Мен сіздің шәкіртіңізбін!

Ол кісіні көп көргенім жоқ. Бір­-ақ мәрте жүзбе ­жүз сөйлесіппіз. Бірақ  аз аралассақ та, көп шапағаты тигендей. 

2236

 

Ол кісіні көп көргенім жоқ. Бір­-ақ мәрте емін-­еркін жүзбе ­жүз отырып сөйлесіппіз. Бірақ  аз аралассақ та, көп шапағаты тигендей.

Әрине, Рахымжан ағаның әдемі әңгімелерімен бала кезімнен таныспын.   Оның үстіне әдебиет әлемінде Рахымжан Отарбаев пен Несіпбек Дәутайұлы ерекше стильдерімен елді елең еткізіп, кітаптарын жұрт іздеп жүріп оқып, есімдері дүркіреп тұрған кез еді. Осындай ерекше тұлғаның ықыласы маған түседі, өзі іздеп тауып, қасына ертіп жүреді, сыры мен мұңын айтады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. 2013 жылы ойда-жоқта Рахымжан аға телефон шалды. Әрине, телефонымның экранында бөтен нөмір шыққандықтан алғашында мен ол кісіні танымадым. Кабинетте жалғыз өзім отырған едім.

– Оралхан, айналайын, қалайсың? – деді бір қарлығыңқы дауыс. Жасы үлкен және тегін кісі емес екенін даусынан бірден білдім.

– Жақсы, аға… Аман-есен. Өздері ңіз қалайсыздар? Танымасам да жағдай сұраса беретін әдетім бұрыннан бар еді.

– Ә, рахмет… Сенің телефон нөміріңді Нес-ағадан алып едім. Мен Рахымжан Отарбаев деген ағаң боламын. Танисың ба?

– Неге танымаймын? Танимын, аға…

Санамда «Мұндай үлкен кісінің маған телефон шалуы мүмкін емес. Достарымның бірі менімен әзілдесіп ойнап тұр ма?» деген ой да жарқ ете қалды.

– Оралхан айналайын, өзіңмен хабарласып, танысып, сөйлессем дегелі көп болды… Бүгін ғана сәті түсіп отыр ғой.

«Әп-бәрекелді, ағамыз бір шаруа айтатын болды-ау… Осы Оңтүс тікте бір жұмысы бітпей жатқан сияқты ғой» деген ой тағы зу ете қалды. Шынын айту керек, өмірімде көрмеген, сөйлеспеген, тек шығармалары арқылы ғана танитын үлкен жазушы кісінің телефон шалғанына бір жағы сене алмай тұрмын, екінші жағынан бір шаруаны тапсырып, болмағанда пәленшенің телефон нөмірін тауып, байланыстырып бере аласың ба деген сияқты өтініш айтатынына іштей сенімді болдым.

– Мен көптен бері сенің жазғандарыңды қадағалап оқып жүремін… Саған бір-ақ нәрсені айтайын, сен жазуың керек… Қолыңнан жазу келеді. Өзіңе тән стилің бар.  Сенің шағын әңгімелеріңді газеттен қадағалап отырамын. Осыған байланысты саған бір-екі ауыз ақылымды айтайын деп едім.

Ағаның мына мақтауынан кейін тіптен есім ауып қалғандай болды. Соңғы секундтардағы пенделік ойларым үшін лезде ұялып кеттім.

– Аға, асыра мақтап жібердіңіз-ау деймін… Жазып, өндіріп тастаған ештеңем де жоқ. Дегенменде көп рахмет.

– Жоқ, айналайын, адамның жазуын тану үшін ұзақ-сонар дүниесін оқудың қажеті жоқ. Адамның жазуы шағын дүниесінен де белгілі болып тұрады. Қысқасы, жазушы ағаммен тілдесіп, ағыл-тегіл сөйлесіп, есім кіресілі-шығасылы болып тұрғанда ол кісі екі ақылын айтты.

