Өңірлерде кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет барынша қолайлы жағдай жасап отырғандай көрінгенімен, шындығы басқаша. Кәсіпкерлікті қолдауға «Даму» қоры арқылы бөлінетін грантты ұтып алуға немесе қаржылай кредит алу үшін ұсынатын жобаны өткізудің өзі қып-қызыл машақат.

– Зайсан ауданында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша жергілікті кәсіпкерлер қажетті құжаттарын жинаса да, банктерден дер кезінде қаржылай көмек алуға қол жеткізе алмай отыр, – дейді Зайсан аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Ләззат Шақантаева. – Негізінде, бізге осы бағдарлама бойынша жұмыс істеу жөнінде облыстық әкімдік тапсырма береді. Онда бағдарламаны жүзеге асыру үшін АТФ-банк, Фортебанк және Нұрбанкпен байланыс орнатуға ұсыныс айтылған. Аталған банктердің біздің ауданда филиалы жоқтығы кәсіпкерлердің жоспарындағы істі жүзеге асыруына көп қиындық келтіріп отыр. Мысалы, банк сұраған құжаттарын апару үшін 500 шақырым жердегі облыс орталығына баруы керек. Өскеменге бір барғанда шаруасы бітсе жақсы, бірнеше рет баруына тура келеді. Қаржы алу үшін кепілге қоятын дүниесіне қатысты қаншама анықтамалық құжаттар жинауы керек. Онысын өткізгеннен кейін жауабын күтіп тағы отырады. Қысқасы, осы қиындықты жою үшін біз қазір Нұрбанктің менеджерімен байланыс орнатып жатырмыз. Оның өзінде, кепілге қоятын нысанға қатысты құжаттарын электронды түрде жолдап, амалын тапқан  болдық.

Зайсан ауданында қазір «Евразия банкі» АҚ, «БанкЦентркредит» АҚ-ның филиалы ғана ашылыпты. Алайда оның да кәсіпкер үшін қолайлы болып тұрғаны шамалы екен. Мысалы, Мамыр Мықиянова атты бір кәсіпкер Зайсан қаласының шет жағындағы «Сауыр» мөлтекауданының тұрғындарына қатымхана салу үшін тиісті құжаттарын жинап, Евразия банкіне өткізген. Құрылысқа қажетті 10 млн теңге шамасында қаржы алу үшін  жерін кепілге қойғанымен, банк бір жыл бойы құжаттарын ұстап, ақыры қайтарып берген. Жауап сан түрлі: банктің басшылығы ауысқан я болмаса бұл бағытта қаржы беру қарастырылмаған деген сияқты сылтаулар. Бұл банктен тауы шағылғандардың тағы бірі – Болат Шүкірханов есімді азамат. Ол көтерме бағамен тауар сататын сауда дүкенін және ойын-сауық орталығын салмақшы болған. Өйткені Зайсан қаласында мұндай орталықтың ашылуын жергілікті халық қалап отыр. Бірақ балалар мен жастар баратын мұндай нысан әзірге арман болып тұр. Евразия банкі Б.Шүкірхановтың өтінімін де түрлі желеумен кері қайтарып беріпті. Мәселенің мән-жайын өз  аузынан естімек  оймен осы кәсіпкердің өзіне  хабарласқанымызда, бәрінен көңілі қалғанын аңғартқан ол «жазған-жазбағаннан ешқандай өзгеріс жоқ» деп толықтай жауап беруден бас тартты.

Осылайша кәсіпкерлікті қолдау үшін «Даму» қорынан берілетін грантты Зайсан ауданынан әлі күнге дейін бірде-бір кәсіпкер алмапты. 2016 жылы грант алуға ұмтылған зайсандық 11 кәсіпкердің де жобасы өтпеген.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

Шығыс Қазақстан облысы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.