Қазақ оппозициясының осы жексенбі және дүйсенбі күндері Брюссельде өтетін жиынына қатысатындардың бірі, тәуелсіз журналист, «ДАТ» газеттер жобасының бас оқырманы Ермұрат БАПИ бізге берген сұхбатында ол басқосуда «Жаңа Қазақстан» оппозициялық партиясы құрылатынынан хабары жоқ екенін кесіп айтты. Е.БАПИ қатысушылардың жол шығынын Қазақстанда ақша қымқырды деген айыпқа ілінген Атырау облысының бұрынғы әкімі, Ұлыбританиядан саяси баспана алған Бергей РЫСҚАЛИЕВ көтеріпті деген ақпаратқа қанық емес екен.

– Брюссельдегі қазақстандық оппозицияның жиынына барасыз ғой?

– Барамын… Сенбінің түнінде жолға шығайын деп отырмын.

– Ол жиында не мәселелер талқыланбақ?

– Өзім ұйымдастырушы болмағаннан кейін, нақты күн тәртібін білмеймін. Бірақ Еуропа Кеңесінің Парламенттік ассамблеясы депутаттарымен және тағы  бірқатар халықаралық ұйымдар өкілдерімен кездесулер болатынын білемін. Маған қызығы – негізінен осы кездесулер. Бұдан бөлек, егер естеріңізе болса, біздің газетте төрт бетке басылған, Қазақстан оппозициясының шетелдік бюросы ұсынған  «Назарбаевтан кейінгі кезең» атты заң жобасын талқылау болады.

Ал әлеуметтік желілерде желдей есіп жүрген – «Жаңа Қазақстан» оппозициялық партиясы құрылады екен деген – бос сөз. Мен ондай партияның жарғылық және бағдарламалық құжаттарынан бейхабармын. Тіпті, егер жаңа партия құру жөнінде ұсыныс түсе қалған жағдайдың өзінде, мен ондай партияға кіремін бе, оны қолдаймын ба – бұл мен үшін жеке саналық талқылауымнан өтпеген тақырып.

Сонда мүлде ешқандай партия құрмайсыздар ма?

– Жоқ, әлдекімдер партия құру жөнінде талпыныс танытуы мүмкін. Бірақ оны кім тіркейді? Қазақстанның жағдайында партия түгілі, газет тіркеудің қиямет-қайым екенін білеміз ғой – бос әурешілік не керек? Кім және не үшін керек?

– Енді сонша саясаткер бірігіп бас қосады екенсіздер…

– Мен үшін бұл басқосудағы тағы бір қызғылықты тақырып – жоғарыда өзім айтып өткен «Постназарбаевтық кезең» заң жобасын талқылау. Назарбаев мырза қаласын-қаламасын, биліктің ауысу кезеңі тақап қалды. Қазақстанда президент қалай ауысады, жаңа заң негізіндегі сайлау қалай өтеді, парламентке қандай өкілеттіліктер беріледі және т.б. мәселелер егжей-тегжейлі қамтылған сол заң жобасын талқылаймыз. Ал сол жиында дауыс беріп мақұлдаған соң, біз оны заң ретінде қабылдай алмаймыз ғой. Одан кейінгі процедура маған әзірге белгісіз: оны сөреге салып сүрлеп қоймайтын шығар – не ҚР парламентіне ұсынылады, не Венециан комиссиясының талқысына жіберіледі. Нақты қалай болары маған белгісіз.

– Жиынды Қажыгелдин мен Рысқалиев ұйымдастырып жүр екен делініп еді?..

– Мұның бәрі мән-жайды білмейтін адамның сөзі. Әкежан мырза талқылаушы топтың бір мүшесі ғана. Рас, ол заң жобасын дайындауға жетекшілік етті. Ал нақты ұйымдастырушыларға келер болсақ, менің білетін және маған шақырту салған – Қазақстан оппозициясының шетелдік бюросы.  Сондықтан ұйымдастырушы анау екен, мынау екен деген қаңқу сөздің мен білетін тоқетері – осы.

– Сонда баратындардың жол шығынын Рысқалиев өтепті, сапарды Серікжан Мәмбетәлин ұйымдастырып жүр екен деген әңгіме қайдан шықты?

– Өз басым Бергей Рысқалиевтің қайда екенін білмеймін. Ол өзіме шыққан жоқ. Менің жолымды Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюрсы көтеріп алды. Жиынға кел деп шақырту салған ­– осы бюроның жетекшісі Серік Медетбеков. Ал Бергей Рысқалиев Қазақстаннан кеткелі бері оның не істеп жүргенін білмеймін, одан еш хабарым жоқ. Ал Мәмбетәлин туралы әңгіме неден және қайдан шыққанын біліп отырмын. Ол өткенде «Фейсбукте» Рысқалиев екеуінің бірге түскен фотосын жариялады. Яғни олар бір жерде кездескен. Осыдан соң, Мәмбетәлин бастамашы топтың ішінде жүргеннен кейін, «ұйымдастырушы – осы» деген долбар шыққан сияқты.

– Ал оппозициялық партия құрылады екен деген әңгіме неге шықты сонда?

– Ондай нәрсе маған айтылған жоқ. Одан хабарым жоқ. Тіпті ондай сөз қайдан шыққанын да білмеймін.

– Ол сөзді әлеуметтік желіде «Республика» медиа тобының бұрынғы жетекшісі Ирина Петрушова айтты.

– Сол жиынға жол жүріп жатқан мен білмегенді Петрушова қайдан біледі?! Ирина ханымдікі де өзбектің «екі қос уыс – бір келі» дегені сияқты шама. Жеке менің өзіммен партия құру туралы әңгіме болған жоқ. Қайталап айтайын: Қазақстанның қазіргі жағдайында партия құру деген – бос сөз.

Алашапқын болып, партия құрғанымен, оны тіркемейді. Тіркеуге алмаудың сан түрлі амалын табады. Назарбаев режимі жағдайында партия құру мүмкін де емес. Партияны тіркету үшін 40 мың,  80 мың, тіпті 100 мың адамның қолын жинарсың. Артынан сол мыңдардың ішінен «мен бұған қол қойған жоқпын» деп 20 мың адам шығады. Шығарады! Ақысын төлейді. Ал сосын дәлелдеп көп. Содан соң сол 20 сатқын қазақтың кесірінен алаөкпе болған барлық тірлігің құрдымға кетеді.

Осы бізге қажет пе? Мысалы үшін, маған тіпті де қажет емес. Осы күнге дейін төрт партияның жұмысына араластым. Мұның бәрі «Қазақстан Республикасының халықтық партиясы» (РНПК), «Нағыз Ақ жол», «Азат» партиясы, «Азат» пен ЖСДП біріккен тұста басымнан өтті ғой. Енді соның бәрін біле тұрып, сол машақатты қайталағым келмейді. Бізге қоғамды және билікті өзгертудің жаңа жолы қажет. Ол қандай жол – оның сұлбасы осы сапар кезінде анықталады деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Елнұр Бақытқызы.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.