Былтыр тамызда Криминалдық полиция басқармасының басшысы Ерлан БЕКТҰРҒАНОВТЫ жарақаттап, бұрынғы полиция қызметкері, Байзақ аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Марсель ЖЕТПІСБАЕВТЫ пышақтаған Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті экстремизмге қарсы күрес басқармасының бұрынғы бастығы Мұрат ҮМБЕТӘЛИЕВ «бостандыққа» шықты.

Мұрат Үмбетәлиев оқиға орнынан ізін суытып, қашып кетіп, арада тоғыз күн өткеннен кейін барып қылмысын мойындап әріптестерінің алдына өзі барған болатын.

Судья Жамбыл Жұмабеков: «Үмбетәлиев кінәлі деп танылсын. Ол мүлкі тәркіленбей, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілсін. Сонымен қатар, Үмбетәлив подполковник шенінен айырылсын» деген үкім шығарған. Алайда, сот шешімімен келіспеген айыпталушы тарап аппелациялық шағым түсірген еді. Бұл ретте, күні кешегі өткен сот отырысында жеңіске жетіп, оған тағылған екі немесе одан да көп адамның өміріне қастандық жасау, «денсаулыққа әдейі ауыр жарақат салу» деген айыпты «бұзақылыққа» ауыстырды. Нәтижесінде, сырттай бес жылға сотталды демесеңіз, Үмбетәлиев  бостандыққа шықты.

«Бамбук» лақап атымен өңірге жақсы таныс М.Үмбетәлиевті шулықтар қолдан қылмыскер жасайтын полиция деп біледі. Айталық, бірер жыл бұрын Шу ауданының тұрғындары Үмбеталиевке қарсы наразылықтарын білдірген. Оған сол ауданда есірткі саудасымен айналысады деген күдікпен көптеген жастардың жазықсыз ұсталып жазалануы себеп болған еді. Сол кезде ата-аналар: «Олардың қалталарына есірткіні өздері салып жібереді. Сонан соң  үстілерінен іс қозғап, оларды абақтыдан алып қалу үшін қомақты қаржы талап етеді. Сұраған ақшасын тауып бере алмаған біз сияқтылардың балаларын қамайды. Ал анығында сол іспен айналысып жүргендер сұрағанын беріп, құтылып кетеді. Бұл операцияларды ұйымдастырушы Үмбеталиев деп есептейміз» деген болатын. Осылайша баласы үшін шырылдап шындық іздеп шыр-пыр болған ана Майра Рысманова ақыры әділдік таппай, 2016-шы жылдың 6-шы желтоқсаны күні Астанада Бас прокуратура ғимаратының алдында өзін-өзі өртеп о дүниеге аттанып кете барды. Сол оқиғадан кейін Бас прокуратурадан Жамбыл облысына арнайы топ келіп, тексеру жұмыстарын жүргізген болатын. Алайда, Мұрат Үмбеталиевке ешқандай жаза қолданылмады. Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы да  оны қорғап, шаң жуытпаған.Тіпті, «Қылмыстық топ серкелерін темір торға тоғытып, Шуға тыныштық орнатқан осы Үмбеталиев. Нашақорларға қырғидай тигені үшін тұрғындарға жақпай отыр. Ол өз ісінің маманы. Бұл дау қылмыстық топтың серкесі қолға түскен соң туындап жатыр. Біздің қызметкердің үстінен талай арыз түскен, бірақ біреуі де дәлелденген жоқ», — деп ресми жауап берген болатын.

Ал әріптестерін пышақтап, тоғыз күн өткеннен кейін әзер бой көрсеткен Үмбетәлиевті сол кезде де «судан ақ, сүттен таза» шығып кетуі мүмкін дейтіндердің қарасы көп болған. Әсіресе, інісінің темір торға тоғытылуына Үмбетәлиевті кінәлі деп білетін, сол үшін анасы бас прокуратураның алдында өзін-өзі өртеп қаза болғанын әлеуметтік желіге шығып айтқан Ақмарал Ахметова оның осы жолы да жазадан оңай құтылып кетпеуін сұрап, зар еңіреп жылағаны жұртшылық есінде. 

Нұрболат ӘЛДИБЕК, Жамбыл облысы

Фото:stan.kz

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.