша облысқа бөлінген қаржының көлемі ондаған миллиардтарды құрайды. Бірақ осыншама қаржының қаншасы далаға, қаншасы жемқорлардың қалтасында кетіп жатыр? Мұны да айту қиын.  Былтыр облыста жұмыспен қамту шараларына бөлінген қаржыны талан-таражға салып, көзбояушылық жасаған қылмыстық топ әшкереленді. Топтың ішінде лауазымды шенеуніктерден бөлек полиция қызметкерлерінің бары да айтылып жатыр. Қазір сотта қаралып жатқан бұл істің жай-жапсарына алдағы уақытта кеңірек тоқталатын боламыз. Сағынтаевтың жастармен өткен кездесуіне қайта оралсақ.

Премьердің айтуынша, өңірде мамандықтардың 70 пайызы гуманитарлық, 30 пайызы ғана техникалық. Ал сұраныс негізінен техникалық мамандықтарға жасалады.

-Осы жаңа ғана «Шымкенттемір» деп аталатын кәсіпорынның жұмысымен таныстық. Мамырда іске қосылған кезде зауытта 600 жұмыс орны пайда болады. 100 маманды Ираннан алдырғалы жатыр. Себебі кейбір техникалық мамандар бұл жерде жоқ екен. Оңтүстік Қазақстанда 3 миллион халық тұрады. Жұмыссыздық деңгейі жоғары. Осыған қарамастан кейбір техникалық мамандар тапшы,-деді үкімет жетекшісі.  Жансейіт Түймебаев Шымкентте үш индустриалдық аймақ, бір арнайы аймақ, екі кілем фабрикасы, бірнеше тоқыма өндіріс орындарының барын айтып, жастардан осы кәсіпорындарға барған-бармағанын сұрады.

Бас-аяғы 4-5 жас қол көтерді. Облыс басшысы  бұған қынжылыс білдіріп, жастарды Шымкенттегі осындай ірі өндіріс аймақтарына барып тұруға шақырды. Осы кезде Б.Сағынтаев Ж.Түймебаевқа:

-Сіз облыстың әкімісіз. Сондықтан жастарды кәсіпорындарға сіз алып баруыңыз керек,-деді.

Айтпақшы, студент жастармен өткен кездесуде премьермен бірге келген бірқатар министрлер баяндама жасап, маман даярлаудағы мәселелерге тоқталды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова баяндамасын қазақ тілінде тәп-тәуір-ақ бастап келе жатыр еді. Алайда Сағынтаев оны орта жолда тоқтатып алып, студенттерге мейілінше еркін әңгіме айту қажеттігін ескертті. Осыдан кейін:

-Можно на русском,-деді.

Бастығы солай деп тұрған соң Әбілқасымова әңгімесінің арғы жағын ресми тілде іліп әкетті. Залдан өзге ұлттың өкілін көзіміз шала қойған жоқ еді.

Премьердің осынысын көпшілік оншалықты түсіне қоймады.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ,

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.