Газетіміздің алдыңғы нөмірлерінің бірінде математик ғалым Дурвудхан Сұрағанның сұхбатын жариялаған едік («Жұрынов жұлынып тұрса, жас ғалымдар елден кетпегенде не істейді?», «Жас Алаш», №15, 27 ақпан 2017 жыл). Сол сұхбатында Д.Сұраған ғылыми жобаларға мемлекеттік грант бөлу мәселесін шешетін ұлттық ғылыми кеңестерді құру барысында көпе-көрінеу заң бұзылғанын жіліктеп, кейіс білдірген еді. Тіпті сол уақытта әділетсіздіктен әбден күйінген жас ғалым «мәселе шешімін таппаса, шетелде өзімді керек қылатын ғылыми ордаларға барып жұмыс істейтін шығармын» деп назданған. Ғалымның еңбегін өз елі тиісті деңгейде елеп-ескермей жатқанымен, Д.Сұрағанның математика ғылымына қосқан елеулі еңбегі халықаралық деңгейде бағаланып, жақында оған әлемдік Ferran Synyer i Balaguer сыйлығы берілді. Бұл – жыл сайын әлем бойынша математика саласында жазылған ең үздік бір ғана еңбекке берілетін аса беделді сыйлық. Сөйтіп, 2018 жылғы Ferran Synyer i Balaguer сыйлығы мен оған қоса берілетін 15 мың евро сыйақыны отандасымыз иеленіпті. Бұл қуанышты хабарды ести сала Д.Сұрағанның өзіне хабарласып, құттықтаған едік

-Дурвудхан, сыйлығыңыз құтты болсын!

-Рақмет.

Математика саласы бойынша әлемдегі ең үздік монографияға берілетін бұл сыйлыққа қалай қол жеткіздіңіз? Қандай еңбек жазған едіңіз?

Ұлыбританиядағы Imperial College London оқу орнында ғылыми зерттеу жасап жүрген кезден бастап математиканың екі саласы – талдау мен алгебраның тоғысқан бағытында жұмыс істеп, жаңалықтар іздей бастадық. Беделді ғылыми журналдарға ғылыми мақалалар жарияладық. Сөйтіп, ол мақалалар саны мен айтарымыз көбейген соң, осы саладағы мамандар математикалық қауымға қолжетімді болатын кітап жазыңдар деп ұсынды. Бірақ елге қайтып кетіп, қолым жетпей жүрген бір іс осы еді. Дегенмен сол оқу орнында жұмыс істейтін мақалаларға авторлас болған әріптесіммен бірге кітап қолжазбасын жазып бітірдік. Бірақ оны баспаға бермес бұрын, алдымен осындай сыйлыққа тапсырып көрсек қайтеді деген ой келді. Шынын айтқанда, адам кітап жазғанда сыйлық алу үшін жазбайды ғой. Зерттеу жасасам, жаңалық ашсам деп ізденеді. Сол сияқты біз де кітапты сыйлыққа ұсынғанда сыйақы алуды емес, еңбегімізге сын-пікір алуды көздедік. Өйткені бұл сыйлықты тағайындайтын комиссияға математика саласындағы халықаралық танымал ғалымдар мүше. Сондықтан олардан пікір есту біз үшін өте маңызды болатын.

Еңбегіміз «Біртекті топтардағы Харди теңсіздіктері» деп аталады. Қарапайым тілмен айтқанда, біз математикадағы жаңа теорияны құрастырып шықтық.

Сыйлық қашан тапсырылады?

— Әуелі 19 сәуір күні Барселона университетінде осы тақырыпта лекция өткіземіз. Ал 20 сәуір күні Каталония зерттеу институтында бізді салтанатты түрде марапаттап, сыйлық тапсырады. Бұл сыйлықтың бірден-бір ерекшелігі – оны иеленген еңбек «Букхаузер» баспасының «Математикадағы прогрестер» бөлімінен басылып шығып, әлемдегі оқу орындары мен ірі кітапханаларға таратылады. Есесіне бұдан кітап авторларына қомақты пайда түседі. Кітап саудасынан өмір бойы табыс түсіп тұрады. Бірақ бұл еңбекті бірігіп жазған автор екеуміз кітап сатудан түсетін пайдадан бас тартамыз деп шештік. Кітапты тегін таратамыз. Кітапты басып шығару мен таратудың шығынын Англиядағы жаратылыстану ғылымдары бойынша грант бөлетін қор өтейтін болды. Бұл кітапты жеке бастың пайдасы үшін жазған жоқпыз ғой, сол себепті пайдалы дүние тегін таратылып, оқырманына жол тапса дейміз.

Бәрекелді! Өкшеңізді басып келе жатқан жастарға жақсы үлгі болатын іс екен. Басқа алып-қосарыңыз бар ма?

Иә, айтпағым, өзім қарапайым отбасынан шығып, қатардағы мектепте оқып, өз күшіммен оқуға түсіп, жатақханада ел қатарлы тұрған адаммын. Математикаға қызығып, өз бетіммен, жетекшілерімнің көмегімен оқып-үйрендім. Ағылшын тілін кейіннен үйрендім. Бірақ қатардағы математик, менің өзімнің, Қазақстандағы іргелі ғылымға үлес қосып, қазақстандық ғылымның атын әлемдік деңгейде шығаруға мүмкіндігім бар екен. Сондықтан осы нәрсе ғылымға келуге ниетті жастарға үлгі болса екен деймін.

Әңгімеңізге рақмет.

Дайындаған З.ЖЫЛҚЫБЕК

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.