Ақмола облысына қарасты Макинск кентінде құс фабрикасын салып жатқан 30-ға жуық құрылысшы бес айдың жалақысын ала алмай жүр. Бала-шағасын асырау үшін Көкшетау мен Астананың елдімекендерінен келіп  қара жұмысқа кірген олар құрылыс компаниясының сан соқтырып кеткенін айтады. Жұмысқа қабылдағанда әрқайсысына ай сайын 100-180 мың теңге төлейміз деп уәде еткен басшыны да көре алмай жүрген көрінеді.

Құс фабрикасының аумағын жағалап жүрген  азаматтар 2017 жылдың қыркүйегінде «Мирас групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен үш жылға келісімге отырғандарын айтады. Алайда, «бес ай істегеннен кейін қолымызға азын-аулақ қаражат берген серіктестік басшылығы жұмыстан босатылғанымызды айтып, шығарып салды. Содан бері екі ай өтсе де, келісімшартта көрсетілген соманы ала алмай жүрміз», – дейді олар.

Құс фабрикасының құрылысшылары жалақысыз жүр

Балалардың киім-кешегі, тамағын табу қиын боп кетті. Мына нөмірге күнде телефон шаламыз. «Келер жұма болып қалар, күте тұр, күте тұр» деумен келеді. Сонымен, әлі күтіп жүрміз ғой, – дейді жалақысын ала алмай жүрген жұмысшылардың бірі Манатбек АЙТҚАЖЫ.

Құрылыс қыс мезгілінде уақытша тоқтатылғандықтан, серіктестікте қаражат болмады деген аумақ басшысы алдағы айда мәселенің толық  шешілетінін жеткізді.

Осы айдың аяғына дейін бәрін алады. Кеше түсіндірдік мұны. Әкімдік, аудандық прокуратурадан кісілер келіп, соларға түсіндіріп, 4-ші және 5-айдың аяғына дейін жалақысын толық алатын болады, – дейді «Мирас групп» ЖШС аумақ басшысы   Дәурен ТӘҢІРБЕРГЕНОВ.

Серіктестіктің жұмысшылары ақшадан ғана емес, жұмыстан да қағылдық дейді. Өйткені өздерінің орнына басқа адамдар істеп жатқан көрінеді. Бірақ Дәурен Тәңірбергенов бұл сөздерді жоққа шығарды. Оның айтуынша, келісімшарт бойынша бұл азаматтар әлі 3 жыл жұмыс істейтін болады.

Ерболат Асылбеков.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.