Ақмола облысы, Есіл ауданы, Курское ауылының әкімі Владимир РОГОЗНЫЙ кісі өліміне қатысы бар деген айыпен істі болды. Яғни оның үстінен Қылмыстық кодекстің 105-ші, «өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Марқұм болған азаматтың туыстары бауырларының өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін еместігін айтады. Олар әкімнің атпалдай азаматты соққыға жығып өз қолымен өлтіргеніне сенімді. Енді қандықол қылмыскер тиісті жазадан құтылып кете ме деп алаңдаулы.

Курское ауылының тұрғындары: әкіміміз кісі өлтірді
Марқұм Баржақсы Жәмішевтің бейіті

Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында болған қанды оқиға Есіл ауданына қарасты Курское ауылын дүр сілкіндірді. Ауыл тұрғындарының айтуларынша, 9 наурыз күні жергілікті дәмханалардың бірінде ауыл әкімі Владимир Рогозныйдың бауыры А.Войтенко (1986 жылы дүниеге келген бұл азамат бұрын сотталып шыққан)  мен жеке кәсіпкер Баржақсы ЖӘМІШЕВ сөзге келіп қалса керек. Арада бір апта өткен соң інісін ренжіткен адамнан кек алу үшін әкім Жәмішевтің үйіне келіп, кәсіпкерді ертіп кеткен.

Курское ауылының тұрғындары: әкіміміз кісі өлтірді
Марқұмның жары мен ұлы

-Жолдасым көп уақыт жоғаған соң алаңдай бастадым. Телефонын алмаған соң, әкімнің өзіне хабарластық. Ол Есілдеміз деді. Баржақсыны аудан орталығына алып кетіп, соққыға жыққан. Оны ұрғандары сонша, Баржақсы жанына барған мені де танымай қалды. Бет-аузы көгеріп, басы ісіп кеткен. Біз оны дереу ауруханаға апардық. Оған шұғыл түрде ота жасалды. Алайда жолдасым есін жиған жоқ. 5 күн ес-түссіз жатып, 22 наурыз ауруханада көз жұмды, — марқұмның жұбайы Татьяна ЖӘМІШЕВА.  

Полицейлерге берген түсінігінде Рогозный «Жәмішев қатты мас болып, жүріп бара жатқан көліктен шығып кетпекші болды» деген. Осыған сүйенген полицейлер Қылмыстық кодекстің 105-ші, яғни «өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Алайда марқұмның туыстары мен ауылдастары мұнымен келіспеді.

Курское ауылының тұрғындары: әкіміміз кісі өлтірді
Айнабек Жаңабергенов

-Оны адам деуге тіл бармайды. Өлтірген. Заң органдары істі дұрыс қарап, жазасын берсін, — дейді Курска ауылының имамы Айнабек ЖАҢАБЕРГЕНОВ.

Курское ауылының тұрғындары: әкіміміз кісі өлтірді
Күләш Әбдікәрімова

-Бұл істі аяқсыз қалдырмасын деп өтінеміз, сұраймыз. Ауыл болып әкімнің жазаға тартылуын талап етеміз, — дейді Курское ауылының тағы бір тұрғыны Күләш ӘБДІКӘРІМОВА.

Владимир Рогозный Курское ауылының әкімі болып былтырғы жылы тағайындалған. Ақмола облыстық әдептік кеңес отырысының шешімі бойынша 28 наурыз күні қызметінен босатылып, қылмыстық іс облыстық ІІД-не жіберілді.

Курское ауылының тұрғындары: әкіміміз кісі өлтірді
Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі Әсем Әбдірахманова

-Қылмыстық кодекстің 105-бабы, яғни өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бұдан бөлек, Рогозный осыған дейін мас күйінде көлік тізгіндегені үшін 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған. Ал Жәмішевпен кездескенде машинаның рөлінде өзі отырған. Сондықтан, күдіктінің ісі 346-бап бойынша да қаралып жатыр, — дейді Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі Әсем ӘБДІРАХМАНОВА. 

Владимир Рогозный ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйіне жіберілген. Оны іздеп барған zhasalash.kz тілшісі үйінен таба алмады.Телефонына хабарласқанымызда, тергеу амалдары жүрігізіліп жатқандықтан, қандай да бір ақпарат таратуға болмайтындығын жеткізді.  Ал Жәмішевтің шын мәнінде неден көз жұмғаны қостанайлық тәуелсіз сарапшылар жүргізіп жатқан сараптама нәтижесінен кейін белгілі болады.

Курское ауылының тұрғындары: әкіміміз кісі өлтірді
Марқұм Баржақсы Жәмішевтің соңғы суреті

Марқұм Баржақсы Жәмішевтің туыстары берген фотода оны таяққа жыққаны көрініп тұр. Алайда полицияның «кісі өлтіру» бабы бойынша іс қозғамауы түсініксіз.  zhasalash.kz  бұл істі өз бақылауына алатын болады.

Ерболат Асылбеков, Көкшетау

Фотолар автордікі.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.