– Осы шығармашылық жолымда он бес жылымды текке жоғалтқан адаммын. Қызмет істедік, қызық қудық, әйтеуір, нағыз бұрқыратып жазатын жылдарым өте шықты. Саған айтатын ақылым, мен сияқты уақытыңды жоғалтып алма. Уақыттың қадірін біл. Екінші айтатын ақылым, газеттің мың сан шаруасының арасында жұтылып кетпе. Жақсы мақала жазсаң, басшыларың ары кеткенде бір апта, бір ай мақтауы мүмкін, сосын ұмытылады. Басқа  тілшінің жақсы мақаласының даңқы басып кетеді. Ал, жақсы әңгіме жазып, оны жұрт мақтаса, өмір бойы айтып жүреді…

Сол күні қайта туып, жарық дүниеге қайта келгендей күй кеш кенім есімде… Ұялы телефонымның қызыл «төшкісін» басқаннан кейін де көпке дейін ағаның айтқан әңгімесінің әсерінен шыға алмадым. Пендеміз ғой, егер үлкен кісілер қолдау көрсетіп жатса, бірден екі ортаны жалғайтын бір байланыс іздейтініміз бар. Бірақ ол кісі менің туысым емес. Тіпті, жерлесім, руласым да емес. Сондықтан көпке дейін бұл жағдайға аң-таң болып жүргенім рас. Әрине, оған дейін де жазушы болсам деп армандап, болашақ әңгімелерімді жоспарлап, қол тигенде шағын дүниелер жазып тастайтынмын. Рахымжан ағамен болған әңгіме жан дүниеме үлкен төңкеріс жасады. Бір күнде, тіпті бір сәтте есейіп, ақыл тоқтатып, жасыратыны жоқ, өзімді кішігірім жазушы сияқты сезініп, қағаздарымды қайтадан ақтара бастадым. Әрине, күні бүгінге дейін төңкеріп тастаған түгім жоқ. Бірақ Рахымжан ағамен алғашқы тілдесуім көп күш-қуат беріп, ой салып, санамды өзгертіп, жүрегімдегі шығармашылықтың шоғын үрлеп, лаулатқаны анық. Одан кейін де үш-төрт жыл уа қыт өтті. Тек телефон арқы лы тілдесіп жүргенімізде бір де әлеуметтік желіде Рахым жан ағаның «Дара жол» бағдарла масында айтқан әңгімелері кеңінен талқыланды. Аға сол жолы «Шәкірттеріңіз бар ма?» деген сұраққа біраз ізбасарларының есімдерін айта келіп, арасында «Жамбылда Оралхан Дәуіт деген де шәкіртім бар» деп жауап беріпті. Мұны көрген таныстарым құттықтап, ағаның бұл сөзі біраз мерейімді өсіріп, абыройымды көтеріп тастады. «Ойбай, ол кісі «шәкіртім» деген сөзді аванспен айтып тұр ғой. Шәкірті болып, үмітін ақтай алар ма екенмін» деп те ойға қалғаным да рас.

Рахымжан аға екеуміз алғаш рет Астанада жүз көрістік.  Рахымжан Отарбаевтың Әміре туралы жазған шығармасы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында сахналанды. Сол күні аға спектакльдің алдында да, соңында да дастархан жайды. Ағаны жан-жағынан қаумалап, қолпаштап жүрген адам көп. Ә дегеннен байқағаным, Рахымжан аға өзін өте еркін ұстайды. Оң қолының саусақтарын сәт сайын қара шашына салып жіберіп, артқа қарай салалап тарап, қыран бүркіт сияқты иығын қомдап, жан-жағына биіктен қарап отырады екен. Көп адамның ішінде өзі де, сөзі де ерекшеленіп бірден көзге түседі. Спектакльден кейінгі дастарханда Рахымжан аға қонақтарға өзі таныстырып, «Бұл жігіттен ұялып жүрген жағдайым бар… Өзімен келіспей, сыртынан елдің алдында «шәкіртім» деп айтып жібердім. Ұстазым деп мойындай ма, жоқ па, әрине, өзі білер…» деп сөз бастай бергеннен «Аға, мойындаймын. Қайта сіз мені шәкіртім деп тіптен аспандатып жібердіңіз» деп, Рахымжан ағамды құшақтай бердім.

