Павлодар облысындағы Черноярка елді-мекеніндегі кәсіпкерлердің айтуынша, быртырға дейін олар Ертістен келетін суармалы судың бір текше мерті үшін 9 теңге төлеп келіпті. Ал быртыр оның құны 3 теңгеге өсіп, 12 теңге болған. 30 жылдан бері көкөніс егумен айналысатын Владимир Кошевой бағаның аяқ астанда өзгеруі біраз қиындық әкелді дейді. Шаруа су құны биыл тағы өссе, бұл саладан кетуден басқа амал жоқ деп отыр.

Ертістің суы қымбаттамақ...

Тарифтің өсуі алдымен отбасылық бюджетке әсер етеді.Сондай-ақ, биылғы картоп, сәбіз, қызылшаның өзіндік құнына да септігін тигізеді. Былтыр ғана су бағасын 75 пайызға өсірген еді. Тағы көтерсе, шығынға белшеден батып, еңбегіміз зая кетері анық,- дейді шапуа Владимир КОШЕВОЙ.

Тіршілік нәрі қымбаттаса шығынға ұшырайтындарын чернояркалық өзге шаруалар да түсініп отыр. Тұрғындар су бағасының өсуі биылғы көкөністердің өзіндік құнына да әсер етпей қоймайды деп отыр. Қоғамдық тыңдау барысында суармалы су бағасын биыл 10 теңгеге өсіруді ұсынған жауапты станция басшысына жиналған жұрт түгел наразылықтарын білдірді.

Жын ұрғандай бағаны биыл тағы 85 пайызға көтеруді ұсынып отыр. Бұл масқара ғой. Әлде біздің судан басқа шығынымыз жоқ па?Осы саланы дамытыңдар дейді. Онда неге соған жағдай жасамайды? Бұлай далғаса берсе, бау-бақша кәсібі құриды,-дейді жергілікті шаруа Виталий ФАХРУДИНОВ.

Ертістің суы қымбаттамақ...

Осы мәселеге орай ұйымдастырылған қоғамдық тыңдауға Чернояркадағы ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының иелері түгел жиналды. Ал егіс аумақтарына Ертіс суын жеткізіп отырған станция басшысының оларға өз айтары табылды. 1965 жылы салынған суару жүйесінің бүгінде құбырлары шіріп, әбден тозған көрінеді. Ал Черноярка елді-мекеніндегі су жүйесінің жалпы ұзындығы 57 шақырымға жетеді. Бұл жүйені жөндеу немесе ауыстыру үшін қазынадан көк тиын да бөлінбепті.

Жарты ғасыр бұрын салынған су жүйесі бүгінде әбден тозған. Былтыр 37 миллион теңгеге Қарағанды қаласынан 865 метр құбыр алдырттық. Күн жылысымен оны орнататын боламыз. Ал 57 шақырым жүйені түгел жаңарту үшін қыруар ақша керек. Бұған бюджеттен ақша қарастырылмаған. Бұған қоса, электр энергиясы мен жанар-жағармайдың да бағасы шарықтап кетті. Оған жұмыскерлеріміздің жалақысын қосыңыз. Сондықтан осындай ұсыныс жасадық,- дейді «Адис» ЖШС директоры Аман СИМАМБАЕВ.

Черноярка елді-мекенінді бүгінде бағбаншылықпен шұғылданатын 120-дан аса шаруашылық бар. Олардың өнімі еліміздің өзге өңірлерімен қатар, көрші Ресей нарығында да сұранысқа ие. Бұған қоса, шарулар елді-мекен тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Кәсібі өрге басқан қожалық иелерінің бірнеше жылдан бері тамшылап суару тәсіліне көшкенін айта кетейік. Бағаның өсуіне дәл осы жүйе себеп болуы мүмкін дейді олар. Өйткені, үнемді технологияның арқасында шаруалар тіршілік нәрін бұрынғыдан қарағанда аз қолдана бастаған.Бұдан соң суға жауапты станция басшылары бағаны көтеріп жіберіпті. Дегенмен, қоғамдық тыңдалымнан кейін, жергілікті антимонополия комитетінің өкілдері су құны биыл қымбаттамайды деп уәде беріп кетті. 

Әйгерім Жетпісова, Павлодар

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.