Бейбіт шеруге рұқсат сұраушылар Қытай үкіметіне талап қоймақ

1162

Туыстары Қытайда қудаланып жатқан бір топ қандас 30 наурыз күні Алматы қалалық әкімдігіне барып, бейбіт шеру өткізуге өтініш тапсырды. Әкімдіктен 8 сәуір күні Сарыарқа кинотеатрының артында шеру өткізуге рұқсат сұраушылар бейбіт жиында Қытай үкіметінен қазақтарды негізсіз қудалау мен қамауды тоқтатып, ет жақын туыстарын босатуды талап етпек.

Әкімдікке келген он шақты қандастың әрқайсысының туыстары Қытайда қудаланып, қамауға алынған. Олардың арасында Қазақстан азаматтары да бар. Солардың бірі ­– 31 жастағы Құрмет ЕРСІНБЕК. Оның жұбайы Анар САЙДАХМЕТТІҢ айтуынша, күйеуі осыдан үш ай бұрын 3 жастағы баласын емдету үшін Қытайға жол тартқан.

«Күйеуімді саяси үйрену орталығында ұстап отыр. Сыртқы істер министрлігіне шағымданғанмын. Олар бұл іске араласып жатыр. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Уақыт болса өтіп жатыр. Ол жақта бір күн жатудың өзі оңай емес қой», ­ – дейді ол.

Күйеуі Ербақыт ҚАЛЕН Қытайға кеткелі бері одан хабар-ошар ала алмай отырған Жұмагүл Мұратбай жолдасын Қытайдағы жергілікті биліктің өзі шақыртып алған дейді. «Күйеуім Қазақстан азаматтығын алып үлгермеген. Қытайға былтырғы жылдың қазанында кетіп еді. Сол жақта хабар жеткзіп тұратын туыстарымыз бар. Айтуларынша, күйеуім саяси үйрену орталығында», ­– дейді Ж.МҰРАТБАЙ.

Ал әкімдікке келген Нұрзат БЕРДЫХАННЫҢ екі бірдей туысы қудалауға ұшыраған. «Кіші әкемнің әйелі Жеңісгүл ШӨНЕШҚЫЗЫНЫҢ құжатын тартып алып, сол бойы бермеген. Ал былтырғы жылдың маусымында Қытайға кеткен қайын әпкем Гүлжан ЕРЕЖЕПТІ желтоқсанның 14-і күні қамауға алып кетіпті. Осындағы балаларын өзіміз қарап отырмыз», – дейді ол.

Солдан оңға қарай: Нұрзат Бердіхан, Мариямгүл Манап және Жұмагүл Мұратбай

Осы кезде әңгімеге араласқан Мариямгүл МАНАПТЫҢ айтуына қарағанда, Қазақстанға көшіп келіп, әне-міне азаматтық аламын деп жүрген ұлы Жеңіснұр Ұлжан да саяси үйрену орталығына қамалған көрінеді. «Былтырғы жылдың маусымында немеремнің визасы біткен соң, соны қайта аштыру үшін Қытайға кеткен еді. Желтоқсанның 19-ы күні саяси үйренуге алып кетіпті. Қазір не күйде жатқанын да білмейміз», – дейді ол.

Әкімдікке тәтесі Әнейгүл Айдарханмен бірге ілесіп келген 14 жастағы Айбота Болат былтырғы жылдың қыркүйегінде Қытайға кеткен әке-шешесі мен інісінен хабар үзілгенін айтады.

«Айботаның әкесі Айдархан Болат және шешесі Бағила Берікбол кіші ұлдарын емдету үшін Қытайға кеткен. Екі айдан бері еш хабар жоқ. Саяси үйрену орталығында ма, басқа жақта ма, білмейміз», ­ – дейді Ә.Айдархан.

2017 жылдың наурызында Қытайға іссапармен барған кезінде белгісіз себептермен қамауға алынып, 8 ай түрмеде отырған Өмірбек Бекалы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің араласуымен қараша айында босап шығып, елге оралған еді. Бірақ Ө.Бекалы өзі бостандыққа шықса да, Қытайдағы анасы мен қарындасы саяси үйрену орталығында қалып отырғанын айтады.

«Қарындасымды наурыздың 10-ы күні алып кетіпті. Анамның қамалғанына бір жыл болды. Өзім қамауда отырғанымда сондағылар «сендер адам емессіңдер, біреуге керек болсаңдар – келіп алып кетсін, осында шіріп өлесіңдер» дегенді ашықтан-ашық айтты», – дейді ол.

«Мұндай жағдайда қазақ билігіне жанайқымызды жеткізіп, Қытай үкіметіне талап қоюдың жалғыз жолы – бейбіт шеру өткізу» дейді әкімдікке жиналған қандастар. Бейбіт шеруге рұқсат сұраушылар оған мың шақты адам қатысады деп жоспарлап отыр. Бейбіт шеру өткізу жөніндегі өтінішін қабылдап алған Алматы қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөлімі оған 15 күн ішінде жауап бермек.

Зере Жылқыбек

Фотолар автордікі. 

 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.