Экономика ғылымының докторы Мағбат Спановтың ойынша, айдың күні аманда президенттің жоқ жерден  әлеуметтік бес бастама көтеруі тегін емес. Билік осындай жолмен халыққа қамқорлық жасағандай болып, транзит алдында ұпай жинап жастарға жағынбақ. Бірақ іс жүзінде Қазақстан экономикасының дамуы 2007 жылдан бері қарай тоқтады. Әрі қазіргі жүйе тұрғанда елдің дамуы екіталай. Бұл ретте М.Спанов «жетістікке жетіп өркендеуіміз үшін жүйе түбегейлі өзгеруі керек» дейді. М.Спановпен арадағы әңгімеміз президенттің бес бастамасы, елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал, билік транзиті мен ықтимал президент төңірегінде өрбіді.

 Транзит алдында халыққа жағыну

– Мағбат Уарысбекұлы, қазір елде қызу сайлауалды науқан жүріп жатқан жоқ, саяси ортада белсенділік танытып жүрген оппозиция, саяси идеялардың анау айтқандай бәсекесі де жоқ. Соған қарамастан, осындай өліара шақта президент Н.Назарбаев күтпеген жерден әлеуметтік бес бастама көтерді. Бұл бастамалар неге дәл қазір көтерілді?

Бірден кесіп айтатын нәрсе – елдің дамуы тоқтады. Ә дегеннен осыны айтқаным біртүрлі оғаш көрінсе де, шындық осы. Әрі бұл барлық көрсеткіштерден: халықтың азаматтық белсенділігі, саяси жүйенің дамуы мен экономикалық көрсеткіштерден анық аңғарылады. Өз басым бұл бастамаларды биліктегі транзиттік кезеңмен байланыстырамын. Сол кезеңде ахуал бақылаудан шығып кетпеуі үшін халыққа қамқорлық жасайтын жүйені құруға талпыныс жасалуда. Шенеуніктер мұны «президент халыққа қамқорлық жасап жатыр» деп әспеттегенімен, бұл – президенттің тікелей міндеті. Тіпті Конституцияның өзінде елде қабылданатын кез келген заң халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрмысын, әл-ауқатын жақсартуға бағытталуы тиіс делінген. Иә, бұл бастамалар халыққа жағу үшін, жұрт көңілін табу үшін транзит кезеңіне дайындық ретінде жасалып жатқан дүние. Түптеп келгенде осы бес бастаманы қауіпсіздік кеңесі туралы заңмен де байланыстыруға болады. Президент, былайша айтқанда, Конституцияны кезекті рет өзгертіп жатыр. Бұл неге әкеп соқтыратынын ешкім білмейді.

Әлбетте, әлеуметтік бастамаларға мойын бұрғаны қисынды. Бірақ елдегі макроэкономикалық ахуалға үңілсек, 2007 жылдан кейін елдің саяси және экономикалық дамуы тоқтағаны анық. Мұны неден байқауға болады? Біріншіден, ішкі жалпы өнімнің өсімі. Соңғы 10 жылда ішкі жалпы өнім ең көп дегенде 4 пайызға ғана былтырғы жылы өскен. Екіншіден, саяси партиялар. Елде Ата заң бірнеше мәрте өзгертілсе де, саяси партиялар идея, мәселе шешімін ұсынатын жол бастаушы емес. Бәрін билік өзі шешеді. Өз басым белгілі бір жетістікке жету үшін бағдарлама болуы тиіс дегенді құптасам да, бізде қабылданған бағдарламалар бастан асады. 2012 жылы «Қазақстан–2050» стратегиясы ұсынылған жолдаудан бергі қарайғы кезеңде қаншама бағдарлама қабылданды: үдемелі даму бағдарламасы, кластерлеу, «Жүз қадам», «Сандық Қазақстан». Шенеуніктер сандық экономика дегенді ауызға алып жүр, бірақ сандық экономика деген жоқ, экономиканы сандық технологияландыру бар. Сосын ішкі жалпы өнімді сегіз жыл ішінде 30 пайызға өсіру деген күлкілі көрсеткіш. Қазақстан үкіметін Тасмағамбетов басқарған тұста ел экономикасы үш жылда 30 пайызға өсті. Бәлкім, бұған баз біреулер ол уақытта мұнай бағасы шарықтап тұрды деген уәж келтірер. Бірақ макроэкономист және қоғамтанушы ретінде айтарым, қоғам дамуын белгілейтін заңдар, жалпы, экономика заңдары бар. Өкінішке қарай, бізде мұның ешқайсысын назарға ілмей, қазіргі билік жүйесін сақтап қалу үшін барын салып жатыр. Неге? Мәселен, 90-жылдары реформа бастаған президент өндірістің екі қозғаушы тетігі – капитал және жұмыс күшіне ерік берді. Сөйтіп, жекеменшік пен жалдамалы жұмысшылар пайда болып, ел қарқынды дами бастады. 1999 жылы дамудың шарықтау кезеңінде жеке сектордың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 85 пайызға жетті. Бүгінде мемлекеттік және квазисектордың ішкі жалпы өнімдегі үлесі – 70 пайыз. Бұл – бір.

Екіншіден, Тасмағамбетов үкіметке жетекшілік еткенде ол өндірістің тағы екі қосымша факторын қоспақ болды. Соның бірі жер еді, бірақ ол уақытта бұл туралы сөз қозғаудың өзі ерте болатын. Екіншісі – оның кезінде индустриалды-инновациялық даму стратегиясы жасалды. Демек, кезіндегі бір үкімет одан кейінгі бүкіл үкіметтерден жақсырақ жұмыс істеді.

Бұл – екі. Үшіншіден, бізде халықтың бар екенін тек сайлауалды науқан алдында ғана еске түсіре бастайды. Экономиканы сандық технологияландыруды қабылдаған кезде ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов алдыңғы бағдарламалар, жалпы алғанда, орындалып бітті деді. Сонда олар қалай орындалды, қалай мақсатына жетті? Экономист ретінде осыны түсінгім келеді. Ішкі жалпы өнім өсімін алсақ, ол орташа есеппен 1,2-1,5 пайыз көлемінде болды. Мұны экономика өсімі деуге болмайды. Инвестиция көлемін алатын болсақ, оның да көлемі қысқарды. Инфрақұрылымды алсақ, құбырлар жарылып, жолдардың тоз-тозы шығып жатыр. Яғни бұл көрсеткіштердің ешқайсысын реттемей, мемлекеттік капитализмге басымдық беріп жатыр. Ең сұмдығы, қазір Ұлттық қор төңірегінде үлкен халықаралық дау-дамайдан көз ашпай қалдық.

Елдегі жалпы экономикалық-саяси ахуалға қарағанда, өкілеттіліктерді өткізіп беруге дайындық жүріп жатыр. Саясаткер үшін билікке қалай келгенінен гөрі биліктен қалай кеткені маңызды. Егер халықпен келіспей, жұрт қолдамайтын біреуге билікті өткізіп берсе, онда елде әлеуметтік жарылыс болуы мүмкін. Келесі басшы халық қолдауына сөзсіз ие болуы тиіс. Бұл кім болуы  мүмкін деген мәселені халықтың өзі шешер. Ал мына әлеуметтік бес бастама ертеңгі күні мерзімінен ерте президенттік сайлау бола қалса, әлеуметтік мәселені шешіп жатырмыз деп халық алдында ұпай жинау үшін қажет.

Десек те, Халық банкі зерттеушілері девальвациядан кейінгі соңғы үш жылда нақты жалақы көлемі төмендегенін мәлім етті. Яғни бұл – халықтың сатып алушылық қабілеті төмендеді деген сөз. Реті келіп тұрғанда айта кететіні, бүкіл капиталдың бір банкте немесе банктер тобында шоғырлануы қауіпті. Әсіресе зейнетақы қоры, Ұлттық қор төңірегіндегі мәселелерді ескерсек, бұл мемлекеттің күйреуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Ал банк жүйесіндегі ахуал 2007 жылдан бері тек нашарлаудың үстіне нашарлай түскен, бұрын БТА, Халық банкі, Қазкоммерцбанк негізгі жүйеқұраушы банктер болса, қазір оның біреуі ғана – Халық банкі қалған. Онда капиталдың 70 пайызы шоғырланған. Егер осы банк проблемаға тап болса, зейнетақы қоры мен Ұлттық қор төңірегіндегі мәселелерді ескерсек, мемлекет оған қол ұшын соза ала ма?

Жүйе өзгермесе, мемлекет банкротқа ұшырауы мүмкін

 – Сонда мемлекет жағдайды түсінбей отыр ма?

– Түсінетін шығар, бірақ оған қарсы ешкім үн қата алмайды. Бүкіл қаржы ресурстары – халық пен кәсіпорын ресурстарын бір институтта шоғырландыруға болмайды. Егер мемлекет мұны түсінбей жатса әрі Ұлттық банк төрағасы банктерге ақша құю арқылы оларды құтқарып жүрмін деп жұбанса, бұған айтарым, 2007 жылдан бері отандық банк жүйесінің ахуалы бір түйір де жақсарған жоқ, қайта құлдырау үстінде. Қайтпайтын, күмәнді несиелер көлемі арта түсуде, барлық банктер пруденциалды нормативтерді бұзып отыр. Мұның барлығы маған баяғы Совет Одағында Рыжков премьер-министр  болған кезеңді елестетеді. Премьер-министр Рыжков болғанымен, ол тұста экономика жоқ еді. Тура сол сияқты қазір Сағынтаев үкіметке жетекшілік етіп жүр, бірақ экономика атымен жоқ. Сарапшылар «енді аз уақыттан кейін Өзбекстан бізді басып озады» деп жүр. Өз басым мұны қуаттамаймын, өйткені Мирзиеев ең алдымен елдің ішкі мәселесін шешіп алуы керек. Оған шамамен 5-7 жыл кетер. Бірақ ол ішкі мәселені түбегейлі шешіп алса, біз, расында да, Орталық Азияның көш соңында қалуымыз ғажап емес. Сондықтан қазір қолымыз жеткен табысқа мастанбай, сең болып қатқан мәселелерді шешу керек.

Кезінде Ораз Жандосов «біздің басты проблемамыз – билік пен меншіктің бөлінбеуі» деген еді. Монополизм, заңға томпақ шешімдер, жемқорлық, қысқасы, елдегі бүкіл проблема билік пен меншіктің бөлінбеуінен бастау алады.

Жемқорлықпен күресеміз деп премьер-министр қызметін атқарған адамға дейін тұтқындады. Бірақ халық бәрібір сенбейді. Себебі неге миллион доллар төлеген біреу түрмеге қамалмай бостандыққа шығады да, біреуді 5-10 мың теңге үшін түрмеге тоғытады? Яғни заң жұмыс істемейді, халықтың билікке сенбейтіні де содан. Мұнан бөлек, бүкіл құқықтық мәселе елдегі сот жүйесіне келіп тіреледі. Сот жүйесін биліктің атқарушы тармағы қадағаламауы керек, сот жүйесін парламент бақылауға алуы тиіс. Парламенттегі адамдар, әйтеуір, ауысып тұратындықтан, сот жүйесіне ықпал ете алмайды. Ал сот жүйесінің кеңесі үстінен қазір қарап тұрған президент әкімшілігі бүкіл сот жүйесін бақылап отыр.

– Алайда қазіргі саяси жүйеде парламент мықты саяси институт емес.

Иә, бірақ бірдеңеден бастау керек қой. Жаппай жазалау мен қамау жүріп жатқан жерде жүйені ауыстыру керек.

Тағы бір айтып өтетін нәрсе, түрлі бағдарламалардан шаршадық. Үсті-үстіне қабылданып жатқан бағдарламалардың қайсысы маңызды – аражігін ажырата алмай шатасып біттік. Қабылданған бағдарлама қалай іске асқаны жөнінде есеп беріп жатқан жан жоқ. Әр үш жыл сайын бағдарлама бойынша есеп беріліп, ол орындалып жатса, бағдарламаға жауаптылар қызметінде қала беруі керек, орындалмай ма – орындарын босатсын.

– Неге солай есеп берілмейді?

– Өйткені бізде суперпрезиденттік жүйе орнаған. Былтырғы жылы өкілеттіліктердің бір бөлігі билік тармақтары арасында бөлінеді делінді. Бірақ бәрі сол бәз-баяғы қалпында қалып отыр, тіпті президент үкіметтен көбірек талап ете бастады. Бірақ премьердің не істеп жүргені белгісіз, мүлде көзге түспейді. Экономиканы дамыту бойынша өз ұстанымы, көзқарасы болса дейсің. Ондай ұстанымы болмаған соң да, түрлі бағдарламалар толассыз қабылданатыны түсінікті.

Енді әлеуметтік бес бастама аясында жастардың оқуына қосымша мемлекеттік гранттар бөлмек. Ең басты сұрақ – бұған ақшаны қайдан алмақ? Елдің бюджеті теңгерілмеген, үйлестірілмеген. Бюджет шығыс бөлігінің 50 пайызын Ұлттық қор есебінен жауып отырмыз. Салық шығыс бөлігінің жартысын жаппайды. Еліміз көрпесіне қарай көсіліп өмір сүрмейді. Сәйкесінше жүйені өзгертпесек, 2025 жылға қарай мемлекет банкротқа ұшырайды. Қазір жүйені өзгертпесек, Өзбекстан түгіл, Тәжікстанға жете алмай қаламыз. Билік жаңарып, бәсекеге қабілетті саяси партиялық жүйе қалыптасуы тиіс.

Әзірге бастамалар қандай қаржы есебінен, қандай механизм арқылы іске асатыны белгісіз. Ең бастысы, оны кім жүзеге асырады? Қазіргі үкімет ел алдында тұрған міндеттерді орындай алмай жүр. Меніңше, тәуелсіз ел тарихында үкіметке жетекшілік етіп, шын мәнінде жетістікке жете алған екі-ақ премьер бар. Оның бірі  ел экономикасын құлдыраудан аман алып қалған Қажыгелдин болса, екіншісі – экономикаға серпіліс жасауға талпынған Тасмағамбетов.

Шын мәнінде осы бес бастаманың өзі аздық етеді. Биліктің басты проблемасы – қызуы жетіп қайнап тұрған мәселені жабулы қазан күйінде қалдыра беретінінде. Бұл ретте халықпен тікелей диалог жүргізу керек. Жергілікті жердегі басшылар халықпен ақылдасып тұруы қажет. Билік не істеу керектігін түсінеді, бірақ оны қазір елде қалыптасқан саяси ахуалда қалай іске асыратынын өзі білмейді.

Билік өзі құрған жүйенің тұтқынына айналды

 – Ниет бар, бірақ іске асыру жолдары жоқ дейсіз ғой. Неге бұлай?

– Себебі билік өзі құрған жүйенің тұтқынына айналды. Президент бастаманы жария еткені сол еді, шенеуніктер оны іліп әкетіп мақтай бастады. Әлі іске аспаған нәрсені қалайша мақтап-мадақтауға болады? Кез келген бастаманың тиімділігін бағалау үшін кемі үш жыл керек қой.

Айта кететіні, «Қазақстан–2050» стратегиясында айтылған мақсатқа  жету үшін экономика жыл сайын 5-7 пайыздық өсім көрсетуі керек. Оған қол жеткізбесек, 2020 жылы да ештеңе іске аспайды деп кесіп айтуға болады.

– Десек те, осы жерде әлеуметтік бес бастамаға қайта оралсақ. «7-20-25» атты тұрғын үйге ипотекалық несие алуға арналған бірінші бастамасы көңілге қонымды көрінгенімен, 25 жылға несие алатындар оны еселеп қайтаратыны түсінікті. Осы бастаманың арқасында баспана жастарға қолжетімді бола түседі деп есептейсіз бе?

– Бәріне бірдей қолжетімді болады деуге келмейді, кейбір бөлігіне қолжетімді болар, бірақ олардың өзіне несие алуға ата-анасы көмектесер. Шын мәнінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бағдарламасы бұдан еш кем емес. Әңгіме басында айтып өткендей, әлеуметтік жеңілдіктерден барынша қағылған жастардың көңілін табу үшін жасалған нәрсе бұл. Себебі билік 1986 жылғы оқиғаның қозғаушы күші жастар болғанын жақсы біледі. Жастар арасында қызып тұрған баспана мәселесі жарылысқа айналмауы үшін осындай қадамға барды. Енді бұл мақсатқа банктерге қаржы бөледі. Бірақ бұл мәселені түбегейлі шешпейді, белгілі бір дәрежеде билік осыны шешіп жатырмыз деген имидж қалыптастырады. Әзірге мұның іске асу жолдары белгісіз болғандықтан, алдын ала бұл бастама керемет дей алмаймын. Әуелі іске ассын, арғысын сосын көре жатармыз.

– Онда келесі бастама – қосымша 20 мың мемлекеттік грант бөлуді сөз етсек. Оның жартысынан астамы техникалық және аграрлық мамандықтарға бөлінетіні айтылды. Шын мәнінде нарықта бұл мамандықтарға сұраныс бар ма, оларға қандай сұраныс бары зерттеліп, зерделене ме?

–  2017 жылы 54 мың мемлекеттік грант бөлініпті. Мұның үстіне 20 мың грант қосып бермек. Алайда білім және ғылым министрлігі былтыр 40 мың грант бөлгенін мәлімдеген. Қалған 14 мыңы үкіметаралық гранттар болар. Енді жалпы жиынтықта 74 мың грант болмақ. Бұл ең алдымен 2000 жылдардағы демографиялық дүмпумен байланысты. Былтыр 150 мың бала мектеп бітірсе, енді биылдан бастап мектеп бітірушілер саны 300-400 мыңға жетпек. Яғни 150 мың балаға 40 мың грант берсе, биыл саны екі есеге артатын түлектерге небәрі 20 мың қосымша грант бөлінбек. Демек, бұл бәрібір мәселені шешпейді. Бұл – бір.

Екіншіден, жақында үкімет елде жыл сайын 35-40 мың жұмыс орны ашылатынын жеткізді. Бұл нені көрсетеді? Бұл – жоғары оқу орнын бітірген түлектердің жартысы мамандықты керек қылмайтын еңбекпен айналысады немесе шетелге кетіп жұмыс істейді деген сөз.

2016 жылғы деректерге қарағанда, елде 3,5 миллион адам жұмыс істейді. Халық санағы бойынша еңбекке жарамды 9 миллион адам бар. Сонда қалған 5,5 млн адам қайда? Оның 1,5 миллионы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Сонда қалған халық нан-тұзын қалай ажыратып жүр? Бәлкім, қалғаны полицей, әскер, гвардияда жүрген шығар. Шетел деректеріне қарағанда, әскер саны 50 мың, полицейлер саны 150-300 мың, асып кетсе 500 мыңдай адам күштік құрылымдарда қызмет етіп жүр. Сонда да қалған халық қалай күн көріп жүр? Яғни еңбекке жарамды халықтың потенциалын үкімет пайдаланып жүрген жоқ. Оған, әлбетте, бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыра алатын үкімет керек. Ең алдымен макроэкономикалық ортаны өзгерту керек. Бірақ әділетті сот жүйесі болмай, макроэкономикалық орта өзгермейді. Әлбетте, оған бір күнде жете салмаймыз, бұл біртіндеп іске асатын нәрсе. Алайда үкіметтің оған уақыты бар ма? Әрине, жоқ. Сондықтан жүйені өзгерту керек. Түптеп келгенде Қазақстан 2005-07 жылдарға дейін дамыды, одан кейін даму тоқтап, тоқырау басталды. Біз бір қадам алға жасасақ, бәсекелестер екі қадам алға  жасайды.

 – Президент көтерген тағы бір бастама – табысы 25 айлық көрсеткіштен аспайтындардың салығын 10 пайыздан 1 пайызға төмендету. Бұл бастама қанша адамды қамтиды? Олар үшін бұл айтарлықтай жеңілдік пе? Бұл мемлекет бюджетіне әсер ете ме?

–  Бұл да биліктің жағымды бейнесін қалыптастыруға арналған қадам. Елде былтырғы жылғы көрсеткіш бойынша орташа айлық жалақы 167 мың теңгеге тең болды, 2016 жылы бұл көрсеткіш 137 мың теңге еді. Бірақ 2017 жылы халықтың сатып алушылық қабілеті төмендегендіктен, сәйкесінше орташа айлық көлемі де 2016 жылмен салыстырғанда азайған. Ал енді 25 айлық есептік көрсеткіш – 60 мың теңге орташа айлықтан екі есе төмен. Демек, ондай айлық алатындардың салығын 1 пайызға төмендеткеннің айтарлықтай макроэкономикалық әсері жоқ.

Мәселенің түп-төркініне тереңірек үңіле түссек, меніңше, салық жүйесін толық өзгерту керек. Себебі елде Атырау, Маңғыстау, Алматы мен Астана ғана жұмыс істеп, қалған аймақтар субвенция есебінен күн көріп отыр. Яғни бір аймақ төрт аймақты асырап отыр. Бұл  ақылға қонымсыз дүние, ең болмағанда бір асыраушы аймаққа бір жәрдем қаржы алушы аймақтан келуі керек. Сондықтан әділетті салық жүйесін құру керек, өйткені қазіргі салық жүйесі орта және шағын бизнестің дамуына жол ашпайды.

Салықты төмендетуге оралсақ, бәлкім, тұрмыс деңгейі төмен 5-7 мың отбасы 1 пайыз салықтың оң әсерін сезінер. Алайда статистика бойынша бізде кедей халықтың саны 10 пайыздан төмен. Бұлар саяси белсенді топ емес, сондықтан салық деңгейін төмендету биліктің жағымды бейнесін қалыптастыруға ғана бағытталған нәрсе. Бұл бастама шамамен 2 миллион адамды қамтиды десек, олар енді 5000 теңгеге аз салық төлейді. Одан бюджетке 10 миллиард теңгеге аз салық түседі. Бірақ бұл бюджетке айтарлықтай әсер етпейді, себебі теңізге құйған судың тамшысындай аз ақша бұл. Алайда, екінші жағынан, тұрмысы төмендерге салықты төмендеттік пе, олай болса, белгілі бір сомадан асырып табатындарға салықты көбейтіп, шығынның орнын толтырайық, теңгерімді сақтайық. Мәселен, 1 миллион теңгеден артық табатындар 12 не 15 пайыз көлемінде салық төлесін.  Бізде бюджеттің шығыс бөлігі – 10 триллион теңге, салықтан түсетін кіріс бөлігі – 5 триллион теңге. Міне, қандай үйлесімсіздік. Сондықтан табысы аз топқа салықты азайтудан айтарлықтай келіп-кетер ештеңе жоқ.  Ал егер, керісінше, салықты басқа тетіктер арқылы 1 триллионға артық жинаса, онда мұның экономикаға әсері болар еді. Бір ғана «ҚазМұнайГаз» қарызға батпай дұрыс жұмыс істесе немесе «Қазақстан темір жолы» зейнетақы қорына миллиард доллар құймаса, экономикаға пайдасы тиер еді. Бәлкім, ұлттық компания шығынын 1 миллиард долларға қысқартса, қазынаға 300 миллиард теңге түсіп, экономикаға оң әсер етер еді. Міне, мәселе қайда жатыр.

Ақша дегеннен шығады, былтырғы жылы банктерге бюджеттен 600 миллиард теңге көлемінде ақша бөлінді. Жалпы, мемлекет тықыр таянған банктерді бұрыннан құтқарып, қыруар қаржы құйып жүр. Сіздің ойыңызша, банктерді құтқару керек пе?

— Жоқ, құтқарудың қажеті жоқ. Банктерді құтқару 90-жылдардың ортасынан бастау алды. Бір банк банкроттыққа ұшырамай, банктерді құтқару жалғаса бермек. Алдыңғы жылдың бюджетінен Қазкоммерцбанкке 2 триллион теңге бөлу жоспарланған. Бірақ бұл салық төлеушілердің қаржысы ғой, осыны көп ретте естерінен шығарып алып жүреді.

2020 жылдан кейін бізде президент сайлауы өтпек. Қазіргі президент ол сайлауға түсе ме, түспей ме, әзірге белгісіз. Ал жаңа президент дәл қазіргідей банктерге қол ұшын созып жүре ме? Бәлкім, оның алдында банктерден гөрі маңызды жаңа міндеттер тұратын шығар. Мүмкін, қорғанысты күшейтіп, ұлттық мүддені қорғауға тура келетін шығар. Оның үстіне Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғандықтан, ол ұйымның талаптары бойынша 2021 жылдан кейін мемлекеттің жекеменшік қаржы институттарын құтқаруға құқы болмайды. Осы кезде Халық банкі банкроттыққа ұшыраса не болмақ? Активтердің 70 пайызы шоғырланған ірі қаржы институтының құрдымға кеткенін елестетіп көріңізші?!

-Келесі президент болуға кім лайық?

— Халық банкінің иесі кім екенін ескерсек, бұл банктің банкрот болуы мүмкін екенін елестетудің өзі қиын.

2020 жылдан кейін саяси ахуал түбегейлі өзгеруі мүмкін. Ешкім мәңгілік емес. 2010 жылы Ресей–Украина қарым-қатынасын талдаған кезде 2020 жылдан кейін Қырым Ресейге өтетінін болжаған едім. Сол уақытта маған ешкім сенбеген еді. Бірақ өзім алты жылға қателесіппін.

-Келесі президент туралы сөз қозғадық екен, осыны Ресейде 18 наурыз күні өтетін президент сайлауымен байланыстырсақ. Путиннің жеңіске жететіні ешкімнің күмәнін туғызбайтыны анық. Путин алдыңғы мерзімінде Еуразия экономика одағын құрды, Қырымды басып алып, Украинаның шығысына әскер кіргізді. Путиннің келесі президенттік мерзімі Қазақстандағы билік транзитімен тұспа-тұс келуі мүмкін. Олай болса, Путиннің келесі мерзімінен не күтуге болады және оның Қазақстанға әсері қандай болмақ?

-Әлбетте, Ресей мен Путин факторын жоққа шығаруға болмас. Десек те, бәрі Қазақстанның келесі президенті кім болатынына байланысты. Келесі президент Қазақстан мүддесін Назарбаев тәрізді қорғай ала ма – бәрі соған келіп тіреледі. Өз басым Назарбаевтың сыртқы саясатын жалғастыра алатын және халық қолдайтын тұлға ретінде бір ғана адамды көріп тұрмын. Ол – Қазақстанның Ресейдегі қазіргі елшісі. Меніңше, ол ұлттық-патриоттық үкімет құра алатын жалғыз адам. Басқа лайықты адамды көріп тұрғаным жоқ. Мәселен, Дариға Нұрсұлтанқызын алсақ, оның тәжірибесі жоқ, сайлаушылар қолдауына ие емес. Оның үстіне бұрынғы күйеуінің қылмыстары тағы бар. Дариға Нұрсұлтанқызы ол үшін кешірім де сұрамады. Әрі ол, айталық, кәсіпорын басқарып, өз бетінше белгілі бір жетістікке жетті ме? Не болмаса Самат Әбішті алсақ, оны да сайлаушылар қолдамайды. Ел қазір Назарбаевтан кейін не болатынын білмей дал, белгісіздік күйін құшып отыр. Бұлай болмауы тиіс, өйткені бұл мемлекеттің іргесін құрған жалғыз Назарбаев емес, бұған халық та атсалысты. Президент кімді мұрагер етіп белгілесе де, түптің түбінде  халық кімді қолдайды, бәрі соған байланысты болмақ.

-Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен Елнұр Бақытқызы

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.