Ұлыбританияда уланған Ресейдің бұрынғы тыңшысы Сергей Скрипальдің қызы Юлияның есін жиғаны хабарланды. Елдің ұлттық денсаулық сақтау ұйымы 33 жастағы Юлия Скрипальдің халі жақсарып келе жатқанын, бұрынғыдай «әл үстінде емес екенін» мәлімдеді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Сергей Скрипальдің өзі бұрынғыдай ес-түссіз жан сақтау бөлімінде жатыр.

66 жастағы Сергей Скрипаль мен қызы 4 наурызда Солсбери қаласының орталығында аса ауыр халде табылып, қалалық ауруханға түскен. Ұлыбритания билігі әкеі мен қызына әлдекімдер «Новичок» атты аса жойқын жүйке жүйесінің уын бергенін, бұл шабуылды Ресей ұйымдастыруы мүмкін екенін хабарлаған. Терроризммен күрес қызметінің тергеушілері удың ең көп мөлшері Скрипаль тұрған үйдің сыртқы есігінен табылғанын жариялаған.

 

«Скрипаль ісін» тексеру кезінде Ұлыбритания 23 ресейлік дипломатты елден қуған. Лондонға қолдау білдіру ишарасы ретінде және отыз шақты ел 100-ден астам ресейлік елшілік өкілдерін кері қайтарған. Мәскеу бұрынғы әскери тыңшыны улауға қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Ресейдің сыртқы істер министрлігі Ұлыбритания билігін ресейлік азаматтарды қорғайтын қауқары жоқ деп айыптаған.

Сергей Скрипаль ұлыбританиялық барлау қызметіне жәрдем қылды деген айыппен кезінде Ресейде сотталып, кейін АҚШ-пен тыңшы алмасу кезінде Ұлыбританияға жөнелтілген. Соңғы бірнеше жыл ішінде оның әйелі мен ұлы қайтыс болып, қызы Юлия әкесіне Ресейден келіп-кетіп тұрған.

Көре отырыңыз: Ұлыбританияда тыңшыға қастандық жасау дауы ұлғайып тұр

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.