Келесі айда Мәскеуде жолықтық. Мен Астанадан, Рахымжан аға ұлы Ермерей екеуі Атыраудан ұшып келді. М. Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры орыстың атақты ақыны Борис Пастернактың өмірінен жазылған жазушы Георгий Пряхинның «Тергеу» атты пьесасын сахналады. Мәскеуде де ағаға деген құрмет ерекше болды. Георгий Пряхин жан досы екен. Маусым айында Бішкекте қазақ пен қырғыздың ежелден келе жатқан достығын паш етіп, екі елдің өнерін, мәдениетін, әдебиетін тел емген Рахымжан Отарбаевтың драматургиясы негізінде театр фестивалі өтті. Бұл кезде  «Жас Алашқа», Алматыға ауысқан едім. Бір топ әріптестер Бішкекке сау ете қалдық. Бішкек төрінде өткен осынау театр фестивалі бір туған елдердің бауырластығын тағы бір белеске көтеріп тастады. Бір апта бойы Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрында Қырғызстанның түкпір-түкпірінен келген өнер ұжымдары Р.Отарбаевтың пьесаларын сахналап, көрерменді зор қуанышқа бөледі. Осы сапардағы бір сөзінде  Рахымжан аға күнделік жазатынын айтып қалды. Қандай ортада болсын өзін еркін ұстап, еркін сөйлейтін, бірде дала боранындай, бірде тау самалындай боп жүретін жазушының күнделігі кез келген газет үшін үлкен олжа емес пе! Тұра кеп жабыстық. Уәдесінде тұрды. «Көрген-баққанын» «Жас Алашқа» берді. Осы «Көрген-баққаны»  Рахымжан ағаны оқырманға жаңа қырынан таныстырғандай болды. Өйткені аптасына бір рет жарияланған күнделіктің шығу мерзімі ұзарып кетсе, іздеуші оқырманы редакцияның мазасын алып жіберетін.  Алланың құдіреті шығар, ағаның жамбасы жерге тиген күні газетте күнделіктің соңғы жолдары жарияланды. «Көп адам мені  түсінбеді. Мен де түсінікті болуға тырыспадым. Кінә өзімнен шығар. Бірақ бұ қазаққа тым түсінікті болсаң да қиын. Қойныңнан кіреді, қонышыңнан шығады. Өзіміз ғой деп құртады. Арқаңнан тарсылдатып қаққанда көзің шығып кете жаздайды. Одан да өзге боп жүрген тыныш» деп жазған екен Рахымжан көкем сол күнделігінің соңғы жолдарында… Топ бастаған арландай кеудесін биік ұстап, намысына тигенді алып ұратын, рухы биік, жаны нәзік, тілі қарапайым Рахаңды, шы-нында, көп адам түсінсе, «Көрген-баққанын» оқыған соң түсінді-ау деймін. Рахаң, шынында, көпке жағайын, көпке ұнайын деп жақсы көрінуге тыраштанбаған адам. Күнделіктерінен-ақ ағаның мінезі құйын сияқты алай-дүлей болғанын, айтар ойын ірікпей бетке айтатын, талайды тәубесіне түсіріп және ешкімнің көңіліне қарамай, адамдардың пенделік қылықтарын сол қалпында қағазға түсіріп, ашық айтып, ешкімнен жасырып қалмаған жазушы екенін байқаймыз.

