Әлеуметтік желілерде «Осы жексенбіде Брюссельде Қазақстанның жаңа оппозициялық партиясы құрылады екен» деген абың-күбің әңгіме желдей есіп тұр. Бұл туралы  ақпаратты алғашқы болып «Республика» медиа-тобының бұрынғы шеф-редакторы және құрылтайшысы Ирина ПЕТРУШОВА Facebook парақшасында хабарлаған. Петрушованың жазуынша, жақын күндері елге белгілі бірқатар танымал саясаткерлер, қоғам қайраткерлері мен журналистер Брюссельге барып, Әкежан Қажыгелдин және Бергей Рысқалиевпен кездесіп, үлкен жиын өткізетін көрінеді. Осы басқосуда «Жаңа Қазақстан» атты оппозициялық партия құрылуы ықтимал.

И.Петрушованың бұл ақпаратын растап жатқандар бар. Мәселен, танымал блогер Жанна Бота Брюссельге барады-ау дейтіндердің атын атап, түсін түстеп шыққан. Оның айтуынша, Бельгияға саясаткер Әміржан Қосанов, ұлт патриоттары – Айдос Сарым мен Расул Жұмалы, журналистер – Гүлжан Ерғалиева, Ермұрат Бапи, Мирас Нұрмұхаметов пен Назира Дәрімбет, АҚШ-қа ауған суретші Қанат Ибрагимов, құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов және Польшадағы оппозиционер Бали Мажец бармақ. Бұлардың сапарын жақында Ұлыбритания азаматтығын алған Серікжан Мәмбетәлин ұйымдастырса, жол шығынын Атыраудың бұрынғы әкімі, Ұлыбританиядан саяси баспана алған, Қазақстанда бірқатар қылмыс жасап, қаржы қымқырды деген айыпқа ілінген Бергей Рысқалиев көтеріп алған-мыс. Оны былай қойғанда, «Жаңа Қазақстан» оппозициялық партиясын Ә.Қосанов басқарады деген ақпараттың шеті шықты.

Жиынға қатысады деушілердің бірі, Польшадағы оппозиционер Бали МАЖЕЦ қазақстандық бір топ оппозиционердің Брюсельде бас қосып, Еуропарламент депутаттарымен кездеспек екенін сол  баяғы Facebook-те растаған. Тіпті Б.Мажец бұл жиында нендей мәселелердің көтерілетінін егжей-тегжейлі жіліктеп, жазба жариялаған. Алайда көп ұзамай, ол жазбаны жойып, орнына «Брюсельдегі конференцияға бармайтын болдым» деп жазыпты.

Бұл аздай, осының арасынша жаңадан құрылуы мүмкін оппозициялық партияға қатысты пікірін білдірген белгілі публицист Сергей ДУВАНОВ сөз арасында «мені де осы жиынға шақырған еді, бірақ дер кезінде бас тарттым» деп қалды.

И.Петрушова бастаған Әблязовтің жақтастары егер алда-жалда жаңа оппозициялық партия құрылып жатса, ол билік экстремистік деп таныған М.Әблязовтің «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясын әлсірету үшін Ақорданың ойлап тапқан жобасы болуы бек мүмкін деп топшылайды. Осыдан дәл жарты жыл бұрын М.Әблязов Қазақстанда биліктің келісімімен жаңа оппозициялық партия құрылатынын мәлімдеген еді.

Әлеуметтік желіде есімдері аталған адамдар расымен Брюссельге барып, онда оппозициялық партия құрмақ па? Мұның рас-өтірігін білу үшін сол адамдардың өздеріне хабарласып көрген едік.

Журналист Гүлжан ЕРҒАЛИЕВА өзінің Брюссельге баратынын бірден жоққа шығарды, бірақ ол жиын туралы естігенін айтты. «Бұл туралы естігенім бар, бірақ өзім бармаймын. Сондықтан бұл сұрақты маған емес, өзгелерге қойғаныңыз жөн шығар. Шынымды айтсам, кімдердің анық баратынын да білмеймін. Бірақ оларды қолдаймын», – деді ол.

Сарапшы, ұлт патриоты Расул ЖҰМАЛЫ әзірге бұл мәселе бойынша түсініктеме бермейтінін жеткізді, бірақ өзінің Брюссельге баратынын жоққа да шығармады. «Әзірге қандай да бір ақпарат беру ертерек. Сәл кешірек берейін. Құпияда ұстап отырған ештеңе жоқ. Бірақ әзірге бөлісетін нәре де жоқ», – деді ол.

Саясаттанушы Айдос САРЫМ осы жексенбі күні Брюссельге баратынын растады, бірақ онда нендей жиын болатынын ашып айтпады. «Келгеннен кейін айтып берсек қалай болады? Қазір айтатын тақырып жоқ. Баратынымыз рас. Өзіміз сол жақтағы қазақтармен кездесеміз, сөйлесеміз», – дейді А.Сарым.

Журналист Нәзира ДӘРІМБЕТ те бұл мәселеге қатысты әзірге түсініктеме бермейтінін айтты. «Бұл туралы кейінірек әлеуметтік желідегі парақшамда жазатын боламын», – дейді ол.

Саясаткер Әміржан ҚОСАНОВқа хабарласып көріп едік, ол телефон тұтқасын көтермеді. Журналист Ермұрат БАПИ мен құқық қорғаушы Ғалым АҒЕЛЕУОВтің телефондары сөндірулі болды. Соған қарағанда, бұл азаматтар Брюссельге жол жүріп кеткен болуы мүмкін. Біз хабарласа алған кейбір адамдар Брюссельге баратындарын жоққа шығармағанына қарағанда, осы жексенбі күні Бельгия астанасында бір топ қазақстандық расында жаңа оппозициялық партия құрып, елді елең еткізуі ықтимал. «Жас Алаш» бұл мәселені назарда ұстайтды.

Зере ЖЫЛҚЫБЕК.

Көрнекі сурет Ирина Петрушованың Facebook парақшасынан алынды

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.