Алдымен қуанышты екенімізді жеткізгіміз келеді. Соңғы бірер жылдан бері көзден таса болып, Жүрсін Ерманның ғана емес, бүкіл жанкүйерлердің де  көңілін күпті етіп жүрген айтыс өнерінің жарқ етіп, ортамызға қайта оралуы шаттыққа бөлегені рас. Бұл жолы олар «Жүрсіннің жүйріктері» деген айтыс жобасымен көрінді.

Айтысқа шыққан үшінші жұп – шымкенттік Маржан Есжанова мен қарағандылық Дидар Қамиев болды. Айтыс екі бөлімнен тұрады екен. Бірінші бөлімі аяқталған бойда қазылар баға беру үшін алдарындағы қалақшаларын көтерді. Маржан Есжановаға да, Дидар Қамиевке де төрт қазы ең жоғары бағаны көрсетті. Осыдан соң айтыс жайындағы пікірлерін білдіру үшін қазыларға сөз берілді. Қолымызға қалам алдырған жайт та осыған байланысты. Қазылардың қатарындағы Асанәлі Әшімов:

Мен, негізінде, қыздарға бір ұпайды артық беріп отырамын, – дегенде, маналы бері айтыс қуанышына бөленіп отырған көңіліміз қолқ ете түсті. Онысы несі, сайыстың, өнер жарысының бағасы әркім өз қалауынша үлестіретін, құдалықта кигізетін киіт пе екен? Ұпай жарысқа түскен жүйріктің шабысына байланысты болмайтын ба еді? Асекең оны білмейтін кісі емес, өнердің өз адамы. Бірақ айтыс өнерінің емес! Айтыс өнері мен сахна, кино өнері бір-бірімен мүлде қоңсы қонбайды. Айтыста сөз маржандарын өзің іздейсің, өзің табасың. Ал сахна мен кинода біреудің аузыңа салып берген сөзін өзіне тән бояуымен дыбыстап, соған сай әрекет жасайсың, соған орай бейнеге енесің. Бұл ретте саңлақ актеріміз қазақтың ежелден келе жатқан айтыс деген киелі өнерінің мәніне бойлай алмағанын байқатты.

 

Бұдан соң қазылар алқасының екінші бір мүшесі Алтынбек Қоразбаев Дидар Қамиевтің: «Қолтықтап қу ағашты мен де келдім», – деген сөзі үшін қатты ренжігенін білдірді. «Домбыра – қазақтың аса киелі аспабы. Оны қу ағаш деп жер соқтырғаның болмады», – деп кінәлады. Жүрсін Ерманов: «Дидардың домбыраны олай деуінің сөкеттігі жоқ. Ертеде талай ақын домбыраны солай деп атаған», – деді. Жүрсіннің уәжіне пікір қосқан айтыскер ақын Бауыржан Халиолла ертеде өткен аузы дуалы ақындардың өлеңдерінен үзінді келтіре отырып қуаттады. Алайда тағы бір сөз орайы келгенде Алтынбек Қоразбаев: «Бәрібір домбыраны «қу ағаш» деу көңіліме қонбайды», – деді.

Біз ойланып қалдық. Ақындардың тілінде ертеден келе жатқан, тыңдаушыларының бәрі күмән-күдіксіз қабылдаған бұл сөз Алтынбектің көңіліне неге қонбады екен, ә? Осы тұста көңілімізге ұлы Абайдың: «Көңіл сенбей, сенбеңіз, бір іске кез келсеңіз» деген сөзі орала кеткені. Е-е, мәселе сонда екен ғой. Енді оған көңілді қалай сендірсек екен? Олай болса, осы «қу» сөзінің мән-мағынасы қандай? Соны қуалап көрейікші. Бұл өзі аяр, алдамшы, жылпос, суайт дегенді білдіре ме? Домбыраның ондай жағымсыз ғадеттерге қандай қатысы бар? «Қу» деген сөз тағы қандай тұстарда айтылатын еді? Ә-ә, жағайын деген отын тұтандыра алмай жатқандар «астына қу шөп сал»,  «қу тезекті қала», тіпті «қу отын әкел» деп жатпайтын ба еді? Демек, мұндағы «қу» сөзі құрғақ, кепкен дегенді білдіріп тұр ғой. Ендеше, қу (қураған), кепкен отын, бұта, шөп… болмаса, отыңыз оңайлықпен тұтанбайды. Сол тәрізді дымқыл ағаштан соқсаңыз, домбыраңыз да мыңқылдап, үнін еркін шығара алмайды, бықсып, түтіндеп, көзіңізді түйнеп, жас ағызып, шала жанған от сияқты  әуреге салады. Домбыра шешен сөйлеуі үшін мейлінше кепкен, қураған ағаштан соғылуы керек. Ендеше, қу ағаш домбыраңыздың тілін төгілдіріп, құйқылжытып жіберер болса, «қу» сөзінің соншалық үрейлі емес, керісінше, қасиетті болғаны,  құдірет дарығаны!