Рахымжан аға екеуміз соңғы мәрте Астанада жолықтық. «Дипломат» қонақүйінің мейрамханасында алаңсыз әңгімелестік. «Біреуге еліктеп, тек соған ғана ұқсауға тырыспа. Өйтсең, сол тұлғаны қайталап кетесің. Өз жолыңмен жүр. Әрине, үлгі алуға болады. Бірақ бастан-аяқ ұқсау, соның ізімен ғана жүру дұрыс емес. Мейлінше қарапайым жаз. Оқырманыңа басыңды иіп тұр. Солардың ыңғайына жығыл» деген Рахымжан ағаның даусы әлі күнге құлағымда тұр. Қытайға кетіп бара жатқанын айтты. Бизнес-жоспарлары бар екен. Әңгіме арасында Несіпбек Дәутайұлына, Жанарбек құрдасыма телефон шалып, жағдай сұрастық. Серік Сағынтай деген қаламгермен сөйлестік. Ол жігіттің де жазуын қатты қадірлейді екен.

– Оралхан айналайын, байқайсың ба? Біз үнемі бір елдің астанасында жолығып жүрміз. Ең алдымен осы өзіміздің Астанада жолықтық, одан Мәскеу, Бішкек, енді, міне, тағы да Астанада кездесіп отырмыз. Алла бұйыртса, осы көктемде Өзбекстанда театр фестивалін өткізуді жоспарлап отырмын, сол кезде Ташкентке шақырамын. Сосын ары қарай Түркия, Германия елдерінің де астаналарына жол түсер, – деген еді сол жолы Рахымжан көкем ағынан жарылып. Айтпақшы, сол жолы қолыма «Роман-газета» журналын ұстатып жіберді. Мәскеудің атақты журналы Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» және 16  әңгімесін басып, бір нөмірін тұтастай арнапты. Бұл Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терінен» кейін шығып тұрған қазақ шығармасы екен. Бұл да болса орыс қаламгерлерінің Рахаңның шығармашылығын мойындағаны ғой.

«Рахымжан Отарбаев қайтыс болыпты» дегенді алғаш естігенде, шынымды айтайын, іштей мырс ете қалдым. Өйткені бұл ақпараттың жүз пайыз жалған екеніне сенімім мол еді. «Біреулер шатасып кеткен ғой» деген ой келді. Тек Ұлықбек Есдәулеттің күңіреніп жазған қазанамасын оқығанда ғана жүрегім дір ете қалды. Сонда да «мүмкін емес, қайбір күні ғана телефон арқылы сөйлесіп едім ғой» деп сенбестен Несіпбек ағама телефон шалдым. Сөйтсем, ағам сол түні таңға жуық үзіліпті. Тіптен сене алмадым. Дүние, шынында, жалған екен. Көзімнен аққан жасты көріп үйдегілер үрпиісіп қалды. Оларға не айтарымды да білмедім… Ағамның бар көрген-баққаны осы болғаны ма сонда… Ерте еді ғой әлі… Қайтейін-ай, енді… Неге екенін қайдам, таныстарым телефон шалып, арнайы көңіл айтты. Бәлкім, Рахымжан ағаның шәкірті деп елегендері шығар. Аруағыңнан айналайын, Рахымжан ағам-ай… Бір ауыз сөзімен мейірім-шуағын төгіп, шапағатын тигізіп, құрметке бөлеп кетті ғой. Сол кісінің «шәкіртім» деген бір ауыз сөзінен кейін әдебиетсүйер қауымның маған деген көзқарасының өзгергенін өзім де сезіп жүрдім. Шәкірті болуға жарадым ба, жоқ па, білмеймін, бірақ әріптестерімнің арасында «Бұл  Рахымжан Отарбаевтың шәкірті ғой, Рахаңның өзі солай деп айтқан» дегендерін естіп, төбем көкке бір елі жетпей қалушы еді. Әрине, ағаның ықыласы маған түскеніне өзім де аң-таң болып жүрдім. Шәкіртім деп неге айтты екен? Қазір де бұл жағдай мен үшін жұмбақ. Бірақ мен үшін «Рахымжанның шәкірті» дегеннен асқан атақ жоқ. Иманыңыз саламат болсын, аға. Мен үшін бұл сөздерді айту өте ауыр. Бірақ айтуға тиіспін. Жүрген жеріңіз жәннат болсын. Мен ризамын сізге…

Оралхан Дәуіт

Астана

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.