Мәскеудің Тверь аудандық соты сенбі күні «Сумма» компаниялар тобының иесі миллиардер, Forbes журналы Ресейдегі ең бай адамдар тізіміне енгізген Зиявудин Магомедовті екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Кәсіпкерге «ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында 2,5 миллиард рубль жымқырған» деген айып тағылған.

Магомедов тағылған айыптарды мойындамайды. Оның адвокаты Александр Вершинин бизнесменді 2,5 миллиард рубльге кепілге босатуды сұраған, бірақ сот оны қанағаттандырмады.

Адвокаттары Зиявудин Магомедовті тұтқындау туралы сот шешіміне шағым түсіретіндерін мәлімдеді. «Сумма» компаниялар тобы қорғаушылар өтінішіне қолдау білдірген.

Зиявудин Магомедовпен бірге оның інісі әрі бизнес әріптесі Магомед Магомедов және «Сумма» тобына қарасты құрылыс компаниясының жетекшісі Артур Максидов екі айға тұтқындалған.

Зиявудин Магомедовтің ісі бойынша сенбі күні өткен сот отырысында айыптаушы тарап бизнесмен бір өндіріске біріктірілген бірнеше қылмыстық іс бойынша күдікті саналатынын айтқан. Ол істерде екі жүзден астам заңды тұлғалар аталған. Прокуратура болжамынша, Маговмедов жымқырған қаржы оның бақылауындағы офшорлық компаниялардың есеп-шоттарында жатыр. Айыптаушы тарап күдіктінің шетелге жиі баратынын, мысалы, наурыздың 31-і күні Майамиге ұшпақшы болғанын айтқан.

Бұған қоса прокуратура өкілі Магомедовтің «саяси топтар арасында» байланысы бар деп мәлімдеген. Бұған дейін кей басылымдар бизнесмен Зиявудин Магомедовтің Ресей вице-премьері Аркадий Дворковичпен байланысы туралы жазған. Ресейлік оппозицинер әрі жемқорлықпен күресу қорының негізін қалаған Алексей Навальный 2015 жылы «Магомедов Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың демалысын қаржыландырған» деп мәлімдеген.

Құқық органдары Зиявудин Магомедов пен «оның сыбайластары» деген күдікке ілінгендерді ұстар алдында «Сумма» компаниялар тобының кеңсесі мен миллиардердің үйінде тінту жүргізген. Ішкі істер министрлігі өкілдерінің мәлімдеуінше тоғыз күдікті бар қылмыстық іс бойынша Ресей федерациясының 25 субъектісінде тергеу амалдары жүргізілген.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.