Германия соты Карлес Пучдемонды кепілге босатты

48


Германия соты Каталонияның бұрынғы басшысы Карлес Пучдемонды экстрадиция мәселесі шешілгенге дейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатты. Саясаткерді босатуға 75 мың еуро кепіл қойылған.

Сот қаулысы бойынша, Пучдемонды Испанияға бүлік ұйымдастыру айыбы бойынша экстрадициялау мүмкін емес. Испания билігі Пучдемонды сонымен қатар мемлекет қаржысын жымқырды деп айыптап отыр. Сот саясаткерді бұл айып бойынша экстрадициялау мәселесін кейінірек қарайды.

2017 жылы қазанда Каталонияда айма тәуелсіздігі туралы референдум өткен. Испания билігі референдумды заңсыз деп жариялап, автономияға орталықтан тікелей басқару енгізген. Мадрид Каталонияның бұрынғы басшысы Карлес Пучдемон мен жақтастарын бүлік ұйымдастырмақ болды деп айыптайды. Пучдемон мен жақтастары Испания билігінің қудалауынан қауіптеніп, аймақтан кетіп қалған. Испанияда олар көп жыл түрмеге жабылуы мүмкін.

Пучдемон 25 наурызда Германияда Даниямен шекарадан өткен соң ұсталған. Былтыр қарашада Испания жоғарғы соты оған халықаралық іздеу жариялаған. Каталонияда Пучдемонның ұсталуына қарсы жаппай шеру өткен.

Дереккөз:Азаттық радиосы

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.