Алтынбекке осылай айтып түсіндіргенде жүрегі елжіреп, сандуғаштай сайраған сол «қу ағашты» құшақтай алар еді ғой! Міне, енді «қу ағаштың» шын мағынасы табылды. Осы жерде тағы бір ұлы суреткеріміздің сөзі ойға оралып отыр. «Сөзді тапқан жеріңде иелен, ол сенікі», – деген болатын Мұхтар Әуезов. «Тапқан жеріңде» дейді. Ал оны қалай табамыз? Мәселе сонда! «Тапқан жерде» деп, естіген бойда емес, оның мән-мағынасын дәл анықтап, ұққан кезіңді айтып отыр заңғар жазушы.  Сонда ол сөз сіз үшін қалтқысыз қызмет ететін болады. 

Сөз орайы келгендіктен, осы тұста тағы бір жайды айтпай кетуге болмайтын сияқты. Ол – ақындар айтысына кім қазылық етуі керек деген мәселе. Иә, ақындар айтысының бағасын кім беруі керек? Жаңа осының алдында актерлік өнердің академигі, қазақтың аса талантты перзенттерінің бірі Асанәлі Әшімовтің айтысты бағалауы ұшқарылау болғанын айтып өттік. Сол сияқты осы айтыста Әсия Беркеновадан өзгелер бұл жауапты міндетке дұрыс таңдалған ба деген сұрақ туады. Намазәлі Омашевтің ғылым докторы, профессор екенін білеміз. Өз ісінің үздік білгірі. Солай бола тұра, «Платон – менің досым, бірақ шындық қымбатырақ» дегенді мойындар болсақ, оның мамандығы ­– журналист. Ақын емес, тіл маманы да емес, нақты айтқанда, ол – радиожурналистиканың жанрлары мен тарихының зерттеушісі. Жарайды, егер ақындықты, тіл өнерін жетік меңгерген болса, сөзімізді шығын етпес едік. Ал Бауыржан айтыс ақыны болғанмен, сөздің қыр-сырын, шығу тарихын, табиғатын білетін болса, ертедегі ақындардың домбыраны қу тақтайға неге теңегенін ашып көрсеткен болар еді. Ол қадамға Жүрсіннің өзі де бармады. Демек, тілдің жаратылысын, оның табиғатын бұлар да жетік біле бермейді деген сөз. Осы тұста қазылық етушілердің қатарында сөз өнерінің жілігін шаққан білгір маманы отыруы керек екені көрініп-ақ тұрды.

Егер тіл табиғатын, оның құдіретті қуатын жетік білетін маман отырғанда келесі аптадағы Анар Жаппарқұлова мен Мақсат Атхановтың айтысында қарсыласына қарағанда әлдеқайда ұтымды әрі салмақты ойлар айтқан Анарға төмен баға берілмеген болар еді. Анардың өнерінің дұрыс бағаланбағаны  үшін Жүрсіннің өзі біраз қиналыс білдірді. Ол жайында пікір айтқан Бауыржан Халиолла да Анар ақынның қарсыласына қарағанда әлдеқайда мықты болғанын жеткізді. Оны айтыс соңынан ойын білдірген Мақсаттың өзі де мойындады. Қысқасы, ақылдастар алқасы қатарындағы бір сарапшының қателігінен сәтсіздікке бір ақын ғана ұшыраған жоқ, жалпы айтыс өнерінің мәртебесіне нұқсан келді.  

Мұның өзі айтыс өнеріне қазылық жасауға, негізінен, ақындар мен тіл мамандарын шақыру қажет екендігін ұқтырады. Көпке танымал екен деп, ол істі өзге саланың өкілдеріне тапсыру ­ мүлдем теріс бағытқа бұрып кетеді.  Оны ең алдымен шаршамай-талмай, айтыс өнерін қырық жылдан бері құлағынан сүйреп келе жатқан Жүрсіннің өзі ойлануы керек.

Кемелбек ШАМАТАЙ 

«Жас Алаш» газеті, 29 наурыз 2018 жыл